ЕЛ ТАРИХЫН ТҮГЕНДЕГЕН ҚОСТОМДЫҚ
«Тамырсыз тоғай болмас» дегендей, тарихсыз ел болмайтындығы да белгілі. Алайда қазақ халқының әлмисақтан бергі шығу тарихын айтпағанда, тұтастай бір елді мекендері мен жер-су атауларының бір замандарда қалай, қашан және не мақсатта адам танымастай боп бұрмаланғанын дөп басып айту қиын. Бір кездердегі халқымыздың құлаққа жағымды, мағыналы да мәнді небір атаулары, әсіресе кешегі Кеңес заманындағы 70 жылда адам танымастай боп өзгерді.
«Батпандап кірген ауру, мысқалдап ғана шығады» дегендей, Тәуелсіздігімізді алған 30 жыл көлемінде жер-жердегі оңбай бұрмаланған тарихымызды түгендеп, ұзақ жылдар ұмыт қалған ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған боп жатырмыз. Оның өзі өте баяу, өте шабан қимылмен, түрлі-түрлі көзге көрінбейтін кедергілермен, шығарыпсалма жауаптар мен тауысылып бітпейтін сылтаулармен әзер-әзер жүзеге асуда.
Арнайы ғылыми атағы болмаса да өзі туып-өскен өңірдің жоғын жоқтап, жыртығын жамап, ортайған олқылықтарының орнын толтыруға жатпай-тұрмай еңбек етіп жүретін елжанды азаматтар болады, әр елде. Солардың бірі, тіпті, бірегейі десек те артықтық ете қоймас, ол – Зайсан өңірінің тумасы, ес білгелі туған өлкесінің отымен кіріп, суымен шығып жүрген шежіреші, абайтанушы қаламгер Қалибек Алтыбаев ақсақал.
Қалекеңді жыға танымайтын жандар: «Қ.Алтыбаев Зайсан өңіріне, оның шежіресі мен тамырлы тарихына қатысты не тындырып қойыпты?» деп таңдануы да мүмкін. Бұл да заңды сұрақ. Білмейтіндерге айтайық, біле жүрсін. Өзге аудандардың да көпті көрген ақсақал-қарасақалдары мен көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары ойланар, бәлкім, ойланып ғана қоймай, ел тарихы мен жер тарихын түгендеуді олар да қолға алар?!
Келер жылы сәуір айында 80-нің сеңгіріне ту тіккелі отырған «тынымсыз» ағамыз осы күнге дейін Зайсан өңірінің жұртшылығына, жер-су атаулары мен елді мекендеріне, ондағы тұратын жұрттың шығу тегіне қатысты және т.б. зерттеулерге толы бас-аяғы 24 кітап жазып шығарған екен. Өтірік айтуға болмайды, ол кітаптардың барлығын оқып шықпасам да, автордың өз қолынан, кітап дүкенінен алғаным бар, бірталайымен таныспын. Әр жылдары, түрлі көлемде, бір-біріне ұқсамайтын түрлі-түсті безендірілген кітаптардың қай-қайсын қолыңа алсаң, жазылған дүниелеріне селт етпей қала алмайсың. Былайғы жұрт біле бермейтін бір замандардағы тұлпар мініп, ту алған батырлар мен дуалы ауыз билерден бастап, саясатшы, саяткер, қамшыгер, аңшы, мерген, ақын, жыршы, әнші, күйші, зергерлер, көкпаршы, атбегілер, оқымысты ғалымдар, бақсы-балгерлер дейсіз бе, айтып тауысу мүмкін емес. Сол Зайсан өңіріндегі тау-тас, шоқы-белдердің, бұлақ-қайнарлар мен қыл аяғы тасына дейін тәптіштеліп тұрып жазылған. Кітаптардың құндылығы сол, әр шыққан сайын қомақты-қомақты толықтырулар, тарихи маңызы бар фотосуреттер енгізіліп отырған. «Қариясы бар ел – қазыналы ел» дейтін болсақ, бұл жағынан «зайсандықтардың жолы болған екен» деуге болады.
Сол Қалибек ағамыз қарап жүрмей, «Бабадан қалған байтағым» деп аталатын тағы да екі томдық кітап шығарыпты. Автор бұл жолғы қостомдығын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған екен. Өткен аптада Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада осы кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. Кешке Қалибек ағаның өзімен, кітаптарымен таныссақ, кітап шығару барысында кездескен кедергілер мен қиындықтар жайлы автордың өз аузынан естіп, мүмкін болса бірер ауыз тілегімізді білдірсек деп ел ағалары, автордың жерлестері, студенттер қауымы, сөз қадірін түсініп, қадірлей білетін кітапсүйер адамдар келген екен.
Кешті осыған дейін де талай-талай шығармашылық адамдарының кездесу кештерін өзіндік сән-салтанатымен өткізіп жүрген танымал жүргізуші, кітапхана қызметкері Гүлбаршын Абылғазинова жүргізді. Оқырмандар тарапынан қойылған сан алуан сауалдарға рет-ретімен жауап берген кеш иесі кітап жазудың да, оны баспадан шығарып, ел ішіне таратудың да, әсіресе қазіргі уақытта машақаты көп шаруа екендігіне ерекше тоқталып өтті.
– Әсіресе шежіреге, тарихи жеке тұлғаларға, тарихи жер-су атауларына мұқият болмасаң өте қиын, – дейді Қалибек Ғизатұлы. – Себебі, мен айтып отырған шежіре, тарихи тұлға немесе жер-су атауларына байланысты бір-біріне кереғар мәліметтер көптеп кездесіп жатады. Осыларды бір-бірімен бір емес, бірнеше мәрте салғастырып, анық екендігіне көз жеткізіп барып жарияламасаң, соңы шешімін таппас дауға айналып кетуі де мүмкін. Сондықтан кітапты әзірлеу барысында жергілікті және облыстық мұрағаттарда біраз уақытыңды сарп етуге тура келеді.
Кеш барысында сөз алғандардың барлығы да автордың еңбекқорлығына, жасының ұлғайғандығына қарамай өз замандастарынан әлдеқайда ширақ екендігіне ризашылықтарын білдіріп, әлі де болса өндіріп жаза беруіне тілектестік білдіріп жатты.
Қазақ жүрген жер ән мен жырсыз, күйсіз болушы ма еді?! Қазақтың дәстүрлі ән өнеріне қырық жылдан бері қомақты үлес қосып келе жатқан күміс көмей әнші, әйгілі Жәнібек Кәрменовтің шәкірті, Зайсаннан арнайы келген Мұратхан Домбаевтың орындауындағы әсем әндер де, марқалық сырнайшы Нәбиолда Кемешов ағамыздың сырнайына қосылып ән шырқап, би билеген әжелердің «Қазына» ансамблі де көрерменнің зор қошеметіне бөленді.
Арнайы демекші, жерлес ағаларының кешіне туып-өскен жерінен арнайы келіп, өз кезегінде сөз алған Зайсан аудандық мәслихатының хатшысы Серік Мархабаев кеш иесіне шығармашылық табыс тілеп, жерлестерінің атынан қазақ дәстүрімен ат мінгізіп, шапан жапты.
Серік ҚҰСАНБАЕВ