Елбасымен бірге тарихи табыстарға қол жеткіздік
Тұңғыш Президент күні мерекесі облыста кең ауқымда аталып өтті. Өскемендегі облыстық драма театрында атаулы күнге орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қатысып, өңір жұртшылығын бүкілхалықтық айтулы мерекемен құттықтады.
Аймақ басшысы өз құттықтауында егемендік жылдарында еліміз қол жеткізген еселі табыстардың бәрі де Елбасының есімімен етене байланысты екендігін және бүгінгі мерекелік шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығының қарсаңында өтіп отырғандығын ерекше атады.
– Құрметті жерлестер, қадірменді қауым! Барша шығысқазақстандықтарды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығының қарсаңында бұл мерекенің мәні де, маңызы да айрықша. Қазақстан, Тәуелсіздік, Президент, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ – бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Бүгінгі мереке – халқын аңсаған арманына жеткізіп, дербес мемлекет құрған біртуар перзентке деген ұлтының ыстық ықыласы. Әлем мойындаған қайраткер Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВПЕН замандас болу – бізге бұйырған бақыт, зор жауапкершілік. Бірлігі мен берекесі жарасқан, ырысы мен ынтымағы тасыған, Мәңгілік Ел болуды мұрат еткен Қазақстанның айбыны артып, абыройы асқақтай берсін! Кең-байтақ даласы бар, елорда – әсем Астанадай қаласы бар, елін жарқын болашаққа қажымай бастап келе жатқан Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТАЙ данасы бар көпұлтты Қазақстан халқының бақыты баянды болсын! – деді Даниал АХМЕТОВ.
Облыс әкімі сонымен бірге Мемлекет басшысы ширек ғасыр бойы Қазақстанды демократиялық реформалармен алға бастап, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытып, табыс пен тұрақтылықтың кепілі болып отырғандығына баса тоқталды.
– 23 қарашада Қазақстан Республикасының Парламенті «Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстанның жеткен жетістіктері» туралы Декларация қабылдады. Бұл – замандастарымызға ғана емес, сонымен бірге келешек ұрпаққа да жолданған тарихи маңызды құжат. Кейінгі толқын біздің табысты жолымыздың қайдан бастау алғандығын, өз елінің, өз халқының алдындағы Ұлт Көшбасшысының баға жетпес еңбегінің сыры неде екенін білуі тиіс. Аталған құжат заңдық негізде заманауи мемлекет құрудағы Тұңғыш Президенттің рөлін нығайта түседі, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, облыс әкімі тәуелсіздік жылдарындағы Шығыс Қазақстанның қол жеткізген толағай табыстарын да атап өтті.
– Санаулы күндерден соң еліміз Тәуелсіз Қазақстанның тарих парақтарына алтын әріптермен жазылатын ел егемендігінің 25 жылдығын атап өтпек. Біз осы жылдарда табысты реформалар мен нақты нәтижелердің куәгері болдық. Тек қана Шығыс Қазақстан облысында жан басына шаққандағы өңірлік жалпы ішкі өнім көлемі 68 есе өсті. Өңірдің дамуына 2 триллион 600 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өндірістік-өнеркәсіптік өнім көлемі 29 есе артты. Өңірде тәуелсіздік жылдарында 120 ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорын салынды. Олардың бастылары ретінде «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «ӨТМК» АҚ және басқаларын атауға болады. Атағы алысқа кеткен отандық өндірістегі автокөліктер, тракторлар, автобустар біздің облыста шығарылады. Еліміз бойынша ең ірі индустриялық-инновациялық жобалардың бірі – Ақтоғай кен байыту комбинатының құрылысы биыл аяқталады. Ауылшаруашылық саласында да жалпы ішкі өнім көлемі 36 есе артты. Әлеуметтік салада 165 мектеп, 100-ден аса денсаулық сақтау, 300-ден аса спорт, 40 мәдениет саласының нысаны салынып, қолданысқа берілді. Облыстың әрбір оныншы отбасы жаңа баспанаға ие болды. Мұның бәрі – Елбасы тапсырмалары мен мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру аясындағы жерлестеріміздің әр күнгі қажырлы еңбегі, – деді Даниал АХМЕТОВ.
Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты жиынның екінші бөлімі мерекелік концертке ұласты.
Астанадан арнайы келген «Астана Опера» опера және балет театрының жетекші солисі Медет Шотабаев пен осы өнер ордасының жетекші солисі, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова бірлесе әлемдік классикалық музыкадан танымал шығармалар орындаса, олармен қатар жергілікті үздік өнер ұжымдары мерекенің ажарын кіргізіп, Отан, туған жер, тәуелсіздік, Астана тақырыбындағы патриоттық әндерді жиналған қауымға тарту етті.
