ҚоғамТарихТәуелсіздік - 30ТОП

Ел ұмытпас есім

«ҚОРЫҚПАҢДАР, ӨЗ МОЙНЫМА АЛАМЫН»

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қаншама қазақ жастары түрмеге тоғытылып, көктей солды. 16 жасында Өскеменде қаза болған желтоқсан құрбаны, тарбағатайлық жерлесіміз Сәбира Мұхамеджанова 35 жылдан соң, былтыр ғана ақталды.

«Ерлік есеппен істелмейді. Ерлік ешқандай есепке көнбейді. Ерлікті сантиметрлеп өлшеп, грамдап салмақтап, секундтап санай алмайсың. Ерлік  адам  жанының  лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы» деп кеткен қазақтың қаһарманы Бауыржан Момышұлы. Осыдан 36 жыл бұрын «Бәріне кінәлі мен. Қорықпаңдар, өз мойныма аламын. Бәрі үшін мен жауап беремін! Мен бәрін бастаған» деп студент құрбы-құрдастарының  басына түскелі тұрған бар ауыртпалықты бір өзі  мойнына ала кеткен 16 жастағы Сәбираның бұл сөзі ешбір қалыпқа сыймайтын, ешкім қайталай алмайтын ерлікпен тең. Қайсар  мінез  Сәбира осылайша, бар  болғаны алаңға барғаны үшін, көшеге шыққаны үшін күн сайын, сағат сайын қыспаққа алынып, тергеліп, қорланып, жазаланып жатқан жолдастарын кеңестік қызыл жүйенің қанды шеңгелінен арашалап қалды.

«Ерлік білекте емес, жүректе» екенін білеміз. Ерлікті кім жасайды? Сәбира Мұхамеджанова  туралы тың деректерді тауып, қаһарман қыздың келте ғұмырын, өмір  тарихын зерттеп, жүйелеп жазған   Ақжар ауылындағы Абай атындағы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, шебер педагог, тарих бағытындағы педагогика ғылымының магистрі Қуаныш Қабидолдин Сәбира Мұхамеджанованың өн бойындағы білімге деген құштарлығы,  әділеттілікке, ақиқатқа деген адалдығы, еліне деген махаббаты оны о бастан, бала кезінен өзгелерден ерекше етті, өжет етті дейді. «Сен тимесең, мен тиме, бадырақ көз» деп қарап отыру, жасықтық, жалтақтық   немесе   немқұрайлылық дегеннен ада ол бастауыш сыныптан-ақ алғыр, намысшыл, еңбекқор, зерек, мінезді бала болған.

  • Сәбираның өмір тарихын  зерттеп, осы  жазда Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-да – «1986 жылғы  Өскемен  қаласындағы желтоқсан оқиғасының құрбаны Сәбира Мұхамеджанованың өмірінің ақтаңдақтары» атты магистрлік диссертациямды  сәтті  қорғадым. Алдағы уақытта әрі қарай бұл жұмысымды монография етіп  толықтырып, жалғастырмақпын.  Сәбира  туралы сыр әлі  толық айтылған жоқ. Ол енді  басталды.

Өскемендегі облыстық мұрағатта сақталған құжаттарды ақтара отырып, Сәбираның мектепті кілең беске оқығандығы жөніндегі тағы бір тың деректі – құжатты таптым. Осы құжатта (суретте) Сәбираның  облыстың  әр ауданынан 8-класты бітіріп келген 14 озат оқушымен бірге Өскемен педагогикалық училищесіне емтихансыз қабылданғаны туралы бұйрық тіркелген. Осы тізімнің ішінде Сәбираның аты-жөні де тұр. Бұрыңғы жазылып жүрген мақалаларда, мәліметтерде Сәбираның мектептегі класс журналдарында бір төрті болмаған, сабақ үлгерімі өте жақсы зейінді, зерек, талапты оқушы болған   деген деректерді бұл бұйрық нақты дәйектеп тұр. Сосын, Сәбираның қайтыс болуына байланысты  оқудан  шығарылғаны  жөніндегі  құжат – анықтама да бар. Анықтамада «С.Мұхамеджанова қайтыс болғанына байланысты оқудан шығарылды» делінген. Тағы  бір архив құжаты, Сәбираның  өлімінен  соң, педучилище комсомол  комитеті отырысының   5 қаңтар 1987 жылы  жазылған №23 хаттамасындағыдай:  оқудан  шығаруға  ұйғарылған көшеге  шыққан  студент  жастардың кейбіріне  ескерту,  кейбіріне  сөгіс беріліп  оқуда  қалдырылған.  Бұған  Сәбираның  өлімі себеп болғаны түсінікті. Жоғарыда  аталған мұрағат  құжат,  хаттама  осы іске дәлел, – дейді  Қуаныш Қабидолдин.

