Қоғам

Электр желісін тарту жұмыстары жалғасып жатыр

Электр желісін тарту жұмыстары жалғасып жатыр

Өңірімізде жоғарғы 500 киловольтты желі тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматылық «Аманат А» ЖШС мамандары Өскемен – Семей автожолының 39-шы шақырымында жоспардағы құрылысты тамамдап қалды.
Бекітіліп берілген 20 шақырымнан астам учаскеде 35 маман, тоғыз техника жұмыс істеп жүр. Мұндағы жұмысшылар вахталық әдіспен 20 күн еңбек еткеннен кейін үйлеріне жіберіледі. Жұмыс учаскелері айдалада болғанымен, мамандар үшін тиісті мүмкіндіктер жасалған. Атап айтар болсақ, жұмысшылар кешкілік жылжымалы асүйде тамақтанып, жатын вагонда тынығып демалады. Күнделікті астарын әзірлейтін аспазшы маман да бар.
– Бұл өңіраралық үлкен электр желісінің айналма тұсы. «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» жобалары бойынша құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы керек. 500 киловольттық электр желілері іске қосылғаннан кейін аталмыш бағыттар бойынша Ұлттық электр желісінің өту ауқымы кеңейеді, – дейді учаске басшысы Мұхтар Бектібаев.
Мұхтар Бектібаевтың айтуынша, жоғары вольтты электр энергиясын Қазақстан шеттен сатып алып отырған көрінеді. Демек, бұл жоба аяқталғаннан кейін еліміз ішкі электр энергиясын пайдаланатын болады. Жоба бойынша құрылыс жұмыстарына заманауи құрылыс материалдары пайдаланылып жатыр. Биік-биік темір бағаналардың басындағы трансформаторлар, электр шектеушілер әлемдік деңгейдегі зауыттардың өнімдері. Ал электр тогы өтетін жуан сымдар Қазақстанда шығарылады.
120 млрд. теңгенің «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» жобасы екі кезеңмен 2018 жылы аяқталады. Құрылыс жұмыстары кезінде 1800 адамды жұмыспен қамтыса, аяқталғаннан кейін 97 адамға тұрақты жұмыс ұсынылады.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button