Қоғам

Ел тәуелсіздігінің тірегі

        Конституция күні – біздің еліміздің ең ұлық мерекелерінің бірі. «Көптің сөзі киелі» дейді дана халқымыз. Жұрттың талқысынан өтіп, таңдауына айналған басты құжатымыздың авторы – бүкіл  Қазақстан халқы.

Елбасымыздың 1995 жылғы 22 мамырдағы Қаулысымен арнайы құрылған сараптық-консультативтiк кеңес Ата заңымыздың жобасын дайындау барысында азаматтар жолдаған 1100 ұсынысты  ескеріп, соған орай осы заң жобасындағы 99 баптың 55-іне елеулі өзгерістер енгізген соң, ел Конституциясы бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Конституция жобасының жартысынан көбі халықтың ұсынысы бойынша жазылып және сол арқылы әрбір азамат өзінің көкейтесті мәселесін көтерді. Осылайша қазақстандықтар өз құқының қорғалу қамын о баста-ақ қамдай алды. Бұл – бәріміз жиі айтатын нағыз демократияның шынайы көрінісі, яғни мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екендігінің дәлелі болды.

Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызындағы республикалық референдумда барша қазақстандықтар дауыс беріп, олардың 90 пайызға жуығы жаңа Конституцияны қабылдауды жақтады. Оған ешкімнің таласы болған жоқ, болмайтыны да сөзсіз. Се­бебі көптің үнін үкілеген Ата заң бар мазмұны мен мәні арқылы ел үшін нұрлы жолды бағыттап берді. Қазіргі елдің бағыты – сол көп тілегінің жүзеге асуының бір көрінісі. Мұның өзі сындарлы сара жолға түсуге, қазіргі тыныштық пен бірліктің, тұрақтылықтың қалыптасуына, елдің жан-жақты дамуына себепкер болды.

Конституция – ел тәуелсіздігінің, мемлекеттігінің негізгі тірегі. Ата заңымыз – Қазақстанның ашық, демократиялық, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет болып қалыптасу, даму жолындағы ең жоғары заңдық  күші бар негізгі заң. Онда бекітілген нормалар Қазақстан Республикасын өркендету жолында еліміздің барлық азаматтарының бірлесіп қызмет етулері үшін жағдайлар жасайды.

Ата заң аясында әрекет ету – елдің дамуы мен азаматтық қоғамды қалыптастырудың кепілі.  Біздің міндетіміз – мемлекетіміздің негізгі заңын бұлжытпай орындап, оны құрметтеу.

Қоғамда тұрақтылық пен тыныштық ахуалы орныққанына қарамастан,  қолданыстағы Конституцияға үш рет – 1998, 2007 және 2011 жылдары өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Саяси жүйені жаңарту қажеттілігі оның дамуы экономикалық реформалардың қарқынына ілесе алмай қалғандығына байланысты туындады. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бүкіл мемлекетті басқару жүйесін жаңғыртып, жетілдірудің жаңа парақтарын ашты.

Ата заңымызға арқау болған басты идеялардың бірі халықтық егемендік қағидаты екені белгілі. Сондықтан да еліміздің Конституциясы: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекет құра отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөздермен басталады.

Әрбір қазақстандықтың Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, сонымен бірге жеке өзі, өз отбасы, өз балалары үшін де мәнділігін бағалай білуі, конституциялық міндеттемелерді қастерлеп, сақтап, орындауы маңызды.

Конституцияның өзекті ережелеріне сүйене отырып, ел тағдыры үшін өмірлік маңызы бар жаңарулар жүргізілді: нарықтық экономика құрылды және демократиялық қоғамның негізі қаланды. Қазақстан дүниежүзілік аренаға танымал болды және әлемдік экономикалық жүйе ішінде лайықты орнын алды. Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң мемлекет пен қоғамдағы барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.

Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін талқылау және шешу кезінде әрбір саналы  азамат Конституцияда  бейнеленген жауапкершілікті барынша сезінуі қажет. Қоғамның бүгіні  мен болашағы үшін, жалпы алғанда,  өз Конституциямызды құрметтеп, қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақтау – біздің, яғни әрбір Қазақстан Республикасы азаматының міндеті мен парызы.

Жоғарыда айтылған ойымды түйіндейтін болсам, Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғамның да Ата Заңы болып табылады. Осы идеяның меншікке, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамдық бірлестіктерге, отбасына және тағы басқа салаларға тегіс қатысты екендігін ұмытпауымыз керек.

Міне, Ата заңымыздың дүниеге келгеніне де ширек ғасыр болды. Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап келген тәуелсіздікке қол жеткізген жас мемлекетіміз үшін бұл жылдардың орны ерекше бөлек. Тәуелсіз қазақ елін әлемге паш етіп, тұрақтылығы мен тыныштығының қаймағы бұзылмаған елдердің қатарында тұрмыс кешуіміз де – жиырма бес жылдық тарихы бар Конституциямыздың арқасы.

Қоғамның басты байлығы адам болса, оның бостандығы мен еркіндігіне кепіл болып отырған Ата заңымыздың жасампаздығы бейбітшілікке, бірлікке бағытталған. Ата заң біздің тәуелсіздігімізді нығайтты, мемлекеттің және бүкіл қоғамның іргесін берік етті.  Бейбіт елдің бақытты халқы түп қазығымыз – Конституциямызды ардақтай білсе, еліміздің болашақта да талай белесті бағындырып, жетістіктерге жететініне күмән жоқ.

Мамырбек Қалелов,

«Nur Otan» партиясы Күршім аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары 

Осы айдарда

Back to top button