Мұны сол кезде Сәбира тұрған жатақхананың тәрбиешісі болған Қазина Масабаева да растайды. Оның айтуынша, Сәбираның Ақмектепте тарих пәнінен сабақ беріп жүрген мұғалім анасы Өскеменге оқу орнының шақыртуымен 26 желтоқсанда, аязды қыста құстай ұшып жеткен. Анасы келген күннің кешінде тергеудің қысымына, Отанына опасыздық жасаған «сатқын» деген жалаға шыдамаған Сәбира бұл өмірмен қош айтысып кете барған. «Болар іс болды, ауылға барғанда менен көреді ғой енді, сен өлтіріп әкелдің деп. Мен босқа келген екенмін. Ендігі бар айтарым:  бұйрықпен оқудан шығарылып жатқан мына жеті ұлды қайтадан оқуға алсын, мен әрі қарай ештеңе қозғамайын» деген екен.

Қуаныш  қайта аудан болып құрылған Тарбағатай   ауданының  орталығы  Ақжар ауылында алдағы уақытта «Сәбира алаңын» ашу немесе Сәбираға арналған ескерткіш орнату жоспарланып отырғанын айтты. Ақмектеп ауылындағы Сәбираның отбасы тұрған үйді қайта жаңғыртып   Сәбираның  мұражай-үйі ету туралы  да жоспар болған екен. Бірақ айтылған күйінде қалған. Бұл күнде ауылдағы ол қара шаңырақ қақырап, қирап,  әбден тозып құлағалы тұр дейді. Бұл үйден ешкім ешқайда көшіп кетпеген. Қара шаңырақтың түтіні сөнген.   Себебі, Сәбираның ажалы тұтастай бір үйдің басына қасірет бұлтын үйірген. Қайғы-шерге, қатал қыспаққа шыдай алмай анасы мен әкесі бірінен соң бірі көз жұмып, екі  ағаcы, апайы да  бақилық болады. Бәрі Ақмектеп ауылындағы  қорымда  қатар жатыр.

Бұл күнде Мұратхан деген жалғыз ағасы ғана қалған. Биыл күзде Сәбираның сол жалғыз ағасына Шығыс Қазақстан облыстық «JELTOQSAN 86» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марат Рамазанов және аталмыш   бірлестіктің  Тарбағатай  ауданы бойынша төрағасы Бақыт Қатшабаевтың  ұйымдастыруымен ауыл болып, ел болып, Сәбираның  құрбы-құрдастары, курстастары  жиналып, үй алып берген екен.

– Сәбира  туралы  ең  бірінші жазушы жерлесіміз  Асқар Алтай 1989-90 жылдары Жазушылар одағының  тапсырмасы бойынша Алматыдан Өскеменге келіп, Ақмектепке дейін барып  «Ол он алты жаста еді…» деген үлкен зерттеу мақала жазып, Сәбира  Мұхамеджановадай қаһарман қызды, батыр қызды халқына танытты, ол туралы ақиқатын айтты. Бұған дейін Сәбираның өліміне қатысты түрлі қауесеттер көп айтылды. Осы күні барлық газеттерде, интернетте жүрген Сәбираның суреті алғаш осы жазушының мақаласымен бірге басылып, жарияланды. Ол мақала «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітабына енді.

Бұдан кейінгі жылдары  Сәбира оқыған педучилищенің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Тарбағатай  ауданындағы  Ақмектеп орта  мектебінде Сәбираның класы ашылды, ол класс биыл қайтадан жаңаланып, толықтырылды. 2011 жылы Сәбираға «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.  2019 жылы мектеп  ауласына  Сәбираның  кеуде мүсіні қойылды. 2020 жылы Сәбираның 50 жылдығына орай  Шығыс Қазақстан  облыстық «JELTOQSAN 86»  қоғамдық  бірлестігінің жетекшісі Марат Рамазановтың ұйымдастыруымен Өскеменде  «Желтоқсанның берері мен беделі»  атты республикалық конференция өтіп, ел бойынша  жиналған   желтоқсаншылар Сәбираны еске алды.  Биыл  қыркүйек  айында   Зайсан  қаласында Марат Рамазановтың   ұйымдастыруымен жаңадан салынып жатқан мөлтек ауданның басты көшесіне Сәбираның аты берілді. Бірақ елімізде, шығыстың өзінде Сәбирадай батыр қызды ел әлі де көп біле бермейді. Сәбира Мұхамеджанованың есімін Ақмектеп ауылына немесе орта мектепке берсек, елінде, облыс орталығында ескерткіш орнатсақ деген осыдан жиырма, отыз жыл бұрын айтылған ұсыныстар, тілектер сол күйінде қалды. Сәбираны елі ұлықтай алмай жатыр. Өскеменнен қып-қысқа кішкентай көшеге Сәбираның атын берген болды. Жазушы   Оралхан Бөкей  айтқандай  шығыстың, Алтайдың  халқының  бітім-болмысы, мінез- құлқы суық та қатал табиғатына тартқанынан болар,– дейді Қуаныш.

Он алтыдағы Сәбира. Найзағайдай жарқ еткен жасын ғұмыр. Сәбираның сарғайған суреттеріне қарап, оның ұшқын  ойнаған көздерінен батылдығын, өжеттігін бірден аңғарасың. Сәбираның жанарындағы сол жалқын сәуле кешікпей атқан Тәуелсіздіктің таңындай.

 

Сәбираның анасының естелігі:

(жазушы Асқар Алтайдың мақаласынан үзінді)

«Мен жатақханаға жеткенiмде, Сәбирам түскi сабаққа кеткен екен. Тәрбиешiсiнiң рұқсатымен кiлт әкелген соң 141-бөлмеге барып отырғанымда, қызым келiп құшақтап, денсаулығымды сұрады. Көңiлiм босап, оны қатты қысып жыладым… Көп кешiкпей жиналысқа шақырып келдi. Сол-ақ екен жүрегiм бiрдеңенi сезгендей атқалақтай, аузыма тығылып, барғым келмедi. Сол сәтте Сәбирам: “Менi 10-класқа қайта қабылдай ма?” – дедi. Мен: «қабылдайды» дедiм. Сосын: “Сатқын деген ат жақсы ма?” дедi абыржып, көзi ұшқын шашып тұр екен. Мен бейшара, ойымда түк жоқ: ол сөздiң несi бар деппiн. “Өзiңiз мұғалiм бола тұрып, оның жай сөз емес екенiн бiле тұрып, қалай айтып отырсыз?” – дедi ол ренжiп.

Жиналыста  менен  басқа ата-аналардан екi әйел, үш еркек бар екен. Жиналыс жүрiп жатқанда Сәбирамның класс жетекшiсi Шолпан: “Сен барлық қыздар  үшiн жауап берем деп едiң ғой» , – деп қызыма шүйiлдi. «Соны шешеңе қайталап айтшы”. “Өзiңiз ауылдың мұғалiмi емессiз, осы сөздi қалада тұрып қалай айтасыз, ауыл мұғалiмiне?” – дедi де, қызым түрi бұзылып, булығып, еңiреп жiбердi намыстан.

“Менiң балам, сүт кенжем, өзiмнен де ауыр сөз естiген емес едi”, – дедi. “Иә, солай ма?” – дедi класс жетекшiсi. Сөйттi де: “Ендi бұлардың училищеде оқу-оқымауын директор шешедi” деп, есiктен шығып кеттi. Осы кезде Сәбирам өзiмен бiрге жиналысқа  түскен  қызбен қасымда тұр едi, iле-шала қайда шығып, қалай шығып кеткенiн байқай алмай қалдым. Класс жетекшiсi қайтып келдi, директор көрiнбедi. Бiз күтiп қалдық. Бес минөт өтпей  жатып-ақ  екi ер бала жүгiрiп келiп: “Апай, бесiншi  этаждан  құлап,  қызыңыз  өлiп қалды!”, – дедi аптығып. Менiң жүрегiм тас төбеме шықты. “Менiң Сәбирам ба?” дей бердiм.  Есiктi таба алмай қалдым… Балам, бала-ақ едi!…» – деп көзiнен жас парлаған ана отырып қалды.»

Осы айдарда

Back to top button