Қоғам

Әлеуметтің әлеуетін арттырады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қадау-қадау мәселелер айтылды. Біршама құнды пікірлер мен жағымды жаңалықтар жұртқа жария етіліп, басым бағыттар айқындалды.  

Мәселен, биыл күзде Президент сайлауы өтеді. Келер жылы Парламент сайлауы болады. Сондай-ақ геосаяси жағдайда транспорттық-логистикалық жағдай мүлде өзгерді. Ақтау қаласында контейнерлік хаб құрылып жатыр. Ал ол Каспий теңізі арқылы Еуропа – Орталық Азия – Шығыс Азияны жалғайды. Бұл өзге жолдарды диверсификациялауға мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды мәселе – су. Су – Орталық Азиядағы ең өзекті мәселенің бірі және бұл мәселе жыл өткен сайын маңызы арта бермек. Су мәселесін шешу үшін арнайы Президент Жолдауында Су кеңесін қайта құру және су саласындағы мамандарды даярлау қажеттігі айтылды. Жалпы, Орталық Азиядағы бес елдің екеуі – су гиганттары, қалған үшеуі сол екеуінен келетін суға тәуелді және бартерлік негізде суды солардан алып келе жатқаны шындық. Олар: Тәжікстан және Қырғызстан. Сондай-ақ Жолдауда елімізге шетелдік компаниялардың келіп жатқаны айтылды. Олар қаншалықты көбірек инвестиция құйса, соншалықты көбірек жеңілдік алады дейді. Шынында да, еліміздің экономикасы үшін инвестиция маңызды.

Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлардан тәркіленген қаржыға мектептер салынатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ сот саласын реформалау, жер мәселесі, игерілмей жатқан, заңсыз өтіп кеткен жерді қайтару, балаларға арнайы қор ашу, балабақша қызметкерлерінің айлығын арттыру, медицина саласына тың серпін беру, құрылыс компанияларына арналған арнайы ереже, жастарды жатақханамен қамтамасыз ету секілді өзекті мәселелер көтерілді.

Сондай-ақ биыл күзде Президент сайлауы өтетіндігін, келесі жылы көктемде Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы болатындығын жария етті. Президенттік мерзім енді бір рет қана – 7 жылдық болмақ. Әрине, бұл өз кезегінде еліміздің тұрақтылығын қамтамасыз ететіні сөзсіз.

Бұдан өзге 2024 жылдан бастап еліміздің Ұлттық қорын әрбір отбасының пайдалануы іске асатын болады. Ұлттық қордағы кірістің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың шотына аударылмақ. Президент: «Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты табыс алуы керек. Сондықтан мен жариялаған «Балалар жылы» аясында жаңа «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын іске қосуды аса маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз арнайы жинақ шоттарына бөлуді ұсынамын. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді. Қор шынымен де ұлттық мәртебеге ие болып, халық игілігіне қызмет ететін болады. Осы ауқымды істі жан-жақты зерделеу қажеттілігін ескере отырып, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын», – деді.

Өсіп келе жатқан жастарымыз үшін бұл зор қолдау болғаны рас. Президент ел болашағы – жастар жөнінде де жағымды пікірлер мен ұтымды ойларын ортаға салды. Жалпы, жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекетіміздің басты міндетінің бірі бола бермек.

«Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деді Мемлекет басшысы. Тағы бір жағымды жаңалық: көптен күткен ең төменгі жалақы деңгейі 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл 1,8 миллион азаматтың кірісіне тікелей әсер етеді.
«Зейнетақы жүйесін айтарлықтай жаңғырту қажет. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарысын 120%-ға дейін біртіндеп жеткізу қажет. Бұрын қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жалпы зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кең әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітіледі», – деді Президент. Зейнеткерлікке жасы тақаған жандар үшін бұл да зор қуаныш болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  қаңтар оқиғасына байланысты да қуанышты жаңалығымен бөлісті: «Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым.
Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті. Сондай-ақ лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды. Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз. Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек беріледі. «Қазақстан халқына» қоры да осы игі іске лайықты үлес қоса береді деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Мамырбек Қарашев, «Юбилейный» ЖШС басшысы

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button