Қоғам

Электрондық үкіметтің игілігін көріп отыр

Электрондық үкіметтің игілігін көріп отыр


Елбасымыз электрондық үкімет құру идеясын алға тартқан еді. Елбасымызға тиесілі. 2006 жылғы 12 сәуір – Қазақстанның электрондық үкімет порталының іске қосылған күні. Осы уақыт ішінде электрондық үкіметіміз қалыптасуы мен дамуының іргелі төрт кезеңінен өтті. Бүгінде шығысқазақстандықтардың бірқатары электрондық үкіметтің шапағатын көріп отыр.

Әсіресе ұшақ билетін броньдау, коммуналдық төлемдерді интернет арқылы төлеу, балаларды мектеп пен балабақшаға орналастыру үшін кезекке тұру, бос орын вакансиясын қарастыру сияқты қызметтерді сабылмай-ақ үйде отырып атқару адамдардың біраз шаруасын жеңілдеткені рас. Ол үшін бар-жоғы электрондық цифрлық қолтаңба болса жеткілікті. Қолтаңбаны кез келген адам жеке бас куәлігімен халыққа қызмет көрсету орталығына барып, аз ғана уақытта ала алады.

Табалдырық тоздырмаудың бірден-бір жолы

Электрондық үкімет азаматтар мен мемлекеттің өзара әрекеттестігін ыңғайлы, қарапайым, қолжетімді және түсінікті ету үшін құрылған-ды.

– Электрондық үкімет құру ісі билік органдарының жұмысын анағұрлым тиімді, азаматтарға қолжетімді ету үшін қажет болды. Бұрындары әрбір мемлекеттік орган өз бетінше оқшау өмір сүріп, басқаларымен байланысқа түсе қоймайтын, ал азаматтардың алуан түрлі анықтама, растама секілді өзге де қағаздарды жинау үшін толып жатқан инстанциялардан өтуіне тура келетін. Осының барлығы бір ғана қызмет түрін пайдалану үшін толып жатқан мекемелер табалдырығын тоздыруға мәжбүрлейтін. Бүгінде электрондық үкімет жобаларының арқасында ол заман келмеске кетті, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Азамат Есембулов.

Электрондық үкімет – ақпараттық технологиялар көмегімен ішінара келісушілікті қамтамасыз ететін, мемлекет пен азаматтар арасындағы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігінің бірыңғай механизмі. Мемлекеттік органдарға кезекті қысқартып, анықтама, куәлік, рұқсат құжаттарын және тағы басқаларын алуды жеңілдетуге әрі жылдамдатуға мүмкіндік берген де дәл осы механизм.

– Басқаша айтқанда, электрондық үкімет деп лицензияны рәсімдеу үшін жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) ғана керек болатын (басқа ақпараттың бәрі дағдылы сұранымдар арқылы алынады), коммуналдық қызмет ақылары мен айыппұлдарды онлайн жүйесінде төлеуге болатын, анықтама алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жеке куәлік қана талап етілетін, бизнесіңізді өз бетіңізше тіркеуге, немесе электрондық үкімет порталында небәрі 10-15 минут ішінде анықтама алуға, күн-түн демей, кез келген уақытта баланың балабақшаға кезегін көруге, мекенжай анықтамасын ұялы телефонға алдыртуға болатын және осы секілді басқа да көптеген жағдайларды айтамыз, – дейді Азамат Есембулов.

Ендігі міндет – қызмет жылдамдығын арттыру

Осы уақыт ішінде электрондық үкіметіміз қалыптасуы мен дамуының іргелі төрт кезеңінен өтті. Ол кезеңдердің қай-қайсысы болса да қазақстандықтардың мемлекетпен өзара әрекеттестігіне көмегін тигізгені сөзсіз.

Олардың алғашқысы – ақпараттық кезең. Дәл осы кезеңде электрондық үкімет порталы іске қосылып, ақпаратпен толтырылды. Мемлекеттік органдар, олардың жұмысы мен халыққа көрсететін қызметтері жайлы ақпараттар пайда болды. Оған қоса, қызмет көрсетудің реттемесі келтіріліп, танысу үшін нормативтік-құқықтық актілер ілінді.

