ТОП

Елбасына арналған өлеңдер топтамасы

Елін сүйген, елі сүйген Елбасы

 

Еркін елдің, азат елдің патшасы,

Тарихтан орын алған жақсы аты.

Даңғыл жолын ерте тапқан Елбасы,

Ел бірлігін сақтау болған мақсаты.

 

Көз ілместен өтті талай таңдары,

Халықарада биік еді талғамы.

Көк аспанда қалықтауды армандап,

Елі үшін басқа жолды таңдады.

 

Қол жеткізіп еркіндікті ақ таңға,

Көк байрақты желбіреттік аспанға.

ЭКСПО-ны салдық  тағы қоржынға,

Жетістік көп айтар болсақ мақтанға.

 

Сарыарқаға астананы салдырған,

Қандастарды Отанына алдырған.

Халқы «күн» деп атап кеткен Елбасы,

Болашаққа нұрлы жолын қалдырған.

 

Өрлігі де, ерлігі де қалпында,

Сақтай білген шапағатын, нарқын да.

Қараңғыға жарық берген сәуледей,

Қиындыққа төтеп берген нар тұлға!

 

Болат кездік қын түбінде жатпайды,

Үмітіңді келер ұрпақ ақтайды.

Қайталанбас сіздей тұлға Елбасым,

Нұрлы жолың болашаққа бастайды.

 

Құндыз Тасқынбекқызы

 

Нұр-Сұлтан

 

Астана

Азаттық қаласы,

Кешкілік… керім жел… Есілдің жағасы.

Арудың көзіндей мөлдіреп тұр міне,

Әдемі, қарашы.

 

Астана

Ғашықтар мекені,

Күлімдеп барады қол ұстап екеуі.

Беймәлім мекеннен бейіштің желі кеп,

Бір сүйіп өтеді.

 

Астана

Ақындар әлемі,

Қаламның ұшында ғаламның мәнері.

Жыр болып жетсе егер жаһанға айып па,

Жанымның сәлемі.

 

Астана

Армандар асуы,

Көрінер ол да бір, ал кейде жасырын.

Ессіздеу жанымды жұмаққа айналдыр,

Ей, өмір, ғашығым!

 

Біржан Ахмер

 

Бозоқта боз жусанның иісі бар

 

Бұл дағы Жаратқанның сыйы шығар,

Бозоқта боз жусанның иісі бар.

Жанарға өкініштің жасы келіп,

Кеудеге сағыныштың күйі тұнар.

 

…Ел барда көш бастайтын туады ері,

Ескі жұрт өткен күннің куәгері.

Елбасым өзі келіп қазық қаққан,

Астана сол Бозоқтың мұрагері.

 

Сеземін түнді арқалап таң келерін,

Жолынан азаттықтың қан көремін.

Ақмола шайқасында қаза тапқан,

Жасағы жатыр мұнда Хан Кененің.

 

Жасынан Бұқар жырау ақыл берген,

Жалғасып Абылайдан жатыр керуен.

Айқасып қасық қаны қалғанынша,

Азаттық үшін Кене басын берген.

 

Көргенің маған аян қанша қырғын,

Бабалар қалды астында қанша қырдың.

Аяусыз боздақтардың төккен қаны,

Аяулы бізге жарқын болса бұл күн.

 

Көз салып бүгініңе қараса бір,

Бізге әлем ашылғандай жаңаша бір.

Кешегі Әлиханның арманы еді,

Бойына Қараөткелдің қала салу.

 

Түнекке қуып тастап түнді мүлде,

Бүгінгі аяқ бастық нұрлы күнге.

Бес бірдей алып қалған облысты,

Ерлігі Тәшеновтің үлгі бізге.

 

Қаратып жүзімізді құбылаға,

Шыққандай азаттықтың күні жаңа.

Біздерге мұра болған Мәңгілік ел,

Біздерге мұра болған Ұлы Дала.

 

Секілді темірқазық төбемдегі,

Астана ұлы қала әлемдегі.

Еліне тірек болған Елордамыз,

Елдігін бабалардың дәлелдеді.

 

Кешегі болды сол бір күмән ада,

Астана айналды әсем мұнараға.

Жиырма жыл оған куә мына халық,

Жиырма жыл оған куә мына дала.

Арман Шеризат

 

 

Тәуелсіз елдің тарланы

 

Қария тосып заманның зар бояулы іңірін,

Тоқсан тоғыз тас санап тыншымайды күбір үн.

Бөзек қылып жел ойнап боздақ таудың тұлымын,

Көк найзамен бауыздап бұлақ қыздың бұрымын.

 

Түсіме еніп жиі күн құраулайды қыр түні,

Үйірінен адасып кісінеген жылқы үні.

Томағасыз бүркітім тағдыр дейтін түлкіні,

Қансорпасын қайнатып қансонарда іркіді.

 

Тік қадалып көкбайрақ Көк Тәңірлі бөрі елі,

Қоюлана түсіпті қошқыл тартқан шер өңі.

Таң азанын көтеріп кәрі ғасыр өлеңі,

Тәуелсіз жыл керуенін жөргекке орап бөледі.

 

Аңыз – дала, абыз – ел,

Қасиет қонып бір тілім.

Жібек ерін аймалап қара жердің кірпігін.

Иіп емген сәби күн миығында күлкімін,

Адыр-адыр жотаның омырауының үрпімін.

 

Қазақ исі шыққан тақ қазақ ұлы тұр басып,

Маңдайына халқымның Тәңір жазған кіл нәсіп.

Жетім қалған ботаны боз інгенге телітіп,

Бөз бұйдасын жетелеп келе жатыр қырды асып.

 

Бағжан Елсінбекқызы

 

Дайындаған – Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button