Қоғам

Электронды билеттің ерекшелігі неде?

Электронды билеттің ерекшелігі неде?


Алдағы уақытта Өскемен және Семей қалаларының қоғамдық көліктері электронды билетке көшпек. Осы жүйе қолданысқа енгізілгеннен кейін, күнделікті есеп айырысып жүрген тиын-тебеннің орнын пластикалық карталар басады. Жүйе осы саланы цифрландыруға бағытталғанымен, оның ең басты артықшылығы – қоғамдық көліктегі жолаушылар ағынын анықтауға мүмкіндік туады, сол арқылы әлеуметтік маңызы бар бағыттардағы көліктердің саны артады. Сарапшылар бұл қадамның көлеңкелі бизнестің жолын кесуде септігі тиетінін айтады.

Бұл жүйе әлемнің дамыған мемлекеттерінде ғана емес, бүгінде еліміздің де бірқатар қалаларында қолданысқа енгізілген. Елімізде электронды билет алғаш рет 2016 жылдың басында Алматы қаласында пайдаланыла бастаған болатын. \”SmartCard\” және «Оңай» компаниялары бірлесіп, қоғамдық көліктерге орнатылған терминалдар үшін төлем карточкаларын шығарып, алматылықтар жол ақысын картадағы бірліктер арқылы төлеуге көшкен еді. Алғашында «Оңайды» пайдалану мен түсіну тұрғындар үшін оңайға соқпады. Дегенмен жүйедегі ақаулар, жеңілдікпен сатылатын билеттер мәселесінің дұрыс шешілмеуі, кондукторлар мен тұрғындардың наразылығы сынды алғашқы қиындықтарға қарамастан, жоба Алматыда кейіннен, Астана, Қарағанды, Шымкент сынды қалаларда қолданыс тапты.

– Бізде жоғарыда аталған мәселелер туындамайды деген ойдамыз, өйткені жүйені кіріктірудегі Беларусьтің және еліміздің өзге қалаларының тәжірибелерін басшылыққа алдық. Олардың қателіктерін қайталамаудың жолы қарастырылды. Ерте ме, кеш пе, біз электронды билеттеуге көшетін едік. Өйткені, біріншіден, бұл – заман талабы. Екіншіден, біз көліктер мен жолаушылар мониторингін жасау арқылы ғана қай бағытқа қанша қоғамдық көлік керегін анықтай аламыз. Бұл да жолаушыларға қызмет көрсету сапасына оң әсер ететіні сөзсіз, – дейді Өскемен қаласы жолаушы тасымалын басқару орталығының директоры Ернар Мұстафин.

Ернар Мұстафинның айтуынша, барлық автобусқа орнатылатын терминал бір орталықтан басқарылмақ. Осының арқасында әрбір көліктің күніне неше айналым жасағаны, қанша адам отырып, төлем жасағаны айқын болады. Осылайша, қай уақытта қай бағыттағы көліктердің санын арттыру немесе жолаушылар аз қатынайтын бағыттардағы көліктер санын шектеу қажеттігі анықталады. Сондай-ақ осы арқылы әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша көлік санын арттыратын тасымалдаушы компанияларды бюджет есебінен субсидиялауға мүмкіндік туады.

Жеңілдіктер сақталады

Қоғамдық көліктерге «валидатор» деп аталатын терминал орнатылады. Олардың саны автобус, трамвайларда екі-үштен кем болмауы тиіс. Дүңгіршіктер мен арнайы сауда нүктелерінде сатып алуға болатын төлем картасының балансын ұялы телефонға бірлік салғандай толтырасыз. Қоғамдық көлікке кірген бойда картаны валидаторға жақындатсаңыз, ол жолақы сомасын бірден шешіп алады. Егер жаныңыздағы адам үшін төлегіңіз келсе, карта арқылы тағы бір мәрте төлем жасайсыз. Сондай-ақ терминал арқылы төлем жасағанда, сіздің картаңыздың шотында қалған сомма көрініп тұрады. Төлем жасалғаннан кейін, бірер секундтың ішінде банктегі шотқа ақша түсіп отырады.

– Оқушылар, студенттер мен зейнеткерлер, соғыс ардагерлері үшін жеңілдіктер сол күйінде қалады. Олардың картасы өзгешелеу болады. Оған жеке басын куәландыратын мәліметтер енгізіледі. Ал қала қонақтары үшін бір реттік төлем карталарын жасау да жоспарда бар, – дейді Ерлан Мұстафин.