Екіншісі – интерактивті кезең, порталда электрондық қызметтерді тұңғыш рет ұсынуымен есте қалды. Аталмыш кезең барысында порталды пайдаланушылар түрлі мекемелерден кезекке тұруға уақыт жұмсамай-ақ анықтама алу, үйден шықпай-ақ кез келген мемлекеттік органға сұраныс жіберіп, оның мәртебесін қадағалап отыру мүмкіндіктеріне ие болды. Электрондық үкімет порталына интерактивті қызметтерді енгізу құжаттарды жинауға кететін уақытты үнемдеуге едәуір көмектесті.

Дәл осы кезеңде мекемелік ақпараттық жүйелер, мемлекеттік деректер қоры, электронды түрде лицензиялау және электрондық үкімет шлюзі енгізілді.
Бұл кезеңде әрбір қазақстандық порталдан қажетті құжаттар тізімі, мемлекеттік баж салығының мөлшері, өзі жүгінгелі отырған мемлекеттік органның байланыс мәліметтері секілді барлық қажетті ақпараттарын ала алатын. Алғашқы кезеңнің өзінде-ақ қажетті ақпараттың толық көлемінің арқасында инстанцияларға жүгірушілер саны әжептәуір азайды.

Электрондық үкімет дамуының үшінші кезеңі – транзакциялық кезең. Бұл кезеңде азаматтар мемлекеттік баж салығын, алымдар, айыппұлдар және коммуналдық қызмет ақыларын төлеуге мүмкіндік алды. Егер де осыған дейін қызмет ақысын төлеу үшін банкке бару керек болса, енді онлайн жүйесінде қызметті пайдалануға да, оның ақысын төлеуге де болады.

Кәсіпкерлерге транзакциялық кезең шын мәнінде бағалы сыйлық ұсынғандай болды, ол – электронды мемлекеттік сатып алулар болатын. Пайдасы айдан анық – өткізілетін байқаулар мен тендерлердің әділдігі мен ашықтығы артты.

Электрондық үкімет дамуының бүгінгі, төртінші кезеңі – түрлендірмелі кезең. Бұдан былайғы басты мақсат – азаматтарға қызмет көрсетудің мейлінше жылдамдығы. Дәл осы мақсатқа қол жеткізу үшін интерактивтік және транзакциялық қызметтер қазақстандықтар үшін айрықша маңызға ие кешенді қызмет түрлеріне біріктірілуде. Жыл басынан бері азаматтар 15 минут ішінде заңды тұлғаны тіркеу, жеке куәлік, төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігіне ие болды. Әлеуметтік маңызды қызметтерге айрықша көңіл бөлінеді, міне сондықтан да олардың барлығы электронды үлгіге ауыстырылды.

Облыста порталды пайдаланушылар 230 мыңнан асты

– Құрылғанынан бері Қазақстанның электрондық үкіметі қалыптасу мен даму кезеңдерінен өтті, дүниежүзілік қауымдастық тарапынан оң көзқарасқа ие болып, жоғары бағаланды. Халықаралық және республикалық рейтингтердегі жоғары көрсеткіштері мен байқаулардағы ие болған номинациялары осыған куә. Қазақстандық электрондық үкіметтің даму дәрежесі «дамушы» сатысында деп бағалануда және аса табысты үкіметтердің бірі саналады, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Азамат Есембулов.

Облысымызда порталды пайдаланушылар саны былтыр 230 мыңнан асқан. Өңірлер арасында аталмыш көрсеткіш бойынша Шығыс Қазақстан Алматы, Ақмола, Қарағанды, Түркістан, Қостанай облыстарынан кейінгі 6 орынды иеленеді. 2017 жылы біз оныншы орында болатынбыз.

Вставка

Порталдағы ең жиі қолданылатын 10 қызметтің тізімі:

1. Тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамаларын беру
2. Дәрігер қабылдауына жазылу
3. Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама беру.
4. Жеке тұлғаның жылжымайтын мүлiктiң болмауы (болуы) туралы анықтама беру.
5. Сотталғандығы болуы не болмауы туралы анықтама беру.
6. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат беру.
7. Заңды тұлғаларды тіркеу туралы анықтама беру.
8. Жеке қосалқы шаруашылықтың болуы туралы анықтама алу.
9. Заңды тұлғаның барлық тіркелген әрекеттері туралы анықтама алу.
10. Жеке тұлғаның заңды тұлғаларға, филиалдар мен өкілдіктерге қатысуы туралы анықтама алу.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button