Қоғам

Елбасы идеясы жүзеге асты

Тұңғыш Президент күні

Елбасы идеясы жүзеге асты

Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Назарбаевтану» ғылыми-білім беру орталығында Тұңғыш Президент күніне орай «Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ – Еуразиялық интеграцияның архитекторы және идеологы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оған Өскемен қаласы әкімдігінің, Шығыс Қазқстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының, облыс орталығындағы бірқатар жоғары оқу орындарының, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел форматында өткен басқосудың алдында «Біз қуатты Қазақстан үшін Елбасымен біргеміз» тақырыбындағы кітап көрмесі ұйымдастырылып, Тұңғыш Президент мұражайының «Астана – орындалған арман қаласы», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – әлемдік саясаткер, стратег және реформатор» атты жаңа экспозициялары көпшілік назарына ұсынылды.
– Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жаңа қазақ мемлекеттілігінің негізін қалап, ел тәуелсіздігін қысқа мерзімде нығайта білді. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан Қазақстанды сүріндірмей аман алып шығып, дамудың даңғыл жолына салды. Ол – ғаламдық бастамалардың авторы. Сол идеялардың бастысы – Еуразиялық ынтымақтастық болып табылады. Бүгінгі таңда бұл бастама нақты іске асып отыр, келер жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысына кіріседі. Аталмыш интеграциялық процестер еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, отыз озық мемлекеттің қатарына қосылуымызға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Қазірдің өзінде Елбасымыздың «қазақстандық даму моделін» әлемнің өзге дамушы елдері ұтымды үлгі ретінде қарастыруда, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Ә.Қуандықов.
Осы ретте атап өтерлік жайт, Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясының тұжырымдамасын Елбасымыз сонау 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында ұсынған болатын, енді міне, 20 жылдан соң аталмыш асқақ арман жүзеге асып отыр. Келесі жылдың 1-қаңтарынан бастап Еуразиялық одақ өз жұмысын бастайды,
«Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ – Еуразиялық интеграцияның архитекторы және идеологы» тақырыбындағы негізгі баяндаманы С. Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры, экономика ғылымдарының докторы Александр Кайгородцев жасады. Ғалым еуразияшылдық идеясы ұғымына жан-жақты түсініктеме бере отырып, «Кедендік одақ», «Еуразиялық экономикалық одақ» сынды сауда-экономикалық интеграция формаларының ел экономикасына тиігізіп отырған және алдағы уақытта тигізер нақты пайдасы жайында әңгіме өрбітті.
Ал Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетінің кафедра меңгерушісі Оксана Морозова өз сөзінде Еуразиялық одақ идеясының рухани негізі мен интеграциялық әлеуеті туралы ой қозғады.
– Қазіргідей дүниежүзілік қаржылық дағдарыс кезінде аталмыш идеяның маңызы тіптен арта түсуде. Бүгінде «Еуразиялық интеграция» ұғымы брендке айналып үлгерді. Экономикалық қиындықтарды тек бірлесе еңсеруді түсінген өзге елдер де Еуразиялық экономикалық одаққа қызығушылық танытып, оның ұтымды тұстарын түсініп, бірлестікке мүше болудың, не болмаса жанама түрде қосылудың жолдарын қарастыруда, – деді ол.
Конференцияға қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Басқосуға қатысқан ғалымдар жуырда жарияланған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясаты жөнінде де өз пікірлерін білдіріп, бұл бағдарламаның күрделі кезеңде ел дамуының қарқынын бәсеңдетпеуге мүмкіндік беретінін айрықша атап өтті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button