Елбасының қамқорлығын сезініп келеді
Кеше Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында «Жастар. Бастамалар. Шығармашылық. Жетістік» атты жастар форумы өтті.
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың әкімшілік ғимаратындағы Назарбаевтану орталығында өткен шараға қаладағы жоғары оқу орындардың студенттері мен оқытушылары қатысты.
Форумға қатысушылар ең әуелі «Көшбасшылық қасиеттерді дамыту» тақырыбында ой өрбітті. Бұл тұрғыда, әрине, Елбасының өнегелі өмірі сөз болмай қалған жоқ. Сарабдал саясаткердің 25 жылдағы атқарған ауқымды жұмыстарын тілге тиек еткен форумға қатысушылар мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған ірі жобаларға тоқталып, сол жобалар жайындағы жастардың ойын ортаға салғызды. Айталық, «Дипломмен-ауылға», «Жұмыспен қамту – 2020», «Жастар іс-тәжірибесі», «Қолжетімді баспана. Жас отбасы» сынды ауқымды бағдарламалардың игілігін көрген жастар мұның бәрі Тәуелсіздік пен Елбасының ерен еңбегі екенін жеткізді.
Бұл форум тек жастарға ғана арналған жоқ, сол жастармен жұмыс жасап келе жатқан жасамыс жандарға да қатысты болды. Жоғары оқу орындарының декандары мен колледж директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған «ҚР жастар саясатын іске асыру мен тәрбие жұмысын ұйымдастыру аспектілері» тақырыбында пікір-сайыс өтті. Пікір-сайыс барысында мамандар өз тәжірибелерін ортаға салды.
– Біз бүгінгі шара аясында «Патриот болу менің түсінігім бойынша» тақырыбындағы студенттер арасында эссе сайысын өткізіп отырмыз. Өкінішке орай, кейбір оқу орнының студенттері эсселерін бүгін әкеліп жатыр. Сондықтан нәтижесін кейінірек шығаруға тура келіп отыр. Сайысқа қатысқан шығармаларды қазақ және орыс филологиясы кафедрасының мұғалімдері бағалайтын болады, – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі, аталмыш университеттің идеологиялық тәрбие жұмысы жөніндегі маманы Назым Аманжолова.
Әр оқу орнынан жиналған студенттер мен қаладағы жастар ұйымының мүшелері форум барысында «Не? Қайда? Қашан?» тақырыбында зияткерлік ойынға қатысты. Бұл ойын жастардың қарым-қабілеті мен логикалық ойларын сынға салды. Шара соңында жеңімпаздар мен белсенділер арнайы марапатқа ие болды.
Мұратхан Кенжеханұлы