Ел тарихын зерделеуге үлес қостық

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ел тарихын зерделеу ісіне қосар үлесі қомақты. Мұражай 1902 жылы бой көтерген Халық үйінде шағын ғана жұпыны мекеме ретінде ашылып, өткен ғасырдың он бесінші жылынан ел игілігіне қызмет көрсете бастаған.
Өлкеміздің өткені мен бүгінін тарих терезесі арқылы талқылауда археология, этнография, жаратылыстану, бұқаралық ғылыми ақпараттану және мәдени-көпшілік жұмыстар бөлімінің көмегімен өлкетану саласы бойынша жиналған деректік мағлұматтарды саралауды мұражай өз қызметінің алтын арқауына айналдырды. Тарих ғылымының докторы, танымал археолог Зейнолла Самашев мұражайда жиналған деректік мағлұматтарды дәйектеп топтастырып, «Қазақ петроглифтері» деген атаумен кітап жазып, оқырмандарына ұсынды. Ақбауыр, Арпаөзен, Баянжүрек, Ешкіөлмес, Таңбалы, Қойбағар, Майдантал, Мойнақ, Теректі, Әулие тәрізді жерлер еліміздің киелі мекендерінің қатарынан орын алғаны жан-жақты зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілді. Шығыс Қазақстанның оңтүстік алқабында орналасқан, тарихта «Патша қорғандары» деп аталатын сақ тайпаларының бекзадалары жерленген қорымдарды зерттеуді ондаған ғасырлар өткен соң өлкені мекендеген ұрпақтары қолға алды. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы «патша қорғандарында» бірқатар қазба жұмыстарды жүргізіп, археологияны дамытуға атсалысып, айтарлықтай үлес қосты.
Бүгінгі күнге дейін екі рет тонауға ұшыраған жерлеу қорымына қойылған сақ әйелі өз заманында бекзат қауым өкілі деп танылғаны анықталды. Зерттеу барысында келесі жай белгілі болды: сақ әйелімен бірге екі мініс жылқысы қатар қойылған екен. Аттардың бірі әшекейлі жұқа үлбір қабықпен қапталған. Жерленген сақ әйелін о дүниеге жөнелту рәсімі лайықты сән-салтанатпен атқарылуы оның бекзат қауымының өкілі болғандығын айғақтайды. Жерлеу орны тоналғанымен, мүрдеге кигізілген тері тонды әсемдеген әшекейлік жұқа алтын қаптамалардың жұрнақтары бас киімде сақталған. Патша қорғанынан табылған, бірге шыққан саз балшық ыдыстар және ағаштан жасалған жерлеу қорымының қалдықтары б.з.д. ІІІ ғасырмен мерзімделеді.
А.Төлеубаевтың басқаруымен археологтар Зайсан ауданында әлемді дүр сілкіндірген жаңалықтарды ашты. Ерте қола дәуірінде б.з.д. II ғасырдың соңы- III ғасырдың бас кезімен мерзімделетін, бірегей ескерткіштер көне дәуірлерден жеткен құндылықтар болуымен қатар, өлкемізде металлургияның тым ерте кездерде-ақ пайда болғанына дәлел, өркендеп жоғары деңгейде дамығанын айғақтайды. Оған куә – жез пышақтарды, жез темекі сауыттарын сомдаған ежелгі ісмер өз қолынан шыққан өнімдерге геометриялық өрнектер түсіріп, шеберлік деңгейлерінің қаншалықты дамығанын көрсетіп кетіпті. Ұшы-қиырсыз байтақ алқаптарда дәурендеген үйсін тайпа одағы, этникалық туыстас тайпалардың одағы Шығыс Қазақстанды мекендеген сансыз көп көрші тайпаларды біріктіріп, олардың тірлік экономикасында маңызды рөл атқарды. Тарбағатай тауларында жүргізілген зерттеу-қазба жұмыстарының аумағы 150 мың шақырым жерді қамтып, үйсін мәдениетін зерделеп зерттеу ісінің көлемі ұлғайғанын байқатады, деп көрсетті археологтар. Осы кезге дейін жүргізілген үйсін мәдениетін зерттеу тек Жетісудың ежелгі тарихи алқабының аясында ғана жүргізілген болатын. «Патша қорғандарынан» табылған мәдени мұра б.з.д. І және ІІ ғасырдағы ежелгі үйсін мәдениетін дәйекті түрде, ауқымды, терең зерттеуге түрткі болуымен қатар, Зайсан патша қорымы мен Берел аңғарынан шыққан археологиялық олжалардың үйсін мәдениетінің заңды жалғасы екенін, ежелгі мәдениеттің қаншалықты кең-байтақ ауқымға таралғанын айғақтайды.
