Қоғам

Әлеуметтік саясат: Қазақстанда туу көрсеткіші қалай өсіп жатыр

Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында еліміздің демографиялық ахуалын жақсарту үшін алдымен халықтың әл-ауқатын арттыру қажет екендігіне айрықша тоқталады. Нәтижесінде бұл бағыттағы жұмыстар бір жүйеге келтіріліп, мемлекет тарапынан бала тууды ынталандыру және ана мен баланы қолдау мақсатындағы іс-шаралар артып келеді, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары мен салық салу кезіндегі жеңілдіктер және басқа да әлеуметтік қорғау шараларын қамтитын отбасыларды қолдаудың кешенді моделі құрылған. Мәселен, отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемді, бала тууға арналған (бірінші, екінші, үшінші баланың тууына – 110 846 теңге, төртінші және одан да көп балаға – 183 771 теңге), бір жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақыны қамтиды.

Бұдан басқа, бір жасқа толғанға дейін бала күтімімен айналысатын әйелдерге орташа айлық табыстың 10%-ы мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделген. Табысы төмен отбасыларға  атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Мұқтаж отбасылар үшін жергілікті атқарушы органдар есебінен тұрғын үй және қосымша әлеуметтік көмек көрсету көзделген. Сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір отбасына психологиялық, әлеуметтік, құқықтық және басқа да қажетті көмек көрсететін арнайы орталықтар құрылған.

– Елімізде 20 миллионыншы тұрғынның дүниеге келуі – маңызды оқиға. Бізде шамамен 60-шы жылдардың ортасында 10 миллион адам болды. Алдыңғы және қазіргі өсудің ерекшелігіне тоқталатын болсақ, бұл 10 миллионға Қазақстанның көші-қон ағынының арқасында қол жеткізілді. Ал қазіргі уақытта ол табиғи өсім есебінен өсуде. Бұл дегеніміз – жылдан жылға туу деңгейінің жоғарылап, өлім-жітім деңгейінің төмендеуінің көрінісі. Көші-қон ағыны адамдардың Қазақстаннан кетуімен аяқталды. Ал қазіргі жағдайда негізінен халық жергілікті, тұрақты, яғни елде қалады. Сондықтан бұл көрсеткіш жақын арада артуа түсуі мүмкін, – деп түсіндірді демограф ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Алексеенко.

Осы айдарда

Back to top button