8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні

Елбасымен кездескен Шығыстағы асыл жандар

Нұрын алып, гүлін алып келетін шуақты көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі. Табиғаттың тамашасы алуан түсті, алуан түрлі хош иісті гүлдер болса, біздің өміріміздің гүлі сол гүлдердей құлпырған нәзік жандыларымыз, ардақты аруларымыз екені даусыз. Өткен ғасырдың басында, сонау Еуропа жерінен бастау алған айтулы мереке қарсаңында әр жылдары Елбасымен кездесіп, Тұңғыш Президенттің қабылдауында болған шығысқазақстандық арулар жайлы айтпақпыз.

Перизат ең жас әкім ретінде елге танылды

Осындай құрметке ие болғандар қатарында Перизат Оралбаева есімді мемлекеттік қызметкеріміз бар. Бүгінде отыз алты жастағы ол, тұрмыс құрып, мектеп жасындағы екі баланы тәрбиелеп отыр. Күйеуі бизнес саласында жұмыс істейді. Естеріңізде болса, ол бүкіл Қазақстан халқына 2016 жылы 28 жасында еліміздегі ең жас әкім ретінде танылды. Сол кезде Перизат Жарма ауданына қарасты Алматы – Өскемен тас жо­лы­ның бойында орналасқан Үшбиік ауылының әкімі болатын. Жас әрі нәзік жанды әкімнің Үшбиік ауылын қалай көркейткені жеке бір мақалаға жүк. Бүгінде іскер келіншек Семей қаласына қарасты Шүлбі кентінде әкім қызметін абыроймен атқарып жүр.

Перизат Ерболатқызы мемлекеттік қызметте 2008 жылдан бері жұмыс істейді әрі өзінің осы таңдауын әрқашан мақтан етеді.

– 2016 жылғы 8 наурыз мен үшін ерекше күн болды. Мені еліміздегі ең жас әкім ретінде Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге шақырды. Біз Астана қаласында, Ақ ордада Елбасымен бірге толық бір күнді өткіздік. Нұрсұлтан Әбішұлы бізді құттықтап, сыйлықтар, гүлдер сыйлады, концерттік бағдарламаларда бірге болды. Сол күн өте ерекше және әсерлі болды. Бұл 8 наурызға арналған ең ерекше сыйлық деп есептеймін! Кездесуге әр аймақтардан, әртүрлі қызмет саласының, әйелдері жиналды. Бұл сол жердегі әйел қауымы үшін толқулы сәт болды. Бірақ менің толқуым күлімсіреген Нұрсұлтан Әбішұлы залға кіре салысымен басылды. Залдағы жалпы атмосфера жайлы, қарапайым қарым-қатынас жасауға қолайлы болды. Президент әр әйелмен жеке-жеке танысты, жұмыстарымыз және отбасымыз жайлы сұрады. Тұңғыш Президентімізді жақыннан көріп, естігенімді мақтан етемін! Елбасымен кездесу мені рухтандырды, болашаққа деген сенімді арттырды және менің елім үшін игілікті істер жасауға серпін берді. Мен сол жерден ерекше бір қуат алдым және бүгінгі күнге дейін сол серпінмен жұмыс істеп жатырмыз, –деді Перизат Ерболатқызы.

Жас әкімнің айтуынша,           бүгінде 2021-2025 жылдарға арналған Семей қаласының аумағын дамыту бағдарламасы жасалған. Онда тек қалаларды ғана емес, ауылдық округтер мен елді мекендерді дамытудың нақты жоспары жасалған. Семей – бүкіл республиканың тарихи әрі мәдени орталығы және 5 жылдан кейін адам танымастай көркеймек.

– Биыл республикамыздың Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Бұл жерде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баға жетпес үлесін атап өтпеуге болмайды. Қиын жолдан өтіп, біздің болашағымыз үшін, балаларымыздың болашағы үшін орасан зор жұмыс жасаған Елбасы саясатының, сондай-ақ халқымыздың даналығы арқасында Қазақстан үлкен жетістіктерге жетті. Қазақстанның ең үлкен және сөзсіз жетістігі – 130-дан астам түрлі этнос өкілдері үшін бейбіт және достық атмосфераны құрғаны болды. Біздің ата-бабаларымыздың бостандық пен егемендік туралы ғасырлық арманы орындалды. Сол үшін алдымен біз Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымызды білдіруіміз керек деп ойлаймын, – дейді әкім Перизат.

 

Нұржамал – білім саласының құрметті қызметкері

 

Ал білім саласының үздігі, Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицей директорының тәжірибе-эксперименталдық жұмыс бойынша орынбасары Нұржамал Садықова Елбасының қабылдауында болған жерлестеріміздің бірі. Білікті ұстаз 2019 жылы Тұңғыш Президентпен кездескен еді.

– 2019 жылы 7 наурыз күні Елбасымен кездесуіміз «Көктем шуағы» деп аталды. Мен осы дәстүрлі кездесуге Шығыстың әйелдері атынан барып, облысымызда білім саласында қол жеткізілген зор жетістіктер жайын баяндауға, Елбасымызға ұстаздар қауымын қолдаудағы игі істері үшін алғысымды айтуға мүмкіндік алдым. Сол кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің білім мен ғылым саласына мемлекеттің бөлетін қаржысы жыл санап арта беретінін айтқан еді», – деді Нұржамал Әнуарбекқызы сол бір толқуға толы ұмытылмас сәтті еске алып.

