Елге келіп, «Еміл» деген асхана ашты

Манап пен Гүлмираның атамекендеріне қоныс аударғандарына көп бола қойған жоқ. Осы уақыт ішінде ерлі-зайыпты қандастарымыз әр істе өздерін сынап көрді десе болады.
Манап Қытайдың Үрімжі қаласынан кіші дәрігерлік оқуын тәмамдаған. Мұнда қоныс аударысымен, Үржар ауылында Самархан Беделбаев деген білікті дәрігердің жекеменшік стоматологиясында бес жыл қызмет етті. Гүлмира арғы бетте ұстаздық қызмет жасағанымен, мұнда онысын жалғастыра алмады. Жуырда ерлі-зайыптылар ақылдаса келіп, аудан орталығында бос тұрған ғимаратты жалға алып, асхана ашты. Маңайында ұйым, мекемелер мен кеңселер топтасқан бұл жер негізі сауда жасауға, асхана ашып, кәсібіңді жүргізуге қолайлы орын.
-Асхана ашып, жұртқа қызмет ету – бұрыннан ойда жүрген іс еді,-дейді Гүлмира Рамазан. – Жолдасым Манап Ахметжанұлы осы кәсіпті қолай көргеннен соң, көп ойланып-толғанбай, білек сыбанып кірісіп кеттік. 70 адам сыйатын асхана үнемі аузы-мұрнынан шығып толып кетеді дей алмаймыз. Дайындалған астың дәмді болып, келушілерді жылы қабақпен қарсы алуға тырысамыз. Дегенмен, түскі үзіліс уақытында ас–ауқат ішуге, бір сәт дамылдап отыруға жағдай жасап қойдық. Тамақтарымыз дәмді, тұтынушылармен жылы қарым-қатынастамыз.
Шынында да, асхана іші жып-жылы, тамақ мәзірі әртүрлі болып келетін бұл жерге ат басын бұратындардың саны күн сайын артып келеді.
– Отанына оралып, осындай тіршілік жасап жатқан бұл кісілерге алғыстан басқа айтар жоқ. Мұнда ас мәзірі көбінесе шығыс асханасының ауқаты болып келеді. Ол жақсы, әрине. Дегенмен, көпшілік қауым өзіміздің ұлттық тағамдарымыздың да болғанын қалайды. Манап пен Гүлмира осы жағын назарға алса, – дейді Үржар ауылдық округінің әкімі Сайлауғазы Шарықбаев.
Ерлі-зайыпты Манап пен Гүлмира осылайша өздерінің кәсібін Үржардың орталығында бастап отыр. Мектеп жасындағы Назерке, Ерқанат атты қыз бен ұл тәрбиелеп-өсіріп отырған жандарға бастаған істерің баянды болсын дейміз.
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.