Қоғам

Электронды билеттендіру жүйесі іске қосылады

Ержан ӘБІШ

Өскемен автобустарында алдағы сенбі күні билеттендірудің электрондық жүйесі іске қосылмақ, 19 маусымнан бастап қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын арнайы картаның көмегімен төлеуге болады.

«Oskemencard» бірыңғай картасы қалалық қоғамдық көліктер жолаушыларының негізгі төлем құралы болады деп жоспарлануда. Естеріңізге салсақ, ақпан айынан бастап тестілік режимде валидаторлардың жұмысы трамвайларда, ал наурыз айында маршруттық таксилерде іске қосылған-ды. Енді электронды билеттендіру облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің барлық үш түрін қамтып отыр.

– Біз тасымалдаушылардың ішінде алғашқы болып электронды билеттендіру жүйесін іске қостық, – дейді «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС директоры Михаил Чайка. – Иә, бастапқыда іркілістер болды, бірақ барлығы көп ұзамай жөнге келді. Жүйенің өзі үзіліссіз жұмыс істейді. Жылжымалы құрам мәселесін шешуге тура келді. Наурыз айында біз 13 мың жолаушы, ал мамыр айында 14 мың жолаушыны тасымалдадық. Жолаушылар ағынының төмендеуі туралы болжам болған. Тіпті жол жүру ақысының өсуі де әсер еткен жоқ. Билет құнын 65 теңгеден 80 теңгеге көтергенімізде бәзбіреулер трамваймен адамдар аз жүретін болады деген еді. Олай болмай шықты, жол ақысының қымбаттағанына қарамастан, халықтың көбі трамваймен жүруде.

Айта кетейік, электронды төлем жүйесі қаржы ағындарының толық ашықтығын қамтамасыз етеді. Тасымалдаушылар азаматтардың қандай санаттары қоғамдық көлікпен жүретінін көре алады, автобустардың жүктемесін бақылауға, олардың қай уақытта көп немесе аз жүктелгенін білуге және осыған сүйене отырып, желіге көбірек немесе аз көлік шығаруға болады.

– Билеттендіру жүйесі байланыссыз қағидатына құрылған, яғни азаматтардың жол ақысын төлей алатын жеке карталары болады, – дейді «IBA Қазақстан» ЖШС бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу және сүйемелдеу бөлімінің басшысы Евгений Серегин. – Диспетчерлік басқару жүйесі – маңызды бөлімнің бірі, ол қала тұрғындарына өз маршрутын жоспарлау үшін қандай да бір аялдамаға көліктің қай уақытта келетінін білуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол жол жүру схемаларын құруға мүмкіндік береді, тіпті егер адам осы қалаға қонаққа келсе де, мобильді қосымшаны қолдана отырып, ол А пунктінен Б пунктіне қоғамдық көлікпен оңай жете алады.

Жобаны іске асырудың арқасында қажетті бағытты Oskemenbus тегін мобильді қосымшасының көмегімен нақты уақыт режимінде бақылауға болады. Оны қазірдің өзінде жүз мыңнан астам жолаушы қолдануда.

– Төлем карталары қорғалған – оларды қолдан жасау немесе көшіру мүмкін емес, сондықтан өз қаражатыңыз үшін алаңдамауыңызға болады, – деп атап өтті Евгений Серегин. – Жабдық «IBA» компаниясының жеке зауыттарында өндірілген, өнімдеріне кепілдік беріледі, егер автопарк кеңейетін болса, біз оларды қосымша орната аламыз, толық жабдықтай аламыз.

Бір қызығы, автобустағы барлық валидаторлар істен шыққан жағдайда көлік желіден кетуі керек.

Ақауды жоюға арналған жылжымалы бригада бар. «Жолаушылар тасымалын басқару орталығы» ЖШС директоры Әби Әлменбетовтің айтуынша, егер маршрут жүргізушісі жолаушыға картамен төлем жасаудан қасақана бас тартса, жолаушы жол ақысын төлемеуге құқылы.

Сондай-ақ жолаушының автобус жүргізушісінде орналасқан POS-терминал арқылы жол ақысын төлеуге мүмкіндігі бар.

– Жолаушылар үшін қалада 20 сату және картаны толықтыру орны бар, – дейді «Жолаушылар тасымалын басқару орталығы» ЖШС директоры Әби Әлменбетов. – Сондай-ақ жеңілдік (тегін) карталарын беруге өтінімдерді қабылдайтын қалада 11 нүкте бар. Карталардың үш түрі жұмыс істейді, олар – қарапайым, жеңілдікті және оқушы картасы (оны да ақысыз береді). Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам жеңілдікті карта және 37 мыңнан астам мектеп оқушыларына арналған карта берілді.

Әби Әлменбетовтің айтуынша, сараланған тарифті бекіту туралы шешім қабылданған. Автобустар мен шағын автобустарда маршруттық тарифтер қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін 90 теңгені және қолма-қол ақшамен 130 теңгені құрайтын болады. Трамвайларда қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін – 80 теңге және қолма-қол ақшамен – 120 теңге. Сараланған тариф электронды билеттендіру жүйесі іске қосылғаннан кейін енгізіледі. Орталық директоры нақты күнді атаған жоқ. Оны енгізу күнін қала әкімдігі белгілейтінін ғана айтты.

Егер қандай да бір проблемалар туындаса, тұрғындар 8 (7232) 70-09-07 нөмірі бойынша «Жолаушылар тасымалын басқару орталығы» ЖШС-нің колл-орталығына қоңырау шала алады.

Ал төлем карталарын мобильді толықтыруға арналған қосымша шілде айында қолжетімді болады. Сондай-ақ келесі айда ұялы операторлардың бірімен бірлескен жобаның арқасында SMS және QR-код арқылы жол жүру ақысын төлеу жүйесі де іске қосылмақ.

Осы айдарда

Back to top button