Электронды билеттендіру жүйесін енгізу биыл басталады

Электронды билеттендіру жүйесі алдымен Өскемендегі 28 трамвайда, содан кейін 558 қоғамдық автобуста пайда болады. Яғни, осы көліктердің бәріне төлем карталар арқылы жол ақысын қабылдайтын қондырғылар орнатылады.
Аталмыш жүйені енгізетін компанияны анықтау жөніндегі алғашқы конкурс былтырғы 24 желтоқсанға жоспарланған болатын. Бірақ өтінімдердің жоқтығынан ол өтпей қалған-ды.
Бұдан соң құжаттамаларға бірқатар өзгертулер енгізіліп, келесі – жеделдетілген тәртіптегі тендер 31 мамырда жарияланды. Оны облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өткізеді.Комиссия құрамына атқарушы органдар мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері еніп отыр.
– 31 мамырда конкурс жарияланды, оған қандай кәсіпорындардың қатысатыны он бес күннің ішінде белгілі болады. Әзірге еліміздің және Ресей мен Беларусьтің бес компаниясы конкурсқа қызығушылық танытуда. Тендер өтуі тиіс, ‒ деді «ШҚО бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аймақтық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Шәкәрім Бұқтұғұтов.
Оның айтуынша, жүйе енгізілген соң билет бағасы қымбаттамауы тиіс, жеңілдіктер сақталады. Сонымен қатар кондукторлар да жұмыссыз қалмайды, олар енді бақылаушы қызметін атқармақ.
Жалпы Өскемен үшін 100 мыңнан астам арнайы төлем карта шығарылмақ. Олар бәрімізге дерлік жақсы таныс банк карточкалары секілді. Оның ішіне ақшаны қалта телефоныңыз немесе терминалдар арқылы, сондай-ақ арнайы сату нүктелеріне барып та сала аласыз.
Бұл жобаның жалпы құны бір миллиард теңгеден асады. Ол мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында іске асырылуда. Шығындардың 70 пайызы жекеменшік инвесторлардың қалтасынан, ал қалған 30 пайызы облыс қазынасынан төленеді.
Жоба шартына сәйкес инвесторлар өздері құйған қаржысын төрт жылдың ішінде қайтарып алуы керек.
– Қоғамдық көліктерге электронды билеттендіру жүйесін енгізу – табыстың көзі. Айталық, Алматы шаһарында осы жүйе енгізілген соң тасымалдаушылардың кірісі төрт есеге артқан. Бізде де дәл солай болады. Табыс кем дегенде төрт есеге өсуі тиіс. Ал бұл өз кезегінде қызмет сапасының артуына негіз болады, ‒ деп түйіндеді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы Өскемен қаласының әкіміне осы жобаны жоспарға сәйкес және барынша сапалы іске асыруды міндеттеді.
Ержан Әбіш