Қоғам

Елбасыға берген батам қабыл болды

  Елбасыға берген батам қабыл болды

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін 1991 жылы 1 желтоқсанда тұңғыш рет Президент сайлауы өтті. Халық бұл лауазымға Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫ сайлады. Содан бері 22 жыл өтті.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ тұңғыш рет Президент болып сайланып, ант қабылдағанда оған арнайы Алматыға шақырылған Шыңғыстаудың перзенті, жерлесіміз, абыз ақын Шәкір Әбенов бата берген болатын.
Шәкірден кейін бата беру жоралғысы маған тиді. 1998 жылдың күз айларының бірінде сол кезде аудан әкімінің орынбасары болып істейтін Төлеген Жанғалиев маған телефон шалып, «Қарашаның аяғына таман Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Жидебайға келеді, сонда сіз Абай елі атынан Президентке бата бересіз» деді. Мен тосыннан болған мұндай хабарға ыңғайсызданып: «Менен үлкен Ұлықбек Байырбеков, Тәжкен Жұмаділов бар емес пе? Олар тұрғанда менің бата бергенім қалай болады?» деп едім. «Біз бұл мәселені әкімдікте талқыладық, сізге тоқтадық. Сондықтан дайындалыңыз» деп пікірін шегелей түсті.

Президентке бата берудің оңай шаруа емесін түсініп, жүрексінсем де келісімімді бердім.
Сонымен Президент Жидебайға келіп жетті. Президентті қарсы алуға құрамында Ұлықбек Байырбеков, Тәжкен Жұмаділов, Ғизат Күзембаев, Төлеубай Сапаралин, Рымқан Ғабдуллин, Әбдіғалым Мұздыбаев және мен бар бір топ ақсақалды Жидебайдағы Абайдың қазіргі мұражай болып тұрған үйіне апарды. Мұражайдың ішіндегі Абайдың ертеде қонақ үйі болған бөлмесіне кірдік. Президентті осы бөлмеде қарсы алатын сияқтымыз.

Кенет тікұшақтың дауысы естілді. «Әне, міне» дегенше, тікұшақ та Жидебайдағы алаңға келіп қонды. Терезеден қарап тұрмыз. Әуе көлігінен түсе салысымен Президент бастаған топ машиналарға мініп, Абай-Шәкерім кесенесіне қарай жол тартты. Орталарында басына сәлде киген молда бар. Тегі ұлыларға тағзым етіп, құран оқытпақ.
Біз күтіп отырмыз, енді олар осында келмек. Көп күттірмей-ақ қонақтар да кіре бастады. Жұрттың бәрі бөлмеге жиналған кезде Абай ауданының сол кездегі әкімі Қонысбай Төлеубеков сөз бастады:
– Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы, Абай еліне қош келдіңіз! Өзіңіз қамқорлық жасап салдырған Абай мен Шәкерімнің кесенесіне барып, ұлылар рухына тағзым еттіңіз, алдағы Президент сайлауында солардың аруағы қолдап, жеңіске жетіңіз! Бүкіл аудан халқы Сізді қолдайды! – деді. Бұдан кейін аудандық мәслихаттың Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА Абай ауданының «Құрметті азаматы» атағын берген қаулысын оқып, кеудесіне төсбелгісін қадады. Жиналып тұрған жұрт ду қол шапалақтап, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА құрмет көрсетті.

Аудан әкімі: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге Абай елі ақсақалдарының батасы бар, оны соғыс ардагері Жағыпар Жүнісжанов береді» деді.

Мен осы кезде қысқаша алғысөзбен батамды бастадым. Ойымда жатталып қалған алғыс сөзімнің ұзынырағысы мынадай: «Айналайын, Нұрсұлтан, мынау отырған бөлмеміз – небір сыйлы, атақты адамдарды қарсы алған Абайдың қонақ үйі. Осы қасиетті орында айтайын – Абай елі Сізге риза! Себебі, нарық заманы келіп, аудандар, облыстар қысқарып жатқан кезде Абай ауданын аудан ретінде сақтап қалдыңыз. Бұл – ұлылар аруағын сыйлағандықтың белгісі. Екіншіден, Сіз Абай мен Шәкерімнің басына зәулім кесене салдырдыңыз. Бұл Кеңес үкіметі кезінде қол жеткізе алмаған арманымыз болатын. Сол арман Сіздің арқаңызда жүзеге асты. Үшіншіден, Семей полигонын жапқызып, ерлік жасадыңыз. Ал бүкіл Қазақстанға жасап жатқан жақсылықтарыңыз бір төбе!» дедім де батамды бердім.

Айналайын Нұрсұлтан!
Абай елі атынан
Берейін адал батамды.
Тілейін тілек Алладан
Пір тұтып Абай атамды.
Ұлылар рухына табынған
Қабыл болсын ниетің!
Құран оқып, бас иген,
Парыз ғой Алла сүйетін.
Сапарың келген оң болсын,
Сәтті болсын, жол болсын!
Алдағы сайлау кезінде
Қолдаушылар мол болсын!
Үдей берсін шабысың,
Қомақты болсын табысың!
Егемен ел – Қазақтың,
Маңдайдағы бағысың!
Мұхаммедтей кіршіксіз,
Алланың сүйген құлы бол!
Абылайдай айбарлы
Еліңнің адал ұлы бол!
Бетіңді құдай оңдасын,
Әділет болсын жолдасың!
Аяқтан шалып, қас қылмақ
Дұшпандарың оңбасын!
Осы сайлау әділ боп,
Берген батам қабыл боп,
Шәкерім, Мұхтар, Абайдың
Әруағы қолдасын!
Әумин!

Бата аяқталып, ел орнынан тұрғаннан кейін алдын ала дайындап келген батамның көшірмесін: «Айналайын, мынау – жаңағы батам, ырым қылып сайлау өткенше қалтаңа салып жүр, мүмкін шапағаты тиер» деп Нұрсұлтанға бердім. Батаны омырау қалтасына салып жатып «Мен сізден тағы да келіп бата аламын» деді. Мен Елбасына: «Оны құдай біледі» деп қана жауап бердім.

Мен Президентке бата бергеннен кейін 15 жыл уақыт өтті. Батам қабыл болды, содан бері Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ халықаралық беделі артты. Ел аман, жұрт тыныш, Қазақстан көркейіп келеді.

Жағыпар Жүнісжанұлы,
соғыс ардагері,
Абай ауданының Құрметті азаматы.

Осы айдарда

Back to top button