Оқу залы ашылды
Тұңғыш Президент күнін мерекелеу аясында Өскемендегі облыстық Пушкин атындағы кітапханада Елбасының оқу залы ашылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова қатысты.
Елордамыз Астананың төрінде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» бар. Оның кітап қорында Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жеке мұрағатындағы 700 жәдігер мен 20 000-нан астам басылым жинақталған. Қор үнемі жаңа кітаптармен, фотосуреттермен, мұрағаттық материалдармен толықтырылып тұрады. Енді осынау бай қазына Өскемендегі оқу залының пайдаланушылары үшін онлайн режімінде қолжетімді болмақ.
Бір атап айтарлығы, Тұңғыш Президент кітапханасының оқу залы аймақтарда бірінші болып Өскеменде ашылып отыр. Мұны өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова да ерекше атап айтты.
Мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі – мәдениет пен өнерді дамыту. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» аймақтық оқу залының бізде ашылуы әсте тегін емес. Таңдау Шығысқа бекер түскен жоқ. Өйткені, біздің өңір әртүрлі салаларда өзінің креативті шешімдерімен ерекшеленеді, – деді облыс басшысының орынбасары Ә. Нүсүпова.
Бұл оқу залы енді әртүрлі жастағы және кәсіби топтағы оқырмандардың Тұңғыш Президент кітапханасымен байланыс жасайтын өңірлік кеңістігіне айналмақ. Сонымен қатар мұнда ақпараттық және әдістемелік семинарлар, зерттеуші ғалымдармен кездесулер, онлайн диалогтар мен дискуссиялар, ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Оқу залы Тұңғыш Президент кітапханасымен бірлесе отырып жастардың саяси мәдениетін, әлеуметтік дағдысын қалыптастыруға, сонымен бірге жас кадрлар резервін дайындауға ықпал етеді деп күтілуде.
Осынау бірегей жобаға қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған аймақтағы алпауыт кәсіпорындардың бірі – «Қазмырыш» ЖШС екенін де айта кеткеніміз абзал. Елбасының оқу залын заманауи техникалық құралдармен жабдықтауға кәсіпорын 3,5 миллион теңге бөлген көрінеді. Салтанатты шарада аталған кәсіпорынның өкілі Андрей Лазарев оқырмандарды оқу залының ашылуымен құттықтап, кітапхана мамандарына сәттілік тіледі.
Оқу залының ашылу салтанатында кітапхана оқырмандарын аға буын өкілдері де құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
– Мен барша оқырмандарды облыстағы 225 мың ардагердің атынан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы» оқу залының ашылуымен құттықтаймын. Өсіп келе жатқан ұрпақ Тұңғыш Президенттің ел үшін, мемлекет үшін қандай еңбек сіңіріп, қызмет еткенін білуі керек. Мынау аласапыран заманда кейбір елдер баласын далаға шығарғанға қорқады. Ал біз таңертең немеремізді мектепке жіберіп, үйге аман-есен оралатынын біліп отырамыз. Өйткені, елімізде тыныштық. Бұдан артық қандай бақыт қажет?! Құдай осы бақыттан айырмасын. Елбасымыз аман болсын, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев.
– Аймақтарда бірінші болып «Елбасы кітапханасының» оқу залының бізде ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. Өзге өңірлерде мұндай оқу залы жоқ. Екіншіден, бұл оқу залы шығармашыл, белсенді жастардың жиі бас қосатын алаңына айналмақ. Өйткені, Елбасының өзі біздің болашағымыз – жастардың қолында екенін жиі айтады, – дейді облыстық Пушкин атындағы кітапхана директорының орынбасары Бибігүл Шағиева.
Сондай-ақ, осы күні қаланың бірқатар мәдени орындарында да Тұңғыш Президент күніне арналған түрлі шаралар болып өтті. Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафттық музей-қорығының қаладағы Қайсенов көшесіндегі №67 ғимаратында орналасқан корпусында Мемлекет басшысының өмір жолы мен саяси қызметінің негізгі кезеңдеріне арналған көрме ашылды.
Дарынды оқушылар өнерлерімен дараланды
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні «Мәңгілік Ел – болашаққа ұмтылған ел» атты өңір белсенділері мен көшбасшыларының облыстық сайысы өтті. Екі күнге созылған байқауға 15 қала, ауданнан 300-ге тарта дарынды оқушылар қатысып, өз мектебінің намысын қорғады.
