Қоғам

Электронды шылымды ермек еткендер көп

Қазіргі кезде электронды темекі шегетін жастар көбейіп барады. Қызық қуған жеткіншектер өз денсаулықтарына зиян  келтіріп жатқанын сезбейді де.

Кейде «вейп» деп те аталатын бұл зиянды құрылғы 2003 жылы Қытайда пайда болған. Ары қарай басқа елдерге тарап, бізге де жетті. Жастарымыз «оның зияны жай темекіге қарағанда азырақ» деп ойлайды.

Дәрігерлердің айтуынша, электронды шылымды шегу қатерлі ісікті, тыныс алу, қан айналымы жүйелерінің ауруларын тудырады. Аэрозоль құрамындағы никотин тамырларды тарылтып, жүрек талмасына әкеп соғуы да мүмкін. Адам миы шамамен 25 жасқа дейін жетіледі. Сондықтан бұл темекідегі уытты заттар өсіп келе жатқан балалар мен жасөспірімдердің ағзасына тіптен қауіпті. Вейпті аз уақыт қолданған кездің өзінде-ақ қатты тәуелділік пайда болады.

Аталған темекінің қазіргі кезде сан алуан түрі бар, кейбірі кәдімгі фломастерге немесе флешкаға ұқсайды. Сол себепті баласының улы затты әдетке айналдырып жүргенін көп жағдайда ата-аналары білмейді де.

– Электронды шылымды бір жыл бұрын ғана қызық көріп шеге бастағанмын. Алғашында осынша ұзақ уақыт пайдаланамын деген ой мүлде болмады. Біраз уақыт өткен соң денсаулығым нашарлады, яғни, аяқ-қолым дірілдеп, тамаққа тәбетім болмай қалды, өзімді әлсіз сезіне бастадым. Қазір осы әдеттен арылуға тырысып жүрмін, бірақ өте қиын екен, – дейді өскемендік студент Ермек Ахметов (аты-жөні өзгертілді).

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында соңғы үш жылда тәркіленген есірткінің мөлшері 10 есе артқанын, олардың арзан әрі қолжетімді болып бара жатқанын айтып, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің жаңа жоспарын әзірлеуді тапсырғанын білеміз және бұл бастаманы толық қолдаймыз. Менің ойымша, нашақорлық дерті нақ осы «жеңіл» темекілерден басталады. Сондықтан  электронды шылымның саудасына еліміз бойынша мүлдем тыйым салынса, дұрыс болар еді.

Құрдастарымды тәніміз бен жанымызды улайтын жаман әдеттерден аулақ болуға шақырамын. Себебі, адамның басты байлығы – денсаулық.

Айша Кеңесханова, студент

Осы айдарда

Back to top button