Елбасы естелгі кионға айналды

Тәуелсіздік мейрамына орай – Өскемен қаласының бірнеше мәдениет ошағында «Елбасы жолы. Астана» көркем фильмінің көрсетілімі болды. Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл филімді Металлургтер мәдениет сарайының үлкен залынан көрді.
Киноның режиссері – Ақан Сатаев. Елбасының естеліктері негізінде өмірге келген бұл киноэпопсясы Елорданың Ақмолаға көшірілген жылдарын баяндайды. Бас кейіпкер – сол бір сын сағаттарда Елбасының маңайында жүрген мемлекеттік қызметкер.
Фильм де сол қызметкер отбасының бүгінгі таңдағы мамыражай тірлігінен басталып, Елбасының Астана қаласының 20 жылдығына байланысты берген тапсырмаларымен жалғасады. Еңселі Елорданың бүгінгі абат күнге қалай жеткенін сонау 1994 жылғы шілде айынан бастайды режиссер. Алатау бауырында егемендігін енді алған елдің басшылары Елбасының Ақмолаға көшейік деген ұсынысына үрке қарайды. Тіпті, кейбір азаматтар ашық түрде қарсы болады. Осы сын сағатта жекелеген тұлғалардан ғана қолдау тапқан көреген көсем жар құлағы жастыққа тимей жұмыс істейді.
Фильмде сол кезеңде жұмыс істеген біраз азаматтардың бейнесі сомдалған. Елбасына әрқашан қолдау көрсеткен жазушы Әбіш Кекілбаев, сол кездегі премьер-министр Әкежан Қажыгелдин, Ғалымжан Жақиянов, Әділбек Жақсыбеков сынды азаматтардың ұстанымын көрсетуге режиссер біраз жұмыс істеген.
Елбасының Астананы не үшін орталыққа көшіргелі отырғаны туралы би-шешендердің сөзімен келтірген уәжі, Ақмоланың аязы мен боранына қатысты айтқан ақыл-кеңесі, болашақ астананың бұлдыр елесін маңайындағыларға көрсеткен көрегендігі көгілдір экранда ерекше шеберліепен өрілген. Айталық, «жайылған кілемді ешкім шетін баспай келіп ортасында тұрған кесені ала алмайды» немесе «бұл жер аяз екен деп ата-бабаларымыз тастап кетпеген ғой» деген сөздері кімнің болсын тас жүрегін жібітердей. Тіпті, құрылыс басындағы қызметкерлердің өзімен барып ауызекі тілдесетін кадрлар бар.
Кино-фильмде Елбасы рөлін белгілі актер Мұрат Ахманов сомдайды. Түсірілімнің кей тұсында Елбасының өз кадрларын да сәтті пайдаланған. Ал Елбасы дауысын Ерлан Қасымжанұлы айнытпай салыпты.
Фильмнің түсірілім жұмыстары өткен жылдың желтоқсан айында басталып, биыл жазда аяқталған болатын. Қараша айының соңынан бері еліміздің облыс орталықтары мен қалаларында көрсетіліп жатыр.
Мұратхан Кенжеханұлы