Әлеуметтік жобаларға басымдық беріледі
Нұржан Кенжеұлы
Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов негізінен әлеуметтік мәселелер қаузалған бірқатар кездесу өткізіп, өңір тұрғындарына отбасылық-гендерлік және жастар саясаттарын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Сондай-ақ вице-министр Өскемен қаласындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің бас ғимаратында өңір жұртшылығымен кездесіп, халықты толғандырған сауалдарға тұшымды жауап қайырды.
Мәселен, кездесу барысында вице-министр елімізде «Масс-медиа туралы» Заң жобасы әзірленгенін хабарлады.
Белгілі болғандай, аталмыш жоба «Ашық НҚА» порталында тұр және 27 қыркүйекке дейін талқыланады екен. Е.Кочетовтың айтуынша, құжат журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік қаржыландыруды реформалау, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, БАҚ-ты тіркеу тәртібін өзгерту және саланың өзін-өзі реттеуін дамыту сынды мәселелерді шешуге бағытталған.
– Мұндай тәсіл мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырудың тиімділігін, сондай-ақ отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп есептейміз. Сонымен қатар аталмыш заң жобасы билік, азаматтық қоғам мен масс-медиа өкілдерінің тең құқыққа ие болуына жол ашады, – деді Евгений Кочетов.
Еске салайық, еліміздегі «Масс-медиа туралы» Заңды қайта қарап, оған өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігі жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берген. «Отандық БАҚ-тың Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістерге өз көзқарасы болуы керек. Шынайы ақпараттық қауіпсіздік және елдің идеологиялық егемендігі де осыған байланысты. Мемлекет сұранысқа ие және мықты медианың ашық ақпараттық кеңістігін құруға ерекше назар аударады. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұраныстарын және медиа саланың даму тенденцияларын ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау қажет», – деп атап өткен болатын Президент.
Өскемендегі кездесу барысында вице-министр азаматтық қоғам мен қоғамдық келісім, отандық мультипликацияны дамыту, сонымен қатар жастар мен отбасылық-гендерлік саясат мәселелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылға қарай еліміздің түкпір-түкпірінде ондаған жаңа отбасын қолдау орталығы ашылып, халыққа қызмет көрсете бастайды.
– Отбасын қолдау, отбасылық жанжалдарды шешу және жалғызбасты аналарға арналған уақытша тұру орталықтарын құру бағытында қажетті жұмыстар жүргізілуде. Естеріңізге салайық, 2021-2022 жылдары республика бойынша 68 отбасын қолдау орталығы ашылған болатын. 2025 жылға дейін тағы 143 орталық ашу жоспарланып отыр, – деді вице-министр.
Осы орайда, бүгінде Шығыс Қазақстанда 3 794 көпбалалы отбасы бар екенін айтқан жөн. Соның ішіндегі 2 660 жанұяда төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала бар, деп хабарлайды жергілікті атқарушы билік өкілдері.
Сонымен қатар қазір 152 аз қамтылған отбасы, яғни 2 040 адам атаулы әлеуметтік көмек алып жатқаны да белгілі болды.
Вице-министр елімізде талантты жастарды, оның ішінде түрлі гранттық жобаларды қолдау бағытындағы іс-шаралар жалғасатынын да жеткізді. Ол жастарды қолдау, олардың әлеуметтенуі мен жеке дамуы үшін мүмкіндіктер туғызу мақсатында Жастар ресурстық орталықтарының базасында «IT Hub» ашу мәселесі пысықталып жатқанын айтты. Бұл жоба бағдарламалық өнімдерді әзірлеуде, оларды орналастыруда, масштабтауда және коммерцияландыруда жаңа білім мен дағдыларды алуға мүмкіндік бермек.
Министрлік өкілінің аузынан естіген тағы бір жаңалық, некелескелі отырған қыз-жігіттерге арналған курстарға қатысты болды. Белгілі болғандай, алдағы уақытта Қазақстанда отау көтеруді көздеген жастар үшін бақытты отбасын құру курстар өткізіле бастайды.
– БҰҰ-мен бірлескен қанатқақты жоба шеңберінде некеге дейінгі консультациялардың тегін әрі ерікті курстарын өткізетін боламыз. EGOV жүйесіндегі телефон арқылы некеге тұруға өтініш берген жастарға курстарға қатысуға шақыру келеді. Онда жастарға отбасылық өмірдің қыр-сыры туралы маман кеңестері берілетін болады, – деп түсіндірген Евгений Кочетов алғашқы курстар Өскеменде өткізіле бастауы мүмкін екенін де айтты.
Шығыс өңіріне жұмыс сапары аясында Евгений Кочетов Глубокое ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ облыс тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, технологиялар трансфері орталығы және жастар ресурстық орталығы қызметімен де танысты.