Катонқарағай ауданында 1997 жылдан бастап сақ бекзадалары жерленген Берел қорғанын зерттеу жұмыстары жалғастырылды. 1998-1999 жылдары Берелдегі №11 «Патша қорғанындағы» қазба жұмыстары барысында толық құрамды әбзелдермен бірге мәңгілік тоң құрсауында сақталған Берел көсемінің он үш мініс аты табылған. Берелден табылған мініс аттарының жаңғыртылған әбзелдері және №10 қорғаннан табылған әлі еш жерде көрсетілмеген түпнұсқа олжаларды тарихи-өлкетану мұражайы жарыққа шығарып, көпшіліктің назарына ұсынды. Сонымен бірге, мұражайда жабдықталған көрмеде ер-тоқымның теріден, киізден жасалған әбзелдерінің бөлшектері, он аттың әбзелін әшекейлеуге жұмсалған ағаш аң мүсіндері орын алды. Көрсетілген олжалардың ішінде, әсіресе, жерлеу жөн-жобасының жабдығы – құрбандық тас пен хош иісті шөптердің тұқымы салынған құмыра, тағы басқа айрықша назар аударарлық мұра-дүниелер мол болды. Көрменің арнайы бөлімінде қорғанды бірлесіп зерттеген, антрополог, генетик, палеозоолог, арнайы тоң зерттеуші мамандардың өзара байланысты ғылыми жетістіктері жарыққа шығарылып, көпшілікпен таныстырылды. Берел қорғаны бойынша жабдықталған көрменің ашылуына профессор Зейнолла Самашев қатысты. Туған жердің топырағынан табылған тарихи-мәдени мұра бүгінгі тәуелсіз елдің еркін ұрпақтарына аманат ретінде табыс етіліп, бабалар дәурендеген кезеңдегі өнердің құдіреті барша адамзат баласының басын игізіп келеді.
Аблайкит буддалық кешенінде де қазба жұмыстары да айтарлықтай жетістіктермен жалғастырылды. Көне кешеннің біршама үлкен алқабы тазартылды. Көне кешеннің бүгінгі күндегі биіктігі екі метрге жуық, ал ені 35 метрдей жерді қамтыды. Қазбаның щығысқа қаратылған қақпасы арқылы бірден көне будда кешенін ашуға болатын жерге шығуға мүмкіндік айқындалды. Бұл жол кезінде көне бекіністегі дін қызметкерлерінің қолданысында болған сыңайлы. Бекіністің өзінің ғимараты тұрған жерден ағаштан ойылып жасалған жануарлар мүсіні, алтын жалатылған белдіктердің салпыншақтарына да алтын жіптердің тігіс іздері былғары тон қалдықтарында, бас киімдерінде сақталынған. Конус пішінді бас киім жұрнақтарына жұқа үлбірек қаптамалар әшекей ретінде қондырылыпты. Саз балшықтардан жасалған ыдыс, құрбандық үстелшелері тәрізді олжаларды жасау үшін кезінде қой сүйектері мен темір қолданылғаны анықталды. Ғибадатхана ғимаратында қалған металл заттардың жұрнақтары мен қайың қабығынан жасалған тозға түсірілген қолжазба жұрнақтарынан топтама жинастырылды. Зерттеу жұмыстарының жетекшісі, марқұм Карл Байпақов мәдениет және тарих ескерткіштеріне музеефикация жүргізуге ұсыныс жасады. Көне дәуір ескерткіштеріне музеефикациялауды жүзеге асыру – халықаралық туризмнің айтулы нысанына айналдыратыны сөзсіз.
Ғалия Мырзаханова,
тарихи-өлкетану
мұражайының қызметкері
Семей.