Жолдау жол нұсқайдыТОП

Әлеуметтік салада нақты міндеттер жүктелді

Халықтар достығы үйінде үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауын талқылады. Жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Мекеева, білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Шаухина, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова және өңірдегі «ШҚО Азаматтық альянсының» төрағасы Олег Чернышов қатысты.

Басқарманың ағымдағы жылғы сегіз айдағы жұмыс қорытындысымен таныстырып өткен Альмира Әскерханқызының айтуынша, 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша 1 млрд. теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі шамамен 2,9 мың отбасына берілді. Оның ішінде 900-ден астам отбасы көпбалалы және 1,9 мыңы аз қамтылған отбасы.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1-6 жасқа дейінгі балалары кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтылған.

Өңірде барлығы 27 718 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Оларды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуге биыл 2,1 млрд. теңге бөлінген.

«Кедергісіз келешек» жобасының аясында 2021-2025 жылдар аралығында 721 нысанды бейімдеу көзделіп отыр. Жоспар бойынша ағымдағы жылы 79,5 млн. теңгеге 147 нысан бейімделуі керек. Қазір соның 18-і бейімделген.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаға қатысу үшін 12 мыңнан астам өтініш түсіп, оның ішінде 11 мыңнан астам адам ұлттық жобаға қатысты. Осылайша, ұлттық жобаға қатысушылардың ішінен 7 609 адам жұмыспен қамтылды.

«Кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту» бағыты бойынша биыл еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кемінде 757 адамды кәсіптік оқыту жоспарланып отыр.

Биыл 745 млн. теңгенің 608 гранты берілмек, қазірдің өзінде бизнес-идеяларды іске асыруға 142 млн. теңгенің 116 гранты берілген.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 3 442 адам жұмысқа орналасты.

Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде облысқа қоныс аударушылар мен қандастардың 156 отбасын қабылдауға квота бөлінді.

Ұлттық статистика бюросы департаментінің деректеріне сүйенсек, осы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша экономикалық белсенді тұрғындар саны – 371 308 адам, оның ішінде жұмыспен қамтылғандар – 353 589 адам, жұмыссыздар саны – 17 719.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл 15 734 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Қазірдің өзінде 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

Жолдауда айтылғандай, 2023 жылдан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзаратын болды. Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесі құрылып, отбасының цифрлық картасын енгізу жоспарланып отыр. Оның аясында мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары біріктіріледі.

Ең төменгі жалақы деңгейі 70 мың теңгеге дейін көтеріледі.

Жолдауда Президент елдегі білім саласын дамытуға ерекше тоқталғаны белгілі. Өңірдегі осы саланың қазіргі тыныс-тіршілігіне тоқталған білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Шаухинаның айтуынша,

облыста «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы шеңберінде 2023 жылдан бастап 2025 жылға дейін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, заманауи құралдармен жабдықталған 7580 орындық 15 жаңа мемлекеттік мектеп салынады.

Жуықта ғана Риддер қаласында 600 орындық жаңа мектеп іске қосылды, жыл соңына дейін тағы үш мектепті, оның ішінде Күршім ауданының шалғай ауылдарында екі мектепті іске қосу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, 40 білім беру нысанына 1 млрд. теңгеге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 180 млн. теңге көзделген.

Мемлекет басшысы Жолдауда балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету мәселесін шешу міндетін қойды.

– Біздің облыс соңғы бес жыл бойы үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту бойынша көрсеткіштің орындалуын барынша қамтамасыз етіп отырған республикадағы санаулы облыстардың бірі. Биыл 2-ден 3 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту 98%-ға дейін жетті. Қазір кезекте 2200 бала тұр. Олар мемлекеттік-жекеменшік  серіктестік шеңберінде балабақшалар салу, бұрынғы балабақша ғимараттарын қайтару және жұмыс істеп тұрғандарының жобалық қуатын кеңейту есебінен мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз етіледі.

Осы шаралардың барлығы 2023 жылы балаларды 100% балабақшамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Динара Шаухина.

Жаһандық ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, ел Президенті жоғарғы сыныптарда жаратылыстану-математика және ағылшын тілі пәндерін оқытуды күшейту қажеттігін баса айтты. Сондықтан көптілді білім беруді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жалғасады. Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілін оқыту сапасын арттыруға ерекше назар аударылады. Осы мақсатта қазақ тілінің 400 мұғалімі алты айлық біліктілікті арттыру курстарында қайта даярлаудан өтті.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қолдау шаралары жалғасады. Өңірдегі 21 мың оқушы тегін тамақпен, мектеп формасымен, қысқы аяқ киіммен қамтамасыз етіледі және  қоғамдық көлікте тегін  жүреді. 2,4 мың бала балабақшаға тегін барады. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың барлығы жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтылған.

Дарынды балаларды қолдауға да көп көңіл бөлінген. Оқу жылының қорытындысы бойынша 441 оқушыны көтермелеуге 44 млн. теңге бағытталған.

Мектептер мен колледждердің он оқушысына үздік IT стартаптар үшін 10 млн. теңгенің гранттары берілді.

Жыл сайын колледждерде тегін оқуға мемлекеттік тапсырыс 10%-ға өседі, басқа қала-аудандардан келген студенттердің тұруы үшін биыл Өскеменде 488 орындық екі жатақхана пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар өңірлік жоғары оқу орындарына түсу үшін жергілікті бюджет есебінен гранттар саны он пайызға артқанын атап өткен жөн.

Айжанат Бақытқызы

 

 

Осы айдарда

Back to top button