Қоғам

Елбасы құттықтауы әр баланың жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз

Елбасы құттықтауы әр баланың жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз

Жаңа жыл – балалар үшін қашан да ғажайып мереке. Жасыл шырша жанында тойланатын осынау мерекені әр бүлдіршіннің тағатсыздана күтетіні де рас. Осы орайда жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Президент шыршасы мен облыс әкімі шыршасын кеше шығысқазақстандық балалар да көңілді өткізді. Бұл шараға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қатысты.

Елбасы құттықтауы әр баланың жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз

Бұл күні облыс орталығы – Өскемен қаласындағы Металлургтердің мәдениет сарайының табалдырығын аттаған әр баланың бейне бір ертегі әлеміне еніп кеткендей керемет күйге бөленгені рас. Бала көңілі әсершіл ғой. Жалт-жұлт еткен жасыл шырша, жапалақтап жауған аппақ қар мен түрлі ертегі кейіпкерлері бүлдіршіндер жүрегін қуанышқа одан сайын толтыра түскендей. Бәрінің де жүздері бақыттан бал-бұл жанды. Енді ше, Президент шыршасына қатысу – олар үшін үлкен бақыт. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 200 бала Президенттің атынан облысымызда өтетін шырша тойына қатысуға мүмкіндік алыпты. Олардың қатарында оқуда озат, белсенді балалармен қатар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасы және мемлекет қамқорлығындағы балалар үйлерінің бүлдіршіндері де бар.
Бір жыл күткен сағына,
Жаңа жыл келді тағы да.
Шолпан жұлдыз – бәріміз!
Қарсы алдық шырша маңында!
Жүргізушінің осылай саңқылдаған даусы Жаңа жыл мерекесіне жаңа шырай беріп, тіпті, қыздыра түсті. Балалар қосыла ән шырқап, би биледі.
Осынау Президент шыршасына қатысқан балалардың қуанышына облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ куә болды. Бір сәт үлкен экраннан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бейнесі көрінген салтанатты сəттегі балалардың толғанысы тіпті бөлек.
– Қымбатты балалар, бүгін байтақ еліміздің барлық өңірінде өнегелі балалар жаңажылдық шыршаның айналасына жиналды. Жаңа жыл – ең алдымен балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сендерді, сендер арқылы барша қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Біздің ұлы Отанымыз жылдан-жылға өркендей түсуде. Қазір дүниежүзі қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Ата-ананың сүйікті ұлы мен қызы, зерделі де зерек, білімді де білікті азаматы болып өсіңіздер. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалуда. Барлық өңірлерде жаңа мектептер салынды. «Өнерлі – өрге жүзер» деген дана халқымыз, өнер-білімнің кені, өркенді елдің теңі болыңдар. Айналасын алтын арайға бөлеген жасыл шырша – базарлы балалықтың белгісі. Шырайын бермейтін осы шыршадай жайнап өсе беріңдер. Болашақтарың баянды болсын! – деген Елбасы құттықтауы енді Президент шыршасына қатысқан əр баланың жүрегінде ұзақ сақталары да сөзсіз.
Балалар өздерінің балғын дауыстарымен «Рақмет, сізге Елбасы!» деген алғыстарын да жеткізді.
– Балалар үшін осындай жаңажылдық шырша ұйымдастырғаны үшін Президентке рақмет. Мен болашақта елімнің тыныштығын, жерімнің тұтастығын қорғайтын боламын, – дейді Семей қаласындағы «Жас ұлан» әскери мектебінің 5-сынып оқушысы Алмас Көшірханов.
Сондай-ақ, Жарма ауданы, Қалбатау ауылындағы Маяковский атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Эсмира Мирашеваның да қуанышында шек жоқ. Ол өскен соң, қайырымдылық қорын құрып, жетім балаларға көмектескісі келетінін де бізге сыр етіп айтты. Жалпы, Президент шыршасына Жарма ауданынан алты бала қатысты.
Балалар үшін Жаңа жыл – жаңа базарлықтар мерекесі екені де шындық. Осы орайда біз сөзге тартқан балалардың ешқайсысы Жаңа жылда қандай сыйлық алғысы келетіндерін де жасырып қалмады. Мысалы, Күршім ауданы, Теректі ауылындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Құсайынова Үміттің сыйлыққа планшет алсам деген арманы бар екен.
Ал армандар кейде орындалып та жатады. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президентінің атынан облысымызда өткен жаңажылдық шыршаға қатысқан балдырғандардың әрқайсысына планшет пен кітаптар және кәмпитке толы дорбалар сыйға берілгенін айта кеткеніміз жөн.
Иә, ұйымдастырушылар облыс орталығына өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген балдырғандар үшін барлық жағдайды жасауға тырысып-ақ бағуда.

