Елбасы манифесі бейбіт өмірге үндейді
Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің кезекті отырысы ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін талқылауға арналды.
Естеріңізге салар болсақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік бойынша саммит аясында бес бітімгершілік бастама ұсынған болатын, ол бастамалар Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізіне айналды. Бағдарламалық құжат әлемдік қауымдастықта кең көлемді талқылау туғызды. Сарапшылар Қазақстан Президенті ұсынған барлық елдердің ядролық қарудан ерікті бас тартуы туралы бастамасы дер кезінде жасалды және бүгінде халықаралық жағдайды ушықтырып отырған соғыс індетіне қарсы дауа бола алады деген пікір білдірді.
Мемлекет басшысы 25 жыл бұрын Қазақстан әлемде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полигонын мәңгіге жапқанын атап өтті. Бұл – әлемдік тәжірибедегі тұңғыш және әзірше жалғыз оқиға. Мұнымен қоса, Елбасының айтуынша, ядролық қаруды таратпау туралы келісім өз міндетін атқармай келеді. Халықаралық саясаттағы күрделі жағдай, жаңа тұрақсыздық ошақтарының пайда болуы және «тоқтатылған» қақтығыстардың қайта өршуі ынтымақтастықтың жаңа формаларын іздестіруді қажет етеді. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ұсыныстары ішінде БҰҰ туы астында Бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік үшін жаһандық мемлекеттер коалициясын құру, сонымен қатар, Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045 жоспарын әзірлеу бар.
– Барлық ұлттардың инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға теңдей және әділетті қолжетімділігі негізінде дамудың жаңа үрдісін қалыптастыру маңызды, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы манифесте.
Ел Президентінің осы және басқа бітімгершілік бастамалары мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, жоғары оқу орындарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған әлемдік сарапшылар тарапынан қолдау тапты.
«Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі бүкіл адамзатқа төнген жойқын қауіп – соғысқа баламасыз жауап ретінде қазақстандықтар арасында да қолдауға ие болуда.
Мемлекет басшысының бағдарламалық құжатына өз ойларын облыстық Достық үйіне – қоғамдық келісім орталығына жиналған Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің мүшелері де білдірді. Өңірдегі ең белсенді әйелдердің пікірі бойынша, манифест ХХІ ғасырда өмір сүріп, еңбек ететін келер ұрпақтың, балалар мен немерелердің тағдырына деген шынайы алаңдаушылықтан туындаған.
– Әлем шыны секілді осал күйде, – деді халықаралық бақытты отбасы институтының құрылтайшысы Ольга Иванова. – Президентіміздің манифесте айтқандары өте маңызды. Егер біз бейбітшілікті қаласақ, өз отбасыларымыздан, өз балаларымызды тәрбиелеуден бастауымыз керек.
Спикердің айтуынша, ананың күш-қуаты – әлемдегі бар игіліктің, жасампаздықтың ең мықты қозғаушысы. Соңғы оқиғаларға байланысты – халықаралық терроризмнің, «қырғиқабақ соғыстың» таралуына байланысты ана рөлі ерекше мәнге ие болып барады. Баланың кейінгі тағдыры, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасы анасының оны қандай құндылықтарға үйретуіне байланысты.
«Әлем. ХХІ ғасыр» манифестіндегі әр сөздің маңызына, оның балаға деген әсеріне облыстық кәрістер қауымдастығының төрайымы Юлия Кунст та тоқталды.
– Таяуда мен өз балаларыма манифестің негізгі ұстанымдары туралы айтып бердім. Соғыста жеңімпаздар мен жеңілгендердің болмайтынын, барлығы да зардап шегетінін түсіндірдім. Егер әр ана, әйел осы ойларды өз баласына жеткізсе, нәтиже болар еді. Біз де белгілі бір дәрежеде бітімгер болуға тиіспіз, – деп атап өтті Юлия Кунст.
Жалпы алғанда, отырысқа қатысушылар біздердің әрқайсысымыз да әлемдегі жағдайға жауаптымыз деген түйінге келді.
Шығыс-Ақпарат