Қоғам

Елбасы Шығыс Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді

Елбасы Шығыс Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді

Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Астанадағы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жаңа ғимаратында болып, осында іске қосылған «Электронды партия» жобасымен танысты және партияның облыстардағы филиалдарымен бейнебайланысқа шықты. Партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалында бұл есепті бейнебайланысқа аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ қатысты.

Аталмыш тың жоба тұрғындармен тікелей жүйе арқылы байланыс жасауға мүмкіндік бермек. Қоғамдық қабылдау халыққа «бір терезе» қағидаты бойынша және заманауи талаптарға сай қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, оның жеке ресми сайты да жұмыс істейді, кез келген азамат өзінің сауалын не болмаса өтініш-тілегін жолдап, білікті мамандардан толыққанды жауап ала алады. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі өзінің іс-шаралары туралы ақпаратты электронды түрде ұсынады.
Сонымен қатар, мұнда психологиялық оңалту шаралары да атқарылмақ. Азаматтарға кеңес беру кезінде жанға жайлы жағ-дай жасалады. Ал ата-анасымен келген ба-лалар үшін ойын алаңы жабдықталған.
Мемлекет басшысы бұдан 22 жыл бұрын, тәуелсіздік таңы атқан сәтте алғаш рет жалпыұлттық Президент сайлауы өткенін және сондықтан өткен жылы еліміздің Парламенті 1 желтоқсанды Қазақстандағы мемлекеттік мереке ретінде бекіткенін атап өтті.

– Бүгінде біз қажырлы еңбек еткен жылдар ішінде елеулі нәтижелерге бірге жеттік деп айтуымызға болады. Міне, жыл аяқталып келеді, жалпы алғанда, көрсеткіштер жаман емес. Сіздерді құттықтаймын және жұмыста табыс тілеймін, – деді Президент.

«Нұр Отан» партиясы өңірлік филиалдарының жетекшілері бейнебайланыс арқылы Мемлекет басшысына XV съезде жүктелген маңызды міндеттердің атқарылуы жайында есеп берді. Партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ Елбасының және бүкіл еліміздегі «Нұр Отан» кеңселеріне жиналған партияластарының алдында сөз сөйледі.

– Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізге Семей ядролық полигонын жабуға байланысты батыл қадамыңыз үшін барша шығысқазақстандықтар атынан шексіз алғыс білдіруге рұқсат етіңіз!

Сіз полигон жабылған 29 тамызды «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы әрекет күні» деп жарияладыңыз, бұл бастама-ға әлемдік қауымдастық бірауыздан қолдау білдірді. Сіздің сарабдал саясатыңыздың жә-не қолдауыңыздың арқасында экономика-лық дағдарыс кезеңінде, атап айтсақ, тіпті, әлемнің ең дамыған елдерінде жүздеген кәсіпорындар жабылып, мыңдаған адамдар жұмыссыз қалып жатқанда, жалақы мен зейнетақы мөлшері еселеп қысқарып жатқанда, Қазақстанда тұрақтылық сақталып қалды және халық дағдарыстың салқынын сезінген жоқ.

Шығыс жұрты Тұңғыш Президент күнін ерекше ықыласпен қарсы алуда. Егемен еліміздің қалыптасуы мен дамуы және оның жарқын болашағы тек Сіздің есіміңізбен байланысты. Біз сізді және еліміздің бүкіл тұрғындарын осынау ұлық мерекемен құттықтаймыз, баршаларыңызға зор денсаулық, береке-бірлік, Отанымызға өсіп-өркендеу тілейміз! – деп атап өтті өз сөзінде аймақ басшысы.

Өз кезегінде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Шығыс Қазақстанның әрдайым көш басынан көрініп жүретінін және өзге өңірлер үшін көптеген салалар бойынша нағыз үлгі-өнеге болып табылатынын айрықша атап өтті.

– Аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жоғары бағаға лайық. Осы қарқынмен ел ертеңі үшін аянбай еңбек ете беріңіздер. Баршаларыңызды мейраммен құттықтаймын. Шығыс Қазақстан облысының барлық тұрғындарына игілік, амандық және бақ-береке тілеймін, – деп түйіндеді сөзін Елбасы.

Кездесу соңында «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесі Бюросының мүшесі, Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасымызға «Нұр Отанның» жаңа үлгідегі нөмірі бірінші партиялық билетін салтанатты түрде табыс етті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button