Қоғам

Елбасыға етік сыйлады

Елбасыға етік сыйлады

Жиырма жыл бойы әлемнің әр түкпірінен атажұртқа ағылған қазақтың көші соңғы 4-5 жылда саябырсып қалғаны жасырын емес. Ағымдағы жылдың 26 қарашасында Елбасы көші-қон туралы заңның қандастар үшін оңтайлы етіп қайта өзгертілген нұсқасына қол қойып, сол сірескен сеңнің көбесін бұзған еді. Араға екі күн салып, Қытайдың Алтай аймағы, Қаба ауданынан келген кәсіпкер жігіт, Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылының тұрғыны Самғау Нәсіпханұлы Елбасыға өз қолымен тіккен «Ұлы Дала» маркалы аяқ киімін сыйға тартып, Мемлекет басшысының ыстық ықыласына бөленді.

Қарапайымдылығына таңғалдым

Елбасыға етік сыйлады

– Ағалардың ақылымен Тұңғыш Президент күніне орай алғашқылардың бірі болып өз қолымнан шыққан аяқ киімді және құттықтауымды алып, Ақордаға барып, Президенттің көмекшісіне тапсырдым. Ол кісі Елбасыға табыс ететінін айтып, алып қалды. Бұл менің атажұртқа жетіп, осындай кәсіп бастауыма орай жаратқан, және алыс-жуықтағы қандастардың көшіне қайта жан бітірген дара көшбасшымыз, ұлттың ұйтқысы Нұрсұлтан Әбішұлына деген ақ ниетімнен туған, азғантай көңілім еді. Шыны керек, соншама шаруасы бар адам, қарапайым бір етікшінің құттықтауы мен сыйлығына назар аударуға уақыты болмайтын шығар деген күдігім басым болатын. Жоқ, қате ойлаппын, екі күн өтпей жатып Президент әкімшілігінен хабарласып, «Сізді Елбасы күтіп отыр, жарым сағатта жетіңіз» деген сөзін естігенде қуаныштан гөрі жүрегімді үрей билеп кетті. Себебі, жарым сағат тұр ғой, бір сағатта жете алмайтын жерде, қаланың сыртында жүрген едім. Бір қуаныш, бір үрейдің қыспағында Ақордаға жеттім. Ол кісінің орнында жоқ екенін естігенімде қорқынышым тіптен қоюлай түсті. Өзім ес білгелі қадір тұтып, қастерлеп келе жатқан адаммен кездесетін, қолынан ұстайтын тамаша сәттен айырылып қалған өкініш кеудемді өртеп барады. Әсіресе, соншама ірі тұлғаның қанша уақытын күттіріп қойдым екен, енді бұл туралы басқа қызметкерлерінен қандай сөгіс алады екенмін деген үрей Президентке кездесем деген қуанышымды баяғыда ұмыттырып жіберген. Бірақ Президент көмекшісінің сөзі мен ісі мен ойлағаннан мүлде басқаша болып шықты. «Елбасы маңызды бір кездесуге кетіп қалды, «Аманшылық болса Самғаумен орайлы бір күні кездесеміз» деп сәлем айтып, мына дүниелерді сізге беруге қалдырып кетті» деген сөзді естігенімде таңғалдым. Елбасының ерен парасатты жан екенін білсем де, мұндай қарапайым, мұндай кішіпейіл болады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті, – деп қуанышымен бөлісті Самғау Нәсіпханұлы.
Елбасы көмекшісіне Самғауға тапсыр деп өзінің қолы қойылған «Жылдар мен Ойлар» атты кітабымен қоса шағын хат жазып қалдырып кеткен екен.
Хат мәтінінде: «Құрметті Самғау! Құттықтауыңа да, сыйлығыңа да үлкен рақметімді айтамын. Сыртта жүрген ағайындардың атажұртына оралып, өз орнын тапқанына мен әрқашан қуанамын. Бұл мүмкіншілік Тәуелсіз ел болғаннан болып отыр. Барша қазақ осыны бағалай білуі керек. Зор табыстар, бақ-береке тілеймін!» деп жазыпты қолы қойылған хатқа Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
– Шығарған аяқ киімімді Елбасының аяғынан көру арманым болатын. Сондықтан көп ойланып барып, Ұлы Даланың ұлы тұлғасына қолтырауынның (крокодил) терісінен ұлттық нақыштағы етік тіктім. Менің бұл сыйды жасаудағы басты мақсатым – Елбасыдан бірдеңе алу емес, қайта аз да болса ол кісіге деген қандастардың көңілін жеткізу болатын. Сондықтан Елбасының бұл құттықтауы менің ғана емес, елдің іші-сыртында жүрген барлық қандастардың, туыс-туғандарымның қуанышы. Менің жасаған азғантай дүнием Елбасының назарына ілініп жатса одан артық қуаныш, одан артық абырой бар ма?! Біздей қарапайым адамдарды да есінен шығармайтын Елбасымызға ұзақ ғұмыр тілеймін, – дейді Президенттің тосын сыйын алған Самғау бауырымыз.

