Қоғам

Елге танымал егіз ұл

     Таскескендік Жұматай Тұраров 1972 жылы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті «жақсы» деген бағамен тәмамдап, соңғы қоңырау салтанатында иығына бірінші сыныптың бүлдіршіні Самалды отырғызып, алқақотан жұртты  айналып шыққан сәтте өзінің өмірлік жары осы қара қыз боларын сезді дейсіз бе?!

Сол күні Жүкеңнің иығына отырып, күміс қоңырау сыңғырлатқан  Самалдан бүгінде үш ұл, үш қыз сүйіп, оның «Күміс алқалы» батыр ана боларын білген жоқ, әлбетте.  Тіпті сүт кенжелері Бақтияр мен Даниярдай егіз ұлдарының грек-рим күресінен Шығыс Қазақстанның, Алматы облысының сайыстарында жеңімпаз атанып, Бақтиярдың Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Даниярдың үш мәрте жүлдегері боларын да сезген жоқ.

…Күрестің  қыры мен сырына қаныға бастаған Бақтияр мен Даниярды баулуды талантты жаттықтырушы Айдын Бесжанов Лепсі станциясында жалғастырады. Республикадағы үш үздік мектеп-интернаттың қатарына кіретін Лепсіде Тұраровтың егіз ұлдары әйгілі меценат Бауыржан Оспановтың көзіне түседі. Баукең тамаша нәтиже көрсетіп жүрген таскескендік егіз ұлдың жаттықтырушысы Айдын Бесжановқа да жағдай жасап, Лепсіге алдырып алады. Көп ұзамай бұлар олимпиадалық резерв даярлайтын республикалық мектеп-интернатқа ауысып, жаттықтырушылары Айдын Бесжанов пен Мадияр Тұрғанбеков болды.

– Таскескендік Айдын бауырыма өзгеше ризашылығымды білдіргім келеді. Осы ұлдарды боз кілемдегі белдесулерге баулып, күні бүгінге дейін жаттықтырып келе жатқан Айдын Бесжановтың, шын мәнінде, балуан болар өренді танитын қасиеті бар екен десем, артық айтқандық емес, – дейді Жұматай ағамыз.

Бұл жерде де талантты жасөспірімдер өздерін көрсете білді. Жас спортшы Бақтияр Тұраров – белгілі балуан Нұрбақыт Теңізбаевтың турнирін төрт рет ұтқан өрен. Қыркүйек айынан бері қарай үш айдың шінде Бақтияр мен Данияр республика көлемінде өткен төрт турнирдің жеңімпаздары болып үлгерді. Жалпы, Бақтияр мен Данияр Тұраровтар боз кілемде белдесіп жүрген алты жылдың ішінде 60-тан астам турнирге қатысып, 100-ден астам медальды иеленіпті. Егіз ұлдардың жеткен жетістіктеріне қанық таскескендіктер оларды әкелері Жұматай Тұраровқа тартқан талантты спортшылар дейді. Өйткені өткен ғасырдың сонау 60-шы жылдардың аяғы, 70-ші жылдардың басында Аягөз, Үржар өңіріне әйгілі болған Жұматай туабітті спортшы еді. Қос аяғымен қайшылап, 1 метр 75 сантиметр биіктіктен қарғып өтетін -ді. Ол – допты хоккейден Аягөз ауданы құрама командасының мүшесі, волейболдан Таскескен ауданы құрама командасының капитаны болған адам. Сондай-ақ Жүкеңнің студент кезінде шаңғыдан 15 шақырымдық қашықтыққа жүгіруден Алматы қаласының чемпионы болғанын бүгінде біреу біледі, біреу білмейді.

– Бұл күндері осының бәрі ертегі сияқты көрінетіні рас. Әттең, қазір ойлап отырсам, бізді ары қарай қолдап, демеп кетер жан болмапты. Бүгінгі жастар бақытты ғой. Тәуелсіздігіміздің арқасында халықаралық, әлемдік ареналарға шығып жатады. Осының бәрі ел Тәуелсіздігінің арқасы деуге болады. Сондықтан да оны қадірлеп, қастерлей білуіміз керек, – дейді Жұматай  Тұраров. – Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің студенті, қызым Салтанат Тұрарова да – үстел теннисінен Үржар ауданының бес дүркін чемпионы, волейболдан университеттің құрама командасының мүшесі.

Тәуелсіз Қазақстанда туған таскескендік талантты ұлдардың халықаралық ареналарда еліміздің туын желбіретер күндері алыс емес.

Берікхан Тайжігіт

 Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button