Қоғам

Электр энергиясы 15 пайызға қымбаттайды

Бірінші сәуірден бастап жылу электр станцияларының шекті тарифтері 15 пайызға қымбаттайды. Мұндағы басты себеп – бүгінде тозығы жеткен станцияларды қайта жаңғыртуға деген қажеттілік, деп хабарлады еліміздің Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Еліміздегі энергия өндіруші 45 кәсіпорынның 37-сі өз өнімдерінің шекті тарифтерін 2021 жылғы бірінші сәуірден бастап ұлғайтатын болады. Бұған дейін аталмыш ұйымдар тарапынан шекті тарифтерді 36 пайызға дейін өсіру туралы сұраным жасалған болатын. Дегенмен, құзыретті органдар жарты жылдан астам уақыт бойы берілген өтінімдердің негізділігіне талдау жүргізіп, бір шешімге келді.

Жүргізілген жұмыстар мен талқылаулардың нәтижесінде жылу электр станцияларының энергияның шекті тарифтерін арттыруға байланысты сұраған деңгейі екі еседен астам мөлшерге төмендетілді.

– Тарифті қымбаттатуға байланысты сұранымдарды қарау кезінде министрлік әрбір жағдай бойынша жеке тәсіл қолданды. Уақтылы шешімді талап ететін өтінімдер назарға алынды. Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің орташа өсуі 15 пайыздық деңгейінде болжануда, – деп хабарлады Қайрат Рахимов.

Вице-министрдің мәліметінше, Қазақстанның энергетикалық көздерінің басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары пайдалануға берілген екен. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі энергетикалық активтердің тозуы 53 пайызды құрайды. Ал өндіру секторындағы негізгі шығындар оларды жұмыс жағдайында ұстауға бағытталды. Қазіргі уақытта станциялардың көпшілігінің кірістері олардың шығындарынан аз.

– Жеткіліксіз қаржыландыруға байланысты электр станцияларында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасы ерекше алаңдаушылық туғызады. Өкінішке қарай, шекті тарифтерге салынған жөндеу жұмыстарына жұмсалатын шығындардың рұқсат етілген деңгейі қажеттіліктерді толық көлемде жаппайды, – деп атап өтті Қайрат Рахимов.

Осыған байланысты, ел аумағында электр энергиясын өндіру кезінде әртүрлі себептермен 2 000 МВт энергия үнемі жөндеу жұмыстарының кесірінен жетіспей жатады. Бұл әсіресе еліміздің оңтүстігінде орналасқан Жамбыл, Түркістан және Қызылорда сияқты  үш облыста жиі байқалып тұрады.

Толық деңгейде қаржы бөлінбегендіктен апаттар мен техникалық ақаулардың әсерінен болатын кідірістер саны көбейген. Өткен жылы Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде 4 458 технологиялық ақауға жол беріліп, көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 11 пайызға өскен. Әрбір ірі технологиялық ақау  Қазақстанның бүкіл энергетикалық жүйесіндегі апаттық тәуекелді арттыратыны белгілі.

Мамандардың айтуынша, электр станцияларындағы шекті тарифтерді уақтылы түзету олардағы жаңғырту жұмыстарын сапалы жүзеге асыруға, сондай-ақ 2021-2022 жылдардың күзгі-қысқы кезеңінен сәтті өтуге және апаттық жағдайларды азайту үшін уақтылы және толық көлемде жөндеу жүргізуге мүмкіндік беретін көрінеді.

Бұдан бөлек, тарифтерді қайта қарау жоғарыда айтылған 45 энергия өндіруші ұйымда жұмыс істейтін 23 мыңға жуық қызметкердің жұмыс орнын сақтап қалуына көмектеспек. Жалақының аздығы осы саладағы кәсіби мамандардың басқа салаларға кетіп қалу қаупін арттырады. Бүгінде осындай жағдайлардың шет-жағасы ақырындап бас көтере де бастаған. Мысалы, 2016 жылы Қазақстанның негізгі электр станцияларында 26 мыңнан астам адам жұмыс істесе, 2020 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемінің 15 пайызға ұлғаюына қарамастан, олардың саны 23 мың адамнан аспай қалған.

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button