Төрт кезеңнен тұрған бұл сайыстың алғашқы кезеңінде қатысушылар бүкіл қараша айы бойы «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 игі іс» акциясы аясында соғыс, еңбек ардагерлеріне, жалғызбасты қариялардың үйіне отын-суын тасып, мешіттердің ауласын қардан тазартып, мүгедек балаларға сыйлықтар тарту етіп, қамқорлықтары мен мейірімді істерге толы бейнероликтерін жолдаған еді. Ал 2,3-кезеңдерде дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы гимназия-интернатында «Менің Отаным – Қазақстан» викторинасы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудың тиімділігін арттыру» пікірсайысында бақ сынасты.
«Ата-баба аңсаған Мәңгілік Ел» тақырыбындағы шешуші кезеңге қатысушылар тыңғылықты дайындықпен келіпті. Металлургтер мәдениет сарайы көрермендерге лық толды. Бұл турда қатысушы командалар еліміздің тәуелсіздік алуы жолындағы азапты жылдары мен жетістіктерін 5-7 минуттық театрландырылған қойылым арқылы көрсетуі тиіс болды. Әрине, кемінде 5-7 томға жүк боларлық қаймана қазақтың талайлы тағдырын азғана уақытта баяндап беру мүмкін емес. Дегенмен, образға еніп, рөлдерін лайықты сомдап шыққан қатысушылар еліміздің бүгінге дейінгі шежіресін көрсетіп, жалынды жырларымен халыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.
Қазақ хандығының негізін салушы – Керей мен Жәнібек хандар, Төле, Әйтеке, Қазыбек билерден бастап, Шоқан, Абай, Ыбырай, Сұлтанмахмұт, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Бейімбет, Смағұл Сәдуақасов, берідегі Әлия мен Мәншүк өмірін бейнелеген Дегелең қасіреті, кешегі Желтоқсан оқиғасын паш еткен қойылымдар шынайылығымен ерекшеленді. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Зайсан ауданының командасы, 1-орынды Шемонайха, 2-орынды «Восток» ғылыми орталық кешені, дарынды балаларға арналған физика-математика мектебі, Жамбыл атындағы мектеп-гимназия, Назарбаев зияткерлік мектебі, Глубокое ауданының командасы мен облыстық мамандандырылған математика, физика, информатика мектебі, 3-орынды дарынды балалардың облыстық мектеп-лицейі, Зырян, Аягөз аудандарының командалары иеленді. Ал Семей, Риддер қалалары мен Жарма, Катонқарағай, Тарбағатай, Бородулиха, Көкпекті, Глубокое, Үржар, Күршім, Абай аудандарының командалары жекелеген номинациялар бойынша жеңіске жетті.
– Сайысқа үлкен әзірлікпен келген барлық оқушылар мен ұстаздарға алғысымыз шексіз. Рухымызды көтеріп, жігерлендірген бұл сайыста жеңілген команда жоқ. Өйткені, дайындық барысында тарихты зерделеп, қазақ шежіресінен көп мағлұмат алдыңдар. Білім мен ғылымның алмайтын асуы жоқ. Тәуелсіздігіміздің көк байрағы сендердің қолдарыңда желбіресін, – деген облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова жеңімпаздарды дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Мемлекеттік қызметкерлер диктант жазды
Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай Семей қаласында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Әміре Қашаубаев атындағы филармония «Ел тірегі – Елбасы» атты концерттік бағдарлама ұсынды. Ал құқық және бизнес колледжі «Тәуелсіздік және Президент» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Мемлекеттік қызметкерлер ақын Бауыржан Жақыптың Мемлекет басшысы туралы кітабынан үзінді диктант жазды. Оны қалалық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімі ұйымдастырды. Бөлім басшысы Берік Көпбаев аталмыш мерекенің маңызына тоқтала келе: «Егемен ел ретінде бірінші рет өткізілген жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Тұңғыш Президент болып сайланды. Тәуелсіз Қазақ елінің қалыптасу кезеңі басталды. Тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралды. Мемлекеттік рәміздердің қабылдануы, тағы басқа да игіліктердің бастау алуы сол шақтардан басталды»,-деп атап көрсетті.
Орталық кітапханада «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері жергілікті бизнес, кәсіпкерлік өкілдерімен жүздесті. Өздеріне қажетті ақыл-кеңестерін алды. Ал Абай кітапханасында «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының мүшелері оқырмандармен кездесті.
Президент күнінен білім мекемелері де тыс қалған жоқ. Қаладағы №33 мектепте «Астана – Президенттің қолтумасы» атты фотокөрме өтті. Ал қала жұртшылығы «Северный» сауда аймағында ауылшаруашылық жәрмеңкесіне қатысып, қолжетімді бағамен ет, сүт, көкөніс өнімдерін сатып алды. Президент күніне арналған шаралар желтоқсанның 6-сына дейін жалғасын таппақ.
Дәурен Аллабергенұлы,
Мейрамтай Иманғали,
Айжанат Бақытқызы,
Раушан Нұғманбекова