Елбасыдан ардагерлер сыйлық алды
Жаңа жыл қарсаңында ардагерлеріміз де көл-көсір қуаныш пен құрметке бөленді. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жалпыұлттық акция аясында Ұлы Отан соғысына қатысушы ардагерлерді Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ атынан құттықтап, жаңажылдық сыйлықтар табыс етті.
Ардагер ақсақал Қабду Кәрменов қаңтардың 23-інде 98 жасқа толмақ. Бұрынғы Марқакөл ауданының тумасы сұрапыл соғысқа дейін мектепте мұғалім болып қызмет етіпті.

– 1941 жылы мені резервте ұстады, өйткені, сол кездері мектепте мұғалімдер жетіспейтін еді. Жаз кезінде мектеп жабылғанда, мені әскери училищеге жіберді. Белоруссияны, Украина мен Чехословакияны жаудан азат ету ұрыстарына қатыстым, – дейді Қабду Кәрменов ақсақал.
Соғыста алған марапаттарымен бірге ардагердің кеудесінде ұзақ жылғы еңбегі үшін алған орден-медальдары да жарқырайды. Соғыстан кейін ол зайыбы Зәкен Сахановамен бірге ел шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына бел шеше кіріседі, туған ауылында мал шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосады. Қабду Кәрменов ауыл шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қызметкері және республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер.
Зайыбы екеуі 11 бала тәрбиелеп өсіріп, қазіргі күні олардан 22 немере мен 4 шөбере сүйіп отыр. Қабду Кәрменов ұзақ өмір мен қайғысыз қарттықты еңбекқорлығы мен адалдығы үшін Алла берген үлкен сыйлық деп біледі.
Ал Татьяна Пименова соғыс басталған кезде небәрі он жеті жастағы студент болған көрінеді. 1942 жылы ол Орджоникидзе қаласындағы атқыштар батальонында санитар-нұсқаушы болып қызмет етеді. Қиыншылық оның рухын әлсірете алмады. Осынау жүзінен әркез күлкі арылмайтын көңілді кейуана Ресейдегі туыстарына да жиі барып тұрады. Жақындарын өз үйінде күткенді де жақсы көреді. Елбасының құттықтауын Татьяна Пименова ең жақсы жаңажылдық сыйлық ретінде қабылдады.
Жалғыздығына қарамастан ардагер Дмитрий Москальцовтың тіршілігі қайнап жатыр. Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесінің бітірер жұмысы жетерлік.

– Біз еліміздің Президентінің ұстанған саясатын әрқашан қолдаймыз. Біздің Отанымызда бейбітшілік пен халықтар достығы салтанат құрғанына шексіз қуаныштымыз, – дейді ол.
Оның жалғыз ұлы Юрий Москальцев облыстық ана мен бала орталығының реанимация бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді. Ұлының осы маңызды мамандықты таңдап, ақ халатты абзал жан болуына әкесі ықпал етіпті, сол үшін де ол әкесіне жиі ризашылығын білдіреді.
Белоруссия, Польша мен Шығыс Пруссиядағы ұрыстарға қатысқан Надежда Колобова екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Еңбегі үшін», «Германияны алудағы жеңісі үшін» медальдарымен марапатталған. 2013 жылы ол тоқсан жылдық мерейтойын атап өтті. Тоқсаннан асса да, оның жаны әрқашан жас.

Надежда апамыз ән салғанды, билегенді жақсы көреді. Салауатты өмір салтын ұстанып, елдегі, әлемдегі жаңалықтарды қалт жібермей қадағалап отырады.
Облыс әкімі соғыс ардагерлерінің барлығына да Елбасы құттықтауын жеткізіп, сыйлықтар табыс етті. Ардагерлердің әрқайсысы Президенттің кітабымен бірге гүл және тәттіге толы дорбаға ие болды.
– Соғыс ардагерлері, аға ұрпақ біз үшін – ұлт мақтанышы. Біз сіздермен мақтанамыз. Әрқашан да осындай белсенді әрі көңілді болыңыздар! – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Шығыс-Ақпарат