Қоғам

Елбасының кесесін ешкімге бермейді

Елбасының кесесін ешкімге бермейді


Біреулер «Нұрлы көш», біреулер «Жаңа ауыл», тағы біреулер «Түтінсіз ауыл» атап кеткен бір елді мекен бар. Ал азан шақырып қойған аты – Шығыс кенті. Кім не десе де, Шығыс өңірінің тәуелсіздік жылдары жасаған жалғыз қолтума ауылы.

Егемен елдің әл-ауқатын паш ететін бұл ауылға бастапқыда әр қиырдан жиылған қандастарды шоғырландырса, соңғы жылдары «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы болашағы жоқ ауылдың тұрғындарын көшіріп әкелген. Тұрғындар үшін жаңа ауылы жүректерінде Астанадан аласарып көрген жоқ. Себебі, Шығыс кенті де Тәуелсіздік тартуы ғой.

Өңге айналған түс

«Нұрлы көш» бағдарламасымен тақыр даладан бой көтерген кент тұрғындарының қоныс тойына Елбасы өзі келіп қатысып, алыс-жуықтан келіп тоқайласқан ағайынның қуанышымен бөлісіп қайтқаны белгілі.

Содан бері де аттай желіп жеті жыл өте шығыпты. Елбасы келіп қоныс тойы мен ұлыс тойын қатар тойлаған 25 наурыз ауылдың содан бері туған күні болып белгіленіп қалды. Ал тарыдай шашыраған тағдырлы елдің басын қосқан Нұрсұлтан Әбішұлының сол сапарын ауыл тұрғындары әлі күнге мақтанышпен еске алады. Қалай мақтанбасын, әлемдік деңгейде жүрген әйгілі адам өздерімен емен-жарқын әңгімелесіп, кеңесін айтып, дастарқандас болса… Қазақ би түсіп, билік айтқан үйді «түсел түскен үй» деп ардақтайды, әлгі үйден дәм татудың өзін мәртебе санайды. Сондай ырымшыл елдің үйіне патша түсіп, кеңес құрып жатса ше?!

Нұрбақыт Атанұлының – маңдайына дәл сондай батпан бақ бұйырған азамат. Егер Нұрбақытпен сөйлесе қалсаң Елбасымен бір болған сондағы екі сағаттық уақыттың әсерін таңды-таңға ұрып әңгімелеп беруге бар.

-1989 жыл. Алтайдың Қытайға қарасты бетіндегі Қыран өзенінің бойы. Әкем «Азаттық» радиосын тынбай тыңдайды. Екі сөзінің бірі – «Кеңес үкіметі бітті». Бір күні түс көріпті. Жеменей өзенінен өтіп келіп, бір жалпақ тастың бетіне кемпірінің, бала-шағасының, тіпті өзі көрмеген үрім-бұтақтарының атын жазып, өз атын жаза алмапты. Қайтарда мөп-мөлдір болып жатқан көк өзен өткел бермейді. Түсін жори келе, «маған ол жақтың топырағы бұйырмайды екен, шешеңді алып ата жұртыңа бір сәт бөгелмей кет» деді. Айтқандай бір жылдан соң әкем өмірден өтті, екі жылдан соң Қазақ елі тәуелсіздігін жариялады, – деп бастады әңгімесін сұхбаттасымыз.

Әке аманантын адалдықпен орындаған ұлдың есімі шынында тарих дейтін жақпар тасқа Шығыс кентінің алғашқы әкімі болып қашалып қалды. Ол да қас-қағым сәтте қолына қонған бақ құс еді.

Шай үстіндегі әзіл

Елбасы Өскеменнің іргесінен бой көтерген жаңа ауылға барған соң, қазақ дәстүрі бойынша бір үйден дәм татып, салынған үйлерді көзбен көру болатын-ды. Президенттің қазақ дәстүрінен аттамайтын ұстанымын білетін жергілікті билік өкілдері мен Президент Әкімшілігі қызметкерлерінің алдында «қайсы үйге апарамыз?» деген сұрақ тұрады.

Ақыры сөзге ұстамды, жөн-жосыққа жеттік, бойынан ізігілік пен білімділік аңқып тұрған Нұрбақыттың шаңырағына тоқталады. Бұған дейін салынып біткен үш жүзге жуық үйдің алғашқы он үйіне келіп кіргендердің бірі де – осы жігіт болатын. Оның үстіне наурыз тойы өтетін «Нұршуақ» балабақшасына ең жақын үйлердің бірі де осы кісінің баспанасы еді.

Ақ түйенің қарны жарылып, ұлыс тойы мен қоныс тойының ұлы дүбіріне салтанатты Президент кортежі келіп қосылды. Көгілдір экраннан ғана көріп жүрген сүйікті ұлдарын жақыннан көргісі келіп ентелеген ел, жол ашуға тырысып қоғадай жапырылған қызметкерлер…

– «Пах шіркін, ауылдың үйлері-ай», – деп босағадан соза сәлем бере кірген Елбасы маған «аяқ шешіп кіреміз бе?» – деп қалжыңмен амандасты. Бас киімі мен сырт киімін шешіп, оң жақтағы төсектің үстіне лақтыра салып, үйлерді аралап шықты. Дастарқан басына жайғасқан соң, еркін әңгімеге көштік. Мені халықтың алдында өзін сондай қарапайым, сондай еркін ұстайтыны таңғалдырды, – дейді үй иесі.