Елбасы құттықтауы әр баланың жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз

– Жаңажылдық Президент шыршасы мен облыс әкімі шыршасына қатысуға келген балалар өздерінің уақыттарын мәнді де мағыналы өткізуде. Олар Үлбі Орталық мәдениет үйіндегі кинотеатрдан «Фея: құбыжық жайындағы аңыз» атты жаңажылдық мультфильм мен Жамбыл атындағы облыстық драма театрындағы балалар спектаклін тамашалады. Сондай-ақ, тарихи-өлкетану, этнографиялық, өнер мұражайларын да аралап үлгерді, – дейді өңірлік «Дарын» орталығының әдіскері Жанна Төлеуханқызы.
Сонымен қатар, жаңажылдық мерекеге қатысуға келген балалардың бір-бірімен тез тіл табысып, достасып кетуі үшін психологиялық тренингтер де ұйымдастырылыпты.

Балдырғандарға планшет пен тәттіге толы дорбалар тарту етілді

Түстен кейін болған облыс әкімінің шыршасына қатысқан балалар да зор қуанышқа кенелді. Бұл жаңажылдық шыршаға өңіріміздің аудандары мен қалаларынан барлығы 150 бала қатысты. Оларды облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өзі құттықтады.
– Құрметті менің балаларым, біздің елімізде көптеген мерекелер бар, бірақ соның ішіндегі біз үшін ең көңілді, ең қызықты мереке – Жаңа жыл! Жаңа жыл – жақсылықтың мерекесі. Біздің ұланғайыр жеріміз бар, қасиетті халқымыз, ұлы Президентіміз бар. Біздің жеріміз байлыққа толы, бірақ біздің мемлекетіміздің ең үлкен байлығы – сендерсіңдер! Сендерге үлкен үміт артамыз, – дей келе, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бүлдіршіндерге зор денсаулық пен жақсылық тіледі.
Облыс әкімінің құттықтауына риза болған балдырғандар аймақ басшысына алғыстарын айтты.
Облыс әкімінің шыршасы мерекесі шынында да балалар үшін керемет сый болды. Бүгінгі барлық құрмет пен салтанаттың өздеріне арналып жатқанын бала көңілі жақсы біліп-ақ тұр. Ертең ержетіп, елінің елеулі азаматы болғанда олар осынау тәтті сәттерді естерінде ұзақ сақтайтын болады.
Ғажайыпқа сенетін бала көңілі не деген кіршіксіз десеңізші. Әне, бүлдіршіндер жұмыр жер бетіндегі жаңажылдық шырша мерекесін тамашалау үшін ғарыштан келген қонақтарды қолдарын шапалақтап қарсы алуда.
Жердегі мерекені,
Ғарышта да біледі.
Көк аспаннан тамсанып,
Жұлдыздар да көреді, – дейді олар.
Ғарыштан келген қонақтар балалармен бірге шыршаны айнала билеп, балалардың өнеріне тамсанып, таңдай қақты. Шырша маңында ертегі кейіпкерлерінің бәрі жүр. Балдырғандардың жаңажылдық мерекеге арнайы әзірлеген киімдері көздің жауын алады.
Әсіресе, босағадан аттағалы тұрған жылдың құрметіне ақ қой болып киінген Абай ауданының Саржал ауылы орта мектебінің 7 «а» сынып оқушысы Нұрғалы Қуанышевтың киімі өзіндік ерекшелігімен көз тартады. Осы киімді әзірлеу үшін ата-анасы мен мұғалімі көп тер төгіпті.
– Ақ қой деген киелі ғой. Қазақ ақ қойды бата беретін кезде жол ақ болсын деп ырымдап сояды. Келе жатқан қой жылы еліміз үшін жайлы болуы керек. Төрт түліктің ішінде қазақтың ерекше жақсы көретін малы да – қой. Қой дегенің – кисең – киімің, ішсең – тамағың, сатсаң – пұлың емес пе? – дейді Нұрғалының ұстазы Алуа Әубәкірова.
Ал Тарбағатай ауданы, Сәтпаев ауылынан келген 4-сынып оқушысы Марал Қуанышбекованың әңгімесі тіпті қызық.
– Келе жатқан жыл – менің жылым. Өйткені, мамам мені қоңыр қозым, ботақаным деп еркелетеді. Анамның осылай еркелеткені маған қатты ұнайды. Үйде өзімнің артымнан бір елі қалмайтын қойым да бар. Қозы кезінде мен оның жанынан шықпайтынмын. Біз бір-бірімізді жақсы көреміз, – дейді ол балалық көңілден ағынан ақтарылып.
Жалпы, балаларға арналған шырша мерекесінде облыстық Жамбыл атындағы драма театры мен музыка мектептерінен жиналған 200-ге тарта әртіс бүлдіршіндердің көңілін көтерді.
– Мынау өмірде баланы қуантқанға не жетсін. Бала біздің болашағымыз ғой. Баланың қуанғаны – біздің қуанғанымыз. Сондықтан да бар өнерімізді салып өнер көрсетудеміз, – дейді облыстық Жамбыл атындағы драма театрының әртісі Майра Арғынбекова.
Иә, облыс әкімінің шыршасында да балаларға базарлық таратылды. Олардың әрқайсысына планшет пен тәттіге толы жаңажылдық дорбалар тарту етілді. Сондай-ақ, балалар үйлері мен интернаттық мекемелерге облыс әкімінің атынан компьютерлер мен тұрмыстық техника сыйға берілді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button