Электробустың құны – 280 мың доллар

Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтарын бір ай бойы межелі жерлеріне жеткізіп жүрген электробустар жұмысын аяқтауға жақын.
Инновациялық техниканы сынақтан өткізіп жатқан Higer Quazar компаниясы өкілдерінің айтуынша, сәуір айының соңынан бері қала көшелерімен қатынап келетін экологиялық көлік өзін жақсы қырынан көрсете алыпты. Бұл туралы алматылық компания бас директорының орынбасары Роман Миразимовпен әңгімелесу барысында білдік.
– Бүгінде сынақта жүрген электробустың ұзындығы сегіз метрді құрайды. Дегенмен, қала билігі тарапынан тапсырыс түссе, біз 12 метрлік электробустарды да құрастыратын боламыз. Көліктің ұзындығы, оның жабдықталуы мен жолаушылар орындықтарының саны – бәрі тапсырыс берушінің сұранысына қарай жасалатын дүниелер, – деген Р.Миразимов электробус ауа баптағыш, аласа баспалдақ, мүмкіндігі шектеулі адамдардың арбаларына арналған орындар, экологиялық қаптамалар сияқты заманауи дүниенің барлығымен жабдықталғанын да айтты.
Дегенмен, еуропалық стандартқа толығымен сай келетін аталмыш техниканың бағасы да арзан емес екен, 12 метрлік электробусты сатып алуы үшін тұтынушы 280 мың АҚШ долларын төлеуі тиіс. Бұл ең алдымен титан мен литийден құйылған теңдессіз батареялардың қымбаттығына байланысты.
Әңгіме барысында Роман Миразимов қазір Өскемен көшелерімен жүрген электробус былтырғы ЭКСПО көрмесі кезінде Астана қонақтарын да тасығанын айтты. Жалпы, бұл көліктер 2017 жылы Өтеген батыр кентінде (Іле ауданы, Алматы облысы) пайдалануға берілген Швецияның технологиясымен жұмыс істейтін құрастыру цехының алғашқы өнімі екенін айта кеткен орынды. Айналасы бір жыл ішінде су жаңа электробустар Астана, Алматы, Жаңаөзен, Қарағанды және Мәскеу қалаларында сынақтан өтіп үлгеріпті. Қысты Қарағанды мен Жаңаөзен қалаларында қарсы алған электробус өзінің аязға төзімді екенін де дәлелдеп шыққан көрінеді.
Осы ретте бізде кәдімгі дизельді отынмен жүретін автобустардан бірнеше есе қымбат тұратын мұндай көліктерді тасымалдаушылардың қалтасы көтере алар ма екен деген сұрақ туындағаны рас. Бұл сұрағымызға да сұхбаттасушымыздың айтары бар екен.
– Елімізде Астанадан басқа қалалардың барлығында қоғамдық көлік қызметі жеке бизнестің қолында болғандықтан, оны тұрақты маршруттарға енгізу мүмкін болмай тұр. Егер өзге қалалар да қоғамдық көлік қызметін басқаратын муниципалды орталықтар ашса, автобустар экологиялық техникалармен ауыстырылуы мүмкін. Ал жеке тасымалдаушылар үшін бағасы әлдеқайда арзан дизельді автобустарды сатып алу тиімді. Сондықтан жеке тасымалдаушыларды жаңашылдыққа ынталандыру үшін даму институттары оларға тиімді ұсыныстар жасауы керек деп ойлаймын, – дейді Higer Quazar компаниясының өкілі.
Оның айтуынша, бұл электробустар өз бағасын бес жылдың ішінде ақтайды. Ал қала билігі болса, электробустар жаппай қолданысқа енген күннің өзінде жол жүру бағасы алғашқы бес жылда өзгермей, қазіргі тариф деңгейінде қалатынын айтып отыр.
Тағы бір айта кетерлік жайт, облыс орталығына келгелі бері аталмыш электробустың жол үстінде бірнеше рет өшіп қалғаны туралы ақпараттар тараған болатын. Роман Миразимов ондай оқиға ескі трансформатордың кернеуі күрт көтерілуі салдарынан орын алғанын мәлім етті.
Естеріңізге салайық, электробустың Өскемендегі сынағы енді бір аптадан кейін аяқталмақ. Сынақ сәтті өтіп, Higer Quazar компаниясының ұсынысы мақұлданған күннің өзінде де мұндай арзан емес электробустарды қаладағы қай тасымалдаушы компания сатып алатыны әзірге белгісіз болып тұр.
Нұржан Кенжеұлы