Дастарқан басындағы әңгіме Нұрбақыт пен жергілікті әкімдік сценарийінің быт-шытын шығарыпты. Шай үстіндегі әңгіменің қысқаша желісі төмендегідей:
Елбасы: – Бабаңның байырғы жұрты қай жер екен? Әкең не жұмыс істеп еді?

Нұрбақыт: -Тарбағатай өңірінен көшіппіз. Әкем Оспанның сарбазы болған.

Елбасы: (сол кездегі облыс әкіміне қарап) – Сіз білесіз бе, Қытай жерінде туған Оспан – әлем қазақтарының жүрегінен орын алған батыр. Оспан – бүкіл әлемдегі коммунистердің үрейіне айналған бірегей тұлға. Оған қару ұстап сарбаз болып ілесу түгіл, ат-қосшы болудың өзі ерлікке барабар. Тектінің тұяғы екен, көп ойланбай осы жігітке ауыл тізгінін ұстатыңдар. Анамыздың да айтары бар шығар? Жасыңыз ұлғайған шақта қоныс ауыстырдыңыз, жаңа жерге үйрене алдыңыз ба?

Нұрбақыттың анасы: – Үйрендік қой, үйрендік… Тұңғышым тірі болса, қазір жетпістен асар еді. Сондықтан балам деп айта берейін. Өзім 94 жасқа келдім. Ақжолтай бала екенсің. Бір емес, үш бірдей тойдың үстіне келдің. Ұлыстың ұлы тойы – наурызбен бірге жаңа ауылдың тұсауы кесіліп жатыр. Ал біздің отбасымызда ұлым үй алып қоныс тойы өтуде. Өзім кезінде айтыскер ақын болған едім. Осы үш тойдың құрметіне бір айтысып қызық көрсетейін деп едім, мына сары ұл (сол кездегі облыс әкімі) айтысатын бір шал тауып бермеді.

Орынды әзілге орнынан тұрып қол соғып, қошемет көрсеткен Елбасы сол көтеріңкі көңіл күймен ел ортасындағы тойға беттеді. Бастапқыда үй ішіндегі әңгіме 20 минут болады деп жоспарланғанымен, Елбасының еркін әңгімесі сағатқа жуық созылды. Тағдыр тауқыметімен әр қиырға кетіп, өзінің кеңпейіл, жылы құшағымен қайта жиылған ағайындармен бірге қара жорға биін биледі. Наурыздың ызғары кетпеген салқын күні ешкімді тоңдыра алмады. Ел мен Елбасы қоянқолтық билеп, бірігіп ән айтып жүр.

Бір қызығы, қонақтар аттанған соң, Елбасы отырған дастарқан басындағы дүниелерге ауыл тұрғындары тап береді. Бірі ырымдап қасығын әкетсе, бірі табаққа таласады. Қазір бұл үйде тек Елбасы отырған орындық пен шай ішкен кесе ғана сақталып тұр. Сол кездегі аудан әкімдерінің бірі кесені аттай қалап сұраса да, үй иесі бермепті.

– Үйден шыққан соң, халық толқыны мені Елбасыдан алыстатып жіберді. Елді кимелеп жанына таяуға ыңғайсыз болды. Алыстап қалған мені көзі шалған Елбасы өз қасына шақырып алып, халыққа таныстырды, – дейді жаңа ауылдың тұңғыш әкімі.

Елбасының кесесін ешкімге бермейді

Мейманы азайса да, мейрамы тарқаған жоқ

Нұрбақыт Атанұлы Елбасы өзі сеніп тапсырған бұл қызметті үш жылға жуық атқарды. «Жақсыдан шарапат» демекші, Елбасының өзі тұсауын кескен Тәуелсіз қазақ елінің өз туындысы бұдан кейін Шығысқа келген құрметті қонақтардың бір соқпай кетпейтін құтты орнына айналды. Қабдеш Жұмәділов, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев бастаған елдің игі-жақсыларының бәрі келіп түстеніп, аттанды бұл ауылдан. Иә, жергілікті биліктің де мақтанышпен көрсететін елді мекені еді.

«Елу жылда ел жаңа» дейді қазақ. Елбасының өз туындысы болған аталмыш ауылдың жеті жылдағы жетістігі де жетерлік. Цифрлар сөйлесін: алғашқы жылы бұл ауылда 1050 жан саны болса, өткен жылдың санағы бойынша 4880 адамға жеткен. Жеке кәсіпкерлердің саны жетіден 47-ге көбейіпті.
Балабақшадағы бүлдіршіндер жеті жылда 92-ден 270-ке жетіп отыр. Бір атап өтерлігі, қазір бала туу көрсеткіші бойынша осы ауыл Өскеменде көш бастап тұр. Ең үлкен байлық – адам екенін ескерсек, Елбасының Өскеменге үлкен тарту жасағанын осыдан-ақ аңғаруға болатындай.

Елбасының кесесін ешкімге бермейді

Ал Нұрбақыт Атанұлы – бүгінде жеке кәсіпкер. Елбасының өзін әзілімен желпіндірген анамыз 96 жасында дүниеден озды. Балалары жоғары оқу орнын бітірген, ұлы – ұяда, қыздары – қияда. Өз алдарына өмір сүріп жатыр. Шығыс кентіне баяғыдай құрметті қонақтар да жиі келмейтін болған. Бірақ жиі шілдехана өткізетін ауылдың думаны тарқаған жоқ. «Қол жетті міне, аңсаған күнге, жасай бер, жаса, қазағым менің…» деп әуелете ән салып келеді…

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button