Әлеуметтік кодекс халықтың әлеуетін көтереді – вице-министр
ШҚО-ға жұмыс сапарымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов келді.
Ақмәди Сарбасов әлеуметтік мекеме мен кәсіпорынның жұмысымен танысты, сондай-ақ халықпен кездесулер өткізді, оның барысында осы жылғы 1 шілдеден бастап, яғни Әлеуметтік кодекс күшіне енгеннен кейін іске асырылатын әлеуметтік-еңбек саласындағы инновациялар туралы айтты, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Сапардың басында вице-министр эмоциялық-еріктік саласы мен мінез-құлқының бұзылуы бар үш жастан он жасқа дейінгі балаларға арналған балабақшадан, сондай-ақ аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған бейімделген бағдарлама бойынша жұмыс істейтін бастауыш мектептен тұратын «Ғажайыптар елі» арнайы түзету мекемесінің қызметімен танысты.
Одан кейін Ақмәди Сарбасов «Altai тау-кен металлургиялық сервисі» ЖШС-де болып, қызметкерлермен еңбек саласы мәселелерін, оның ішінде отандық еңбек нарығын қазіргі жағдайлар мен қажеттіліктерге бейімдеуді талқылады.
– Қазір ұлттық біліктілік жүйесін дамыту белсенді кезеңге өтті, жуырда Сенат еңбек нарығы мен кадрларды даярлау жүйесі арасындағы стандарттарды әзірлеу, жұмыс берушілер тарапынан өмір бойы алынған кәсіби біліктіліктерді бағалау және тану арқылы өзара байланысты күшейтетін «Кәсіптік біліктілік туралы» заңды мақұлдады. Бұл жастарға және жалпы кәсіпқойларға еңбек нарығындағы өзгерістерге тез бейімделуге мүмкіндік береді және жаңа дағдылар мен құзыреттіліктерді игеруге ынталандырады, – деді Ақмәди Сарбасов.
Ол заңның маңызды бөлігі дербес меңгерілген дағдыларды, сондай-ақ бейресми және ақпараттық білім беру нәтижелерін тану болып табылатынын атап өтті.
Сондай-ақ заңда кәсіптік біліктілікті тану жүргізілетін кәсіптер тізбесін қалыптастыру көзделеді.
– Заң жұмысшылар мен жұмыс берушілерді кәсіптік біліктілікті тану жүйесіне кіруге ынталандыру бойынша бірқатар шараларды қарастырады, мысалы жұмысшыларға әртүрлі кепілдіктер мен жеңілдіктерді немесе біліктілікті танудың ваучерлік-модульдік жүйесін енгізу, – деді вице-министр.
Сонымен қатар Ақмәди Сарбасов халықты әлеуметтік қолдау шараларын белсенді тағайындауды, азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялауды, халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдерді, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелерін дамытуды көздейтін Әлеуметтік кодекстің негізгі тармақтары туралы айтып берді.
– Жыл басында базалық және еңбек зейнетақыларының мөлшерін есептеу параметрлері өзгертілді. Саралау тетігін қолдану нәтижесінде ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері 21%-ға дейін өсті. Бұл зейнетақысы төмен зейнеткерлерге әлеуметтік қолдау болды. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары төленетін болады, – деді ол.
Сондай-ақ жұмыс сапары аясында вице-министрдің облыс әкімі Ермек Көшербаевпен, Алтай ауданының тұрғындарымен кездесулері және азаматтарды жеке қабылдауы жоспарланған.