Қоғам

Елбасының өз қолынан сыйлық алған отбасы

Елбасының өз қолынан сыйлық алған отбасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» атты бірінші республикалық байқауына қатысқан Паницкийлер отбасын курчатовтықтар ерекше салтанатпен қарсы алды. Елбасының өз қолынан алған «Нива» автокөлігінен түскен бақытты отбасын қала тұрғындары құттықтап, қолдарын алу асықты.

Оркестрмен күтіп алды

– Біз бұл байқауға қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Әрине, үбірлі-шүбірлі болып, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған отбасылармен бәсекеге түсу біз секілді жас отбасыға қиындау соққаны рас. Дегенмен, еш өкінбейміз, өте қызықты болды. Көп нәрсені көңілімізге түйіп қайттық. Туған жерге оралғанда жерлестеріміздің оркестрмен күтіп алғаны да біз үшін күтпеген сый болды, – дейді жүзі қуаныштан бал-бұл жайнаған Динара Паницкая.
Ал Андрей Паницкий Елбасының өзі тарту еткен «Нива» көлігінің ұнағанын, Астанадан Курчатовқа дейін өзі жүргізіп келгенін айтады.
– Автокөлік балаларға да ұнады. Олардың да қуанышында шек жоқ. Енді Шығысымыздың тамаша жерлерін тамашалауға мүмкіндігіміз бар. Елбасымызға ерекше ризамыз, – дейді ол жан толқынысын жасыра алмай.
Әрине, «Мерейлі отбасы» байқауына қатысарда Андрей мен Динараның көңілдерінде қобалжудың болғаны рас. Бірақ оларды қолдап, дем берген жандар көп болды. Әсіресе, облыс әкімдігі мен Курчатов қаласының әкімдігіне, «Надежда» балалар қорының жетекшісі Нина Дмитропавленкоға өздері жұмыс істейтін Экология және радиациялық қауіпсіздік институтынының басшылығына алғыстары шексіз.
Жалпы, Курчатовта Паницкийлер отбасын білмейтін жан жоқ десе де болады. Жас болса да үлгілі де өнегелі отбасына айналып үлгерген Андрей мен Динараны жұмыстағылар да ерекше сыйлайды. Осы арада олардың бір институтта қызмет істейтінін де айта кетейік. Андрей эколог болса, Динара – химик. Ғылым жолындағы табыстары да жетерлік.
– Біз үшін институттың орны бөлек. Динарамен осы институт қабырғасында танысып, табысып, отау құрдым, – дейді орыс жігіті Андрей Паницкий.
Қазақ қызы Динара да Андрейді жолықтырған тағдырына риза.
– Бұл 2002 жыл еді. Мен экология және радиациялық қауіпсіздік институтында жұмыс істеп жүргенмін. Бірде мені көрші кабинеттегі телефонға шақырды. Сол кезде үстелде әлдебір нәрсені шұқшия оқып отырған Андрейді алғаш рет көрдім, – дейді Динара Паницкая сол бір кездерді еске түсіріп.

Балаларын қағаздан бұйым тоқу өнеріне баулып жүр

Содан бері де біраз уақыт өтіпті. Қазір Андрей мен Динараның отбасында Максим, Данил, Тимур, Артем есімді төрт ұл өсіп келеді.
– Әйел адам үшін ана болудан асқан бақыт бар ма? Дүниеге келген әр бала ерлі-зайыптылардың арасын жақындата түседі екен. Баланың өміріне деген жауапкершілік жаңа мақсаттарға жетелейді, – дейді Динара.
Міне, мынау Андрейдің балаларына жазған хатынан үзінді:
«Сендер дүниеге келгенше жәй ғана өмір сүрдім, оқыдым, жұмыс істедім. Қарап отырсам, ол бойдақ жігіттің қарапайым ғана өмірі болатын. Содан соң үйлендім, өмірге сендер келдіңдер. Алдыма нақты мақсаттар қойдым. Отбасымның болашағы үшін жарқын істерге ұмтылдым. Қиындықтарға, алдымнан соққан өмірдің дауылы мен борандарына қарсы тұрдым. Кейде қиналсам да, құламадым. Жығылсам да, жасымадым. Мен қазір сендердің қалай өскендеріңді бақылай жүріп, өмір сүрудің керемет екенін түсіндім. Сендер менің – байлығымсыңдар».
Андрейдің балаларына жазған хаты шынында да әрбір әкенің сезімін қозғайды. Іштей әрбір әке Андрейдей-ақ болса ғой дейсің.
– Бала дегеніңіз – бақыт, бала дегеніңіз – болашақ. Ертең қартайғанда саған сүйеніш болатын да – осы балалар. Сондықтан да оларға дұрыс тәлім-тәрбие беру өте маңызды. Балаға неғұрлым мейіріміңді төксең, жемісі де соғұрлым тәтті болады, – деп санайды Паницкийлер отбасы.
Андрей мен Динараның егіз ұлдары Максим мен Данил мектепте де озат оқушылардың қатарынан саналады. Сонымен қатар, олардың спортта да бағындырған биіктері жетерлік. Таэквондодан өткен көптеген халықаралық, республикалық, облыстық жарыстардың жүлдесін талай мәрте қанжығаларына байлап та үлгерді.
Жалпы, Паницкийлер отбасы жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Күйеуі орыс жігіті болса да, Динараның бойындағы қазақы қасиет көзге ұрып тұрады. Оның қонақ күтуі де ерекше. Қазақтың және орыс ұлтының ұлттық тағамдарын керемет әзірлейді.
Тағы бір білетініміз – Динараның ұлдарын қағаздан небір бұйымдар тоқу өнеріне баулып жүргені. Бұл күйеуі Андрейге де ерекше ұнайтын секілді.
– Әр ата¬-ана баланың қалыптасуына, адам болуына өз үлесін қосады. Мысалы, Динара ұлдарымның шығармашылық жағынан дамуына көп көңіл бөледі. Үйдегі Динара мен ұлдарымның қағаздан жасаған небір дүниелерін көрген жанның көзі қуанады, – дейді Андрей жымиып.
Ал Динара Паницкая анау-мынау қиын заман болса, ұлдарының бір үзім нансыз қалмайтынына сенімді.
Паницкийлер отбасының бірінші республикалық «Мерейлі отбасы» байқауынан алған әсерлері ұшан-теңіз.
– Балаларымыздың да осы үлкен шарадан үлгі-өнеге алып, болашақта жақсы, тату-тәтті отбасын құрғанын қалаймын. Біздің еліміз қазба байлыққа ғана бай емес, жақсы адамдарымен де мақтана алады. Жақсы адам, Отанын шексіз сүйетін нағыз азамат ең алдымен жақсы отбасында тәрбиеленеді, – дейді отағасы Андрей.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button