ҚоғамТөтенше жағдай

Елді мекендерге төнер қауіп жоқ

Шығыстың түкпір-түкпірін шарпыған дала өрттері біртіндеп ауыздықталып келеді. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мәлім етті.

Дегенмен, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Мәселен, Күршім ауданындағы «Марқакөл орман шаруашылығы» мекесемінің, сондай-ақ Бобровка орманшылығы мен Төсқайың ауылдық округінің аумағында тұтанған өрттің аумағы шамамен 1 800 гектарды құрап отыр екен. Осыған қарамастан, жақын жерде орналасқан елді мекендерге қауіп жоқ, дейді құтқарушылар.

Бүгінде Марқа жерін шарпыған тілсіз жаумен күреске өрт сөндірушілер мен орманшылардан бөлек, жергілікті атқарушы билік органдардың мамандары, полиция қызметкерлері, барлығы 280-ге жуық адам және 34 техника жұмылдырылған. Қызыл жалынды ауыздықтауға су шашатын құрылғылары бар үш тікұшақ та тартылыпты. Жағдай толықтай мамандар бақылауында.

Ал Алтай ауданындағы отқа оранған жердің аумағы 1 400 гектарға жетіпті.

– Алтайдағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда, маңайдағы елді мекендерге қауіп жоқ. Оқиға орнында жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылды. Тілсіз жаумен күреске 33 техника мен 350-ден астам адам қатысуда, – деп хабарлады ТЖД мамандары.

Сондай-ақ, Катонқарағай ауданында да өрт сөндіру жұмыстары толастаған емес. Бүгінде Алтынбел ауылының маңайындағы, сонымен қатар, Большенарым орман шаруашылығы мен Ново-Березовка орманшылығының аумағындағы орман және дала өрттерін сөндіруге 350 адам мен 27 техника тартылған. Мұндағы өрттің аумағы шамамен 1 900 гектарды құрап отыр. Тұрғындарға төнер қауіп жоқ, дейді құтқарушылар.

Есесіне, Күршім ауданының Құйған ауылдық округі аумағында тұтанған өрт біраз қиындық туғызған көрінеді. Бұл аймақта 200 гектардай жер отқа оранған екен.

«Қазіргі уақытта елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Апатты жоюға ТЖД, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы билік органдары мен полицияның 70-тен астам адамы мен 18 техникасы жұмылдырылды, – дейді мамандар.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button