Руханият

Ел ішінен ерекше дүниелер жинайды

Ел ішінен ерекше дүниелер жинайды


Халық дегеніңіз көл-көсір кеніш ғой. Рухани қазынаның нағыз қайнар көзі дерсің. Осы орайда Өскемендегі Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы облыс әкімінің бастамасымен «Шығыс Қазақстан облысындағы Қазақстан халқының мәдени мұрасы» атты жобаны іске асырған болатын. Бұл жолғы дөңгелек үстел «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылған сол жобаның қорытындысына арналды.

Ел ішінен ерекше дүниелер жинайды

Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының директоры Елдар Төлеубековтің айтуынша, аталған жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен биыл 30 миллион теңге бөлінген екен. Жоба өте ауқымды. Соның бір бағыты – өңірдегі қазақ, орыс, татар фольклорын зерттеуге арналыпты. Дөңгелек үстелде осы ғылыми-зерттеу экспедициясы жетекшілерінің қорытынды есебі тыңдалды. Қазақ фольклорын зерттеу бойынша экспедиция жетекшісі Бағдат Есдәулетованың айтуынша, экспедиция негізінен Үржар, Аягөз, Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Көкпекті аудандарын қамтыған екен. Олар халық арасынан қазақтың ауыз әдебиетінің осы уақытқа дейін ел естімеген, ұмытылған әндері мен жырларының, мақал-мәтелдерінің, аңыз-әңгімелерінің нұсқаларын жинақтаған көрінеді. Жиналған халық әндерінің ішінен 20 әннің мәтінін араб графикасынан кириллицаға аудартып, облыс әншілері 15 әнді ғана республикалық фестиваль ұйымдастыру арқылы халыққа жеткізіпті. Өкінішке қарай, орындалған әндердің дискіