Қоғам

Ел-жұрты Әубәкіровті ерекше құрметтейді

Ел-жұрты Әубәкіровті ерекше құрметтейдіЖарма ауданының алғашқы әкімі, еселі еңбегімен өңірімізге танымал Төлеуберді Әубәкіровті ел-жұрты ерекше құрметтейді. Қазіргі Жарық ауылында, сол кездегі «Красный Скотовод» кеңшарының Тұрхан деген жерінде шаруа отбасында дүниеге келген ол Ұлы Отан соғысы жылдарындағы балалар сынды ерте еңбекке араласты.

– Жеті кластық білім алған мен Бөке ауылындағы орта мектепті 1956 жылы бітіріп, Совет Құмаров, Елубай Баяхметбаев деген замандастарыммен бірге арман қуып, Семейдің 8-ші техникалық училищесіне оқуға бардық. Мұнда электрмонтажшы мамандарын даярлайтын. Бір жыл оқып мамандық алдық, – дейді Төлеуберді Оразғалиұлы.
Оқуды бітірісімен Челябинскінің Шумиха деген жерінде теміржолға электр желісін тартып, еңбек жолын бастайды. Кейіннен жұмыс тобын Новосібірдің Балотный деген аудан орталығына жіберіп, осы жерде бригадир болып тағайындалады. 1959 жылдың көктемінде жылқышы әкесін ат теуіп, жазым болған соң, ауылға қайтады. Кеңшар басшысы Құмар Раев жас маманды ауылға электрші етіп қабылдайды. Осы жылдың күзінде әскер қатарына шақырылып, Төлеуберді Ташкенттен бір-ақ шығады. Мұнда артиллерияның шеберін дайындайтын мектепте білім алып, оның қыр-сырын меңгерісімен Кеңес әскерінің Германиядағы Альтенхайн деген жеріндегі 8-ші гвардиясы қатарына жөнелтіледі. Мұнда да алған білімі көмектесіп, взвод командирінің көмекшісі, кейін рота старшинасы болады.

Әскерден оралған соң Алматыға барған жігерлі жас жігіт студент атанады.

– Үйден келер көмек жоқ, жалғыз стипендияға күн көру мүмкін болмағандықтан, ауылға барғанымда сол кездегі совхоз директоры Күнсіләм Мұсажановтың алдына бардым. Шаруашылық есебінен оқыту жөнінде ұсыныс айтып, ол кісі екі сөзге келмей келісті. Осылайша кеңшардың стипендианты болып шыға келдім, – дейді Төлеуберді ақсақал өткенге көз жүгіртіп.

Ауыл шаруашылығы институтын үздік бітіріп шыққан ол туған ауылына бас агроном болып қабылданады. Одан кейін іскер маманның қызметтік баспалдақтары басталады. Кеңшар директорларын дайындайтын оқуды бітіріп, қазіргі Қызылағаш, ол кездегі «Михайловка» кеңшарына директор болады.

– Есімде қалғаны, 1974-78 жылдары құрғақшылық болып, малды сақтап қалу үшін біраз тер төгіп, еліміздің бірқатар өңірлерін де аралағаным бар. Бұл уақытта фермаларда электр желісі тартылмаған. Телефон байланысы, монша, балабақша жоқ, теледидар да көрсетпейді. Осы мәселелерді шешуге күш салып, телефон тартылды, электр қуаты әр қыстаққа дейін жетті, теледидар да іске қосылды, – дейді өткенді еске алып.

Білікті кеңшар директорының жұмысы облыс басшысының көңіліне қонады. Оған сенім артылып Таскескен аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Сол кезде бұл өңірдің де ісі ілгері басады. Төкең ауыл шаруашылығымен қатар әлеуметтік салаға, өнер мен мәдениетке ерекше мән береді.
Ал Шұбартау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғанда заман өзгеріп, демократияландыруға бет бұрған кез еді.

– Бұл аудан артта қалған еді, осы өңірді дамытуға байланысты көп жұмыс атқаруға тура келді. Орталық комитеттен қаржы бөлуді сұрадық, осының арқасында аудандағы барлық кеңшарларға интернат, мектеп, мәдениет ошақтары, балабақша, көпірлер салынып, шалғай ауылдарға жол төселді. Осылайша Шұбартауда ізім қалды, – дейді ол.
Облыс басшылығына қала маңына ауыстырсаңыздар деген өтініш айтып, өзінің туған ауданына әкім болып келеді. Бұл 1992 жыл болатын. Жекешелендірілмей тұрған уақытта тек Жарманың өзінде 200 мыңнан асатын қой, Шар ауданында тура осындай ұсақ мал басы болды. Ал сол уақыттағы дәрежеге жету үшін үлкен жұмыстар қажет. Сол уақытта ірі шаруашылықтарды сақтап қалуға күш салынғанда, еліміздің ахуалы көш ілгері болар еді, – деп ол іштегі өкінішін жасырмады. Сөйтсе де Скотоводта орналасқан асыл тұқымды мал басын ұстап қалуға күш салып, бүгінгі асыл тұқымды мал зауыты сақталды. Ауданда әкім болып тұрғанда мұнда да мәдениетке көп көңіл бөлді. Соның нәтижесін бүгінде жармалықтар көріп отыр.

Төлеуберді ақсақал құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де өңір өмірінен қол үзбей, бүгінде облыс Әкімінің аудандағы қоғамдық кеңесшісі болып жүр.

– Бұл өңір – халыққа жайлы мекен. Тоғыз жолдың торабы. Ауылдардың көркі кіріп, түрленіп келеді. Өзім екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, алты немере сүйіп отырмын. Бақ дарып, құт қонған мекенім жылдан-жылға жаңара берсе екен деп тілеймін, – дейді Төлеуберді ақсақал.

Мейірхан Оспанбаев
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button