Электр қуаты 11,8 пайызға қымбаттады
1 қаңтардан бастап облыс тұрғындары үшін электр қуатының бағасы орта есеппен 11,8 пайызға қымбаттады. Мұндай шешімді Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшылығы қабылдады.
Департамент директоры Қайрат Оразбаевтың ақпаратына сенсек, қарапайым жұртшылық үшін қуаттың орташа тарифі 10 пайызға, ал заңды тұлғаларға 14,4 пайызға көтерілген.
Десек, бұған үш себеп бар көрінеді. Біріншіден, ел Үкіметі мен өңірдегі энергия өндіруші стансалар арасында бағаны ЖЭО-лар және СЭС-тармен 8 пайызға өсіру жөнінде келісім жасалған. Екіншіден, ағымдағы қаңтардан «ШҚ АЭК» АҚ-ның өңірлік желілері бойынша электр қуатын беру құны 50 пайызға артқан. Үшіншіден, былтырғы 1 қазаннан бері «KEGOC» АҚ-ның өңіраралық желілері арқылы электр тарату қызметі 16 пайызға қымбаттаған.