Әлем назарындағы E-Corner
Ынтымақ Толқын
Озық технологияның жетістігі көліктерді де айналып өтпеген. Кореялық Hyundai Motor компаниясы автокөліктің тұраққа кіріп-шығуын жеңілдететін e-Corner жүйесін әлем назарына ұсынды.
Жақында жаңа технологиялар мен жетістіктерді паш ететін CES 2023 көрмесі өтті. Аталмыш шарада адам өмірін жеңілдететін ақылды үйден бастап, ең қарапайым заттардың жаңартылған үлгілеріне дейін ұсынылған. Солардың бірі әрі бірегейі ретінде Оңтүстік Кореяның Hyundai Motor компаниясы ұсынған e-Corner жүйесі танылды.
Қазіргі таңда қала халқының басты мәселесінің бірі көлік тұрағы десек, артық айтқандық емес. Әр отбасында екі, тіпті үш көлік бар. Таңертең жұмысқа асыққанда өз көлігіңді тұрақтан шығара алмай тұрып қалатын кездер жиі болады. Бұл – автокөліктердің көбеюінің және тұрғындардың көлікті дұрыс қоймауының салдары. Осы мәселені шешу үшін ұсынылған e-Corner жүйесі алдағы уақытта Hyundai көліктеріне орнатылмақ. Ондай көліктер орнында тұрып 360 градус айналатын және қырындап қозғалатын мүмкіндікке ие болады. Яғни, көліктің төрт дөңгелегі бір-біріне тәуелсіз кішігірім мотордың көмегімен бұрылады. Соның арқасында көлік қалаған бағытта қозғалады. Бұл технология әсіресе қыз-келіншектерді әсте қуантты.
E-Corner жүйесі әзірге Hyundai Motor компаниясының электр қуатымен жүретін көліктеріне орнатылып, сынақтан өткен. Компания өкілдерінің айтуынша, технология әлі де жетілдіріледі.
Ең бастысы, оны электр көліктерге ғана емес, жанармаймен жүретін жеңіл көліктерге де, жүк көліктеріне де қолдану көзделген. E-Corner жүйесі 2025 жылдан бастап Hyundai Motor компаниясы өндірген барлық көлікте болады.
Айта кетелік, автокөліктің шаян тәрізді қозғалуын осыған дейін Hummer және Donfeng компаниялары да ұсынған. Алайда олардың жобасында көліктің дөңгелектері еркін қозғала алмаған әрі бұрылыстарда ыңғайсыздық тудырған еді. Қазіргі уақытта Hyundai Motor компаниясы ұсынған аталмыш жүйе ең озық әрі нәтижелі жоба болып отыр.