Жүйе жолақы бағасына әсерін тигізбейді. Сондай-ақ жол жүру билеттері қарастырылмаған. Бәлкім, болашақта оның да бір орайы келіп қалар. «РОСТ» ЖШС басшысы Евгений Клейн жүйе әлі кіріктірілмегендіктен, әлі де өзгерістердің болатындығын айтады.

Кондукторлар қайда барады?

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтің берген мәліметіне сүйенсек, электронды билеттеу қоғамдық көліктердің барлық түріне енгізілмек. Жоба 2019-2020 жылдар аралығында жүзеге асырылуы тиіс. Елбасы өзінің биылғы Жолдауында көлік-логистикалық секторды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Облыс басшысы Даниал Ахметов те жуықта өткен қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында алдағы жылы Өскемен және Семей қалаларының қоғамды көліктері электрондық билеттеуге көшетінін, осы мақсатта 1,8 млрд. теңге қаржы қарастырылатынын атап өтті. Өскемен қаласының жолаушы тасымалын басқару орталығының директоры Ернар Мұстафинның сөзіне сүйенсек, осы жылдың соңына дейін жобаны іске асырушы компаниялар арасында тендер өтеді. Демек қоғамдық көліктердің электронды билеттеуге көшетін күні де алыс емес. Алайда осы электронды билеттеу жүйесі онсыз да екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыздардың қатарын толықтырмай ма деген сауал туындайды. Бүгінде облыс орталығындағы қоғамдық көліктерде 400-ден астам кондуктор қызмет етеді екен. Ертеңгі күні олардың қызметін терминал атқарса, олардың жағдай не болмақ?

Ернар Мұстафинның айтуынша, жұмыссыздық мәселесі туындайды деп айту әзірге ерте. Өйткені жүйе кіріктіріліп, тұрғындар оны толықтай түсінгенге дейін «кеңесші» қызметін атқаратын осы кондукторлар болмақ. Олардың біраз бөлігі бақылаушы қызметін атқаратын болады.

Ал облыс орталығындағы жолаушылар тасымалымен айналысатын «РОСТ» ЖШС басшысы Евгений Клейн кондукторлардан бас тарқанмен, қоғамдық көліктердің тазалығын қадағалайтын адамдардың қажеттігі туындайтынын жасырмайды. Өйткені қазіргі күні кондукторлар бұл міндетті қоса атқарып жүр.
– Кәсіпорынға керісінше үнемі кондукторлар жетіспейді. Қызметке көбінесе зейнеткерлер сұранып жатады. Сондай-ақ «Д» санаты бар жүргізушілер де өте аз, – дейді ол.

Жолаушыларне дейді?

Бұл жаңашылдықты жалпақ жұрт «алақайлап» қарсы алмаса анық. Қоғамда әр буын өкілдері өмір сүріп жатқандықтан, біреуге оңай көрінген жүйе біреулерге айтарлықтай қиындық туғызуы мүмкін. Әрине, қанша адам болса, сонша пікір болады. Дегенмен осы жаңашылдыққа байланысты тұрғындардың да пікіріне құлақ түруді жөн көрдік.

Жадыра Нұрахметова, студент, 21 жаста:

– Мен үшін карта арқылы төлем жасау еш қиындық туғызбайды. Тек студенттерге арналған жеңілдіктер сақталса болды. Сол маңыздырақ. Жастардың көбі қазір төлемдерді онлайн жасағанды құп көреді. Сондықтан жастар жағы қуанбаса, ренжімес деп ойлаймын.

Гүлсанат Қырықбаева, қала тұрғыны, 53 жаста:

– Басында ұялы телефонды да жатырқаушы едік. Оны да меңгеріп алдық қой. Үйреніскенше ғана деп ойлаймын. Анау айтқандай қиындығы жоқ сияқты, тек ауыл-аймақтан қыдырып келгендерге болмаса.

Екатерина Карабасова, кондуктор:

– Өткен жылы электронды билеттеуге көшеміз дегенді естігенде, кондукторлар өзара шулағанымыз бар. Жұмыссыз қаламыз ба деп ойладық. Кәсіпорында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жұмыссыз қалдырмауға уәде берді. Енді не болатынын уақытында көрерміз.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button