Қоғам

Елбасы халыққа Жолдауына қатысты мәлімдеме жасады

Елбасы халыққа Жолдауына қатысты мәлімдеме жасады


Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ арнайы мәлімдеме жасап, ертең жария болатын Жолдаудың негізгі тақырыбы туралы айтты.

«Құрметті қазақстандықтар! Қасиетті отанымыз тәуелсіздіктің үшінші мүшеліне аяқ басты. Қазақстан қысқа мерзім ішінде кемелденіп, қуаты толысқан сақа мемлекетке айналды. Ширек ғасырда елімізді түбегейлі өзгерткен екі жаңғыруды іске асырдық. Алдымен нарықтық экономика қағидаларына негізделген мүлдем жаңа сипатты мемлекет құрдық. Екіншіден, Қазақстан-2030 стратегиясын жүзеге асырып, асқақ астанамызды салдық. Ал қазір кезекті маңызды белестің алдында тұрмыз.

Ертең қаңтардың 31-інде менің халыққа Жолдауым ақпарат құралдарында жарияланады. Мен биылғы Жолдауымда ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынбақпын. Басты тақырып – «Қазақстанның үшінші жаңғыруы. Ол еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекеге қабілетін арттыра түсуі тиіс. Біз сандық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша мән беретін боламыз. Ал білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды салалар қашанда басты назарда қала бермек» деді Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Елбасы заңға сәйкес, Президенттің Жолдауды ауызша және жазбаша түрде жасауына болатынын, өзінің биыл екінші жолын таңдағанын айтты.

Бүгінгі арнайы мәлімдемесінде Мемлекет басшысы жаңа экономикалық саясат пен саяси реформалардың бір-бірін толықтыратынын айтты.

«Бизнес-ортаны кеңейту және бұқаралық кәсіпкерлікке қажет жағдайды жақсарту аса маңызды. Ол үшін мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту керек.
Дамудың келесі үлгісіндегі буындардың бірі – агроөнеркәсіп кешені, көлік және логистика.

Тұрғын үй рыногын дамыту, мемлекеттік қолдау шарттары жайында өз алдына бөлек айтылатын болады.

Макроэкономикалық саясат да жетілдіруді қажет етеді. Үкіметке «Үшінші жаңғыру» бойынша 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын жасау тапсырылады. Ол «Қазақстанның Ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталады және қазіргі заманның қатерлеріне жауабымыз болады. Үкіметтің алдына маңызды мақсат-міндеттер қойылады. Оларды орындауға қажетті ресурстар мен мүмкіндіктердің бәрі бізде бар.

Осының барлығы ұзақ мерзімді преспективада экономиканы тұрақты дамытуға жағдай жасайтын болады.

Жақында мемлекетті саяси жаңғырту жобасы жарияланды. Бұл екі бастама бір-бірін толықтырып, елдің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етеді», – деді Мемлекет басшысы.

«Осы арқылы біз Стратегия-2050-дің негізгі мақсатына қол жеткізіп, әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіре аламыз. Қазақстанның технологиялық жаңғыруы туралы басым бағыттар осындай. Болашақ даму мен мемлекеттің гүлденуіне бағытталған бұл жолды Қазақстан халқы қолдайды деп сенемін. Алдағы үлкен жұмысымызда барлығымызға сәттілік тілеймін», – деп аяқтады сөзін Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

(«Егемен Қазақстан» газетінің сайтынан алынды)

Осы айдарда

Back to top button