Тұңғыш Президенттің өзінің, сондай-ақ бүкіл елдің өмірінде өте маңызды орын алатынын айтқан ол, Елбасымен әңгімелесу — бір сөзбен айтып жеткізуге келмейтін баға жетпес тәжірибе, әрі эмоция екенін айтады ұстаз.

– Естен кетпейтін кезең. Оның осыншама ашық-жарқын адам екенін білмеген едім. Екі арадағы диалог тілектестік қарым-қатынаста өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы бізді бірден баурап алды. Біз бірқатар ұсыныс пен бастамаларды ортаға салдық — нәтижесінде олардың барлығы Елбасының тарапынан құп алынды. Осы кездесуден жаңа күш алып қайттым», – деді Нұржамал.

Ел Президентімен жолықтырған тағдырына алғысы шексіз ұстаз Елбасымен кездесуден соң оның қандай тұлға екенін шынайы танып білгенін айтады.

– Елбасы қиындықсыз өмір болмайтынын айтты, «Бірақ ең бастысы, қиындық емес, жетер табысты мақсат тұту керек», – деді. Оның бұл сөздері енді менің өмірлік ұраным болып қалмақ. Менің Тұңғыш Президентім! Бұл сөзді қаншалықты айғайлап айтсам да, оның бейнесі менің жүрегімнен өмір бақи кетпейтіні анық, – деді Күршімнің тумасы, 2000-шы жылдардан бері облыс орталығында тұратын Нұржамал Садықова.

Ұстаздың еңбек жолы қырық жылға тақау. “ҚР құрметті қызметкері” белгісімен марапатталған. Англия мен Мәскеуде тағылымдамадан өткен. 2020 жылдың желтоқсанында ұстаздардың республикалық Құрмет тақтасына енгізілді. Қазіргі таңда лицей директорының орынбасары, 10 жыл мектептің кәсіподағын басқарды. 2019 жылдың шілдесінен 2020 жылдың желтоқсанына дейін лицей директорының міндетін атқарды.

 

Динара мергендігімен елдің бәрін тәнті еткен

 

Әскери киімдегі қыз иен даладағы оқ ату алаңына қарай адымдай басып бара жатып кілт тоқтады да, иығындағы снайперін қолына алып, жер бауырлай жата қалды. Қаруын оқтап жіберіп қозы көш жердегі нысананы көздеді. Желдің соққан бағыты, өзінің демалысы, ара қашықтық бәрі есептеулі. Шүріппені жаймен басып қалғаны сол еді, ұшқан оқ нысананың дәл ортасын ойып түсірді.

Көздеген жеріне қорғасын оқты дәл қадаған мерген қыз кіші сержант Динара Рысбекова еді. Ол Елбасымен кездескен кезінде Семей қаласындағы №44736 әскери бөлімінде снайпер болып қызмет етіп жүрген. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.

Динара Семейдегі политехникалық колледжге түскеннен кейін гимнастика жарыстарына қатысып, үнемі жүлделі орындардан көрініп жүрді. Төрт жыл оқып, оператор-бағдарламашы мамандығын алғаннан кейін ол Роллан есімді жігітпен тұрмыс құрады. Бүгінде олар – ұл мен қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорында жетекші маман болып қызмет істейтін жары Роллан Рысбеков әйелінің әскери салада қызмет ететінін мақтан тұтады.

Әскери қызметке кірмес бұрын бірнеше мәрте әртүрлі сынақтардан, медициналық тексерулерден өтті. Армандаған қызметіне орналасу ол үшін оңай бола қойған жоқ. Бірақ барлық талаптарға сай келген Динараны әскер басшылығы көп ұзамай жұмысқа алады. Динара Рысбекова 2014 жылдың маусым айында Отан алдындағы антын қабылдады. Әскер сапына жаңадан кірген ол алғаш қолына АК-74 қаруын алып, нысанаға оқ атып көреді. Мергендігіне таңғалған офицерлер кіші сержант Д.Рысбековаға снайпер қызметін ұсынады. Содан бері жүктелген міндетті асқан жауапкершілікпен орындап келеді.

Мерген қыздың айтуынша, нысананың түр-түрі болады. Солардың ішінде жылжымалы нысанаға дөп тигізу қиын көрінеді. Алайда, Динара Рысбекова қозғалыстағы нысананы атуда да мүлт кете қоймайды. Нәзік жанды снайпер сондай-ақ, аңға шығып мергендігін бір байқап көрсем дейді. Ол үшін де үлкен дайындық қажет.

Динара Рысбекованың әскери қызметтегі осыған дейінгі ерекше еңбегі ескеріліп, Қазақстандағы атақты әйелдермен бірге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды. Президент оларды Халықаралық әйелдер күніне орай құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті. Өз кезегінде Динара да Елбасына өзін таныстырып, алғысын айтты.

– Тәуелсіз еліміздің тыныштығын қорғау мақсатында әскер сапында еңбек етіп жүргеніме мақтанамын. Бұл мен үшін – зор абырой. Ал еліміздің айрандай ұйыған береке-бірлігі, тыныштығы Тұңғыш Президентіміздің  салиқалы саясатыңыздың арқасында, – дейді Динара Рысбекова.

Ел тыныштығын ойлап жүрген патриот қыз Динара Рысбекованың еңбегі кейінгі сіңлілеріне үлгі боларлықтай.

Дәурен Аллабергенұлы

Back to top button