Қоғам

Электр желілері жаңартылды

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Ұлан ауданындағы Герасимовка ауылының электрмен жабдықтау жүйелері толық жаңғыртылып отыр.

Жергілікті тұрғындар бұған дейін электр қуатының жиі-жиі үзілуіне және желідегі кернеудің жеткіліксіздігіне шағымданатын. Соңғы рет ауылдың энергиямен жабдықтау жүйесі өткен ғасырдың соңында жаңғыртылған-ды. Осындай ұзақ уақыт ішінде жабдықтың көп бөлігі тозып, ауыстыруды қажет етті. Сондықтан ауыл көшелеріндегі электр сымдарын толығымен жаңарту туралы шешім қабылданды.

Құрылысқа республикалық бюджеттен 250 миллионнан астам теңге бөлінген. Бас мердігер ұйым – «Индустрой-2» серіктестігі. Техникалық қадағалауды «Мұзтау», авторлық қадағалауды «VK ETNA» серіктестіктері іске асыруда.

– Құрылыс-монтаждау жұмыстары осы жылдың шілдесінде басталған болатын. Тартылған трассалардың жалпы қашықтығы он шақырымнан асады. Қазіргі уақытта энергетикалық компания мамандары Герасимовка тұрғын үйлері мен ғимараттарына электр берудің әуе желілерін ауыстыруды аяқтауда, – дейді Ұлан аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сабыржан Қилыбаев.

Қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жүйенің жалпы қуат тұтынуы сағатына 700 киловатқа дейін артпақ. Бүгінгі күні нысанның құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Тек іске қосу-жөндеу жұмыстары ғана қалып отыр.

Осы жобаның нәтижесінде 50 адам жұмыспен қамтылып отыр, оның жартысы, яғни 25-і – халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілгендер.

Ержан Әбіш

 

Осы айдарда

Back to top button