Қоғам

Елбасы тұсауын кескен нысандар

Елбасы тұсауын кескен нысандар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Кенді Алтайға келген сайын жаңа бір нысанның тұсауын кесіп, жергілікті халықпен қуанышын бөлісуі тәуелсіздік алған жылдарынан бері қарай үзілмей келе жатқан үлгілі дәстүрге айналғаны рас. Қарап отырсақ, осы уақыт ширегінде Елбасымыз Өскеменнің өзінде ғана қаншама игі істердің куәсі болыпты.
Егемен еліміздің тарихына көз жүгіртсек, бұдан тұп-тура 20 жыл бұрын облысымыздың орталығында Қазақстан халықтарының кіші ассамблеясы құрылып, республикадағы тұңғыш Халықтар достығы үйі есік ашқан. Осы мерейлі шақты Президентіміз Шығыс жұртымен бірге атап өткен-ді. Бүгінде Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстар бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұрып жатса, ол ең әуелі Ұлт Көшбасшысы жүргізген сарабдал саясаттың жемісі, содан кейін осындай Достық үйлерінің жұмысы деп білеміз. Ал алғашқы Достық үйінің бізде құрылуы Өскеменнің қаншалықты маңызға ие қала екенін айқындап тұр емес пе?
Тұңғыш Президенттің қатысуымен іске қосылған тағы бір бірегей нысан – «Kazakstan Solar Silicon» зауыты. Қазіргі заманғы озық технологиялар бойынша жұмыс істейтін бұл кәсіпорында отандық KAZ PV кремнийі негізінде фотоэлектрикалық пластиналар мен ұяшықтар шығарылады. Соның арқасында баламалы энергетика түрлерін дамытып, бәсекеге қабілетті жаңа технологиялар алуға жол ашылды. Заманауи өндіріс орнында болған Президент ондағы жұмысшылармен сөйлесіп, күн батареяларын шығаратын дәл осындай толық интеграцияланған өнеркәсіптік тізбек әлемнің АҚШ, Канада, Жапония және Қытай секілді төрт елінде ғана бар екенін, енді олардың қатарына Қазақстан қосылғанын мақтанышпен айтқан-ды.
Айта кетейік, Франциямен бірлескен бұл жобаның біре¬гейлігі сол – мұнда шикізат өндіруден бастап Astana Solar зауытында жоғарытехнологиялы инновациялық өнім құрастыруға дейінгі толық өндірістік тізбек қамтылған.
2013 жылдың жазында Өскеменде балалардың функционалды сауаттылығы мен шығармашылық қабілетін дамытуға, қосымша білім беруге бағытталған тұңғыш оқушылардың шығармашылық сарайы ашылды. Оқушылар мен ұстаздарды қуанышқа кенелткен мерекелік шараның құрметті қонағы болған Мемлекет басшысы ақ тілегін арнап, білім мекемесіне жайлы жабдықталған автобус сыйға тартқан. Оқушылар сарайын аралау кезінде Елбасы балалардың математикалық модельдеу, экономика, экология, физика және өзге де салалардағы ғылыми жобаларын тамашалады.
Сонымен қатар Өскеменде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қолданысқа берілген «Балапан» балабақшасы мен жабық үлгідегі теннис корты, сондай-ақ, 600 орынға шақталған облыстық драма театры сияқты қаланың мәдени, әлеуметтік дамуына серпін беретін нысандардың тұсауын да Елбасы өзі қиған. Қос нысанды, яғни жобалық құны 960 млн. теңге болатын балабақша мен 460 млн. теңгені құрайтын теннис кортын «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Президенттің тапсырмасы бойынша салған.
Облыс орталығында Мемлекет басшысының өзі арнайы келіп ашып берген бұдан басқа да нысандар көп. Олардың бәрі қазір халықтың игілігіне жұмыс істеп тұр.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button