Самғаудың самғар күні алыс емес

Елбасыға етік сыйлады

Бұл Самғаудың биік белестерге басқан қадамының алғашқы сатысы деп есептейік. Өйткені, біз білетін Самғаудың мақсат-мұраты – әлемге әйгілі қазақстандық өнім шығару. Сол жолда тынбай талпынып жүрген жігіттің тырысшаңдығы мен еңбекқорлығына талай куә болған едік. Елбасына жеткенге дейінгі жұмыс жолына бір үңіліп көрейік.
«Ерінбеген етікші болады». Иә, Самғау ерінбей еңбек етті, телегей тер төкті, етікші болды. Жай етікші емес, есімін ел білетін, етігін Елбасыдай ер киетін елеулі етікші атанды. Тапсырыс берушінің талғамын түсініп, талабын орындау үшін бар талантын салатын өнерлі жігіттің кәсібін алғаш қолға алғаннан бастап Астанаға аттанғанға дейінгі екі-үш жылы көз алдымызда өтті. Елдің салған соқпағына түспей, соныдан жол іздеген талапкердің ең алғашқы аяқ алысын әріптесіміз Серік Әбілхан ең бірінші болып газетімізде жазған еді. Содан айналасы алты айдың ішінде облыстық, республикалық телеарналар мен басылымдардың кейіпкеріне айналған кәсіпкер бауырымыз сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың назарына ілігіп, 1,5 миллион теңге грант бөлгізіп, жас жігіттің талабын ұштаған болатын. Қасына әкесі мен ағасын серік еткен етікші сол кездің өзінде сапалы өнімдерімен елдің оң бағасына ие болған.
Әңгімелесе кетсең, «Қазақстанның бренді болатын отандық өнім шығарсам» деп арман ететін еңбекқор жігіт, ақыры сол арманның жетегінде, мұндағы жұмыстарын ағасы мен әкесіне тапсырып, өзі Елордаға аттанған болатын. Үлкенге ілтипатын, кішіге ізетін аямайтын жібек мінезді жігіт көп өтпей Астанадағы атқамінер азаматтардың көзіне түсіп, кәсібін бастап кетеді. Белгілі қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат Бекболат Тілеухан талабы таудай жас жігіттің арманына қанат бітіріп, ағалық ақылын айтып, қаржылай көмек қолын созады. Қазір, сол қолдаудың арқасында жемісті еңбек етіп жатыр. Аяқ киімге қажетті қалыптарды Қытай, Түркия сынды елдерден, материалдарын Италиядан алдырып жасаған ұлттық нақыштағы өнімдерге сұраныс мол. Төрт жігітті көмекшілікке алса да, астаналықтардың тапсырысына үлгірмей жатқандарын айтады Самғау. Жуықта Астана маңындағы Қараөткел елді мекенінің әкімі сол маңнан жер беруге уәде етіпті. Енді сол жерден аяқ киім цехін ашуды жоспарлап отыр. Алла қаласа, аяқ киімді Қазақ елінің брендіне айналдырсам деген арманының орындалар сәті де алыс емес сыңайлы. Самғай бер, Самғау!

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button