Қоғам

Елбасы Жолдауына қолдау білдірушілер көп

Елбасы Жолдауына қолдау білдірушілер көп

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ биылғы Жолдауы әдеттегідей халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың қызу қолдауына ие болды. Құнды құжаттың маңызды тұстарын атап көрсеткен АҚШ Конгресінің мүшелері біздің елмен әріптестікті нығайтуға мүдделі екендіктерін білдіріп отыр.
Конгрестің Республикалық партия атынан сайланған мүшесі Роберт Адерхольт Америкадағы қазақстандық ақпарат құралының өкіліне берген сұхбатында Қазақстанды Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуымен құттықтай отырып, экономикалық өсімді одан ары қамтамасыз етуге Президент Жолдауының маңызы ерекше болғанын атап өтті.
– ДСҰ-ның толыққанды мүшесі атану – қазақ елі үшін ерекше оқиға. Оның қазақстандық сауда мен экспортқа пайдасы зор болмақ. Сондықтан АҚШ келешекте Қазақстанмен осы бағытта қоян-қолтық қарым-қатынас құруға ниетті. Жолдауда айтылған басым бағыттардың бірі – экономикалық дағдарысты еңсеріп, өсімге қол жеткізу. АҚШ конгресшілері бұл қадамды қолдай отырып, арадағы әріптестіктің нығая түсуіне барынша күш салады, – дейді АҚШ Конгресінің мүшесі Роберт Адерхольт.

Бір жұтым таза ауаға зар болып отыр

Өндіріс өрге басып, ғылым мен технология алға озған заманда адам баласын алаңдатқан өзекті мәселенің бірі –экология. Әлемнің ірі қалаларында тұрғындар қазір бір жұтым таза ауаға зар болып қалды. Осындай тауқыметті Бейжің халқы бастан кешіруде.
Ресми дерек көздеріне жүгінсек, Қытай астанасындағы ауаның ластану көрсеткіші қызыл-сары деңгейге жеткен. Қаптаған көліктер мен зауыт-фабрикалардан шығып жатқан көк түтін қосылып, онсыз да көңіл көншітерлік күйде емес қаланың экологиялық ахуалын мүлдем төмендетіп жіберген. Ауаның ластануынан тұрғындар арасында өкпе, тыныс жолдары аурулары көбейген. Бейжіңнің кейбір аудандарындағы ауаның ластану көрсеткіші Халықаралық денсаулық сақтау ұйымы бекіткен мөлшерден 17 есеге асып түскен. Қытай билігі бұл жағдайға байланысты зауыт-фабрикалардың жұмысына шектеулер қойып, ауыр жүк көліктеріне ел астанасына кіруге тыйым салып отыр.

Босқындар легі Канадаға да жетті

Еуропаны «жаулап» болған сириялық босқындар енді мұхиттың арғы бетіндегі Канадаға қарай бет түзей бастады.
Естеріңізге салайық, Канада билігі 2016 жылдың көктеміне қарай 25 мың сириялықты қабылдауға уәде берген. Олардың алғашқы он мыңы осы жылдың соңына дейін мұхит асырылмақ. Қалғаны келер жылдың наурызында келеді деп жоспарланған. Сириядан кетуге бел буған босқындарды тіркеу жұмыстары Йорданияда ашылған орталық арқылы жүзеге асырылуда.
Монреаль мэрі Дени Кодеррдің шетелдік ақпарат көздеріне берген мәліметіне сүйенсек, келімсектердің үштен бірі Квебекте орналастырылмақ.
– 25 мың мигранттың кемінде тоғыз мыңдайы Квебекке тоқтайды және оның ішінде 80 пайызы Монреальға қоныстанады. Квебектің ең ірі қаласы ретінде Монреаль босқындарды қабылдауға әзір, – дейді қала мэрі.

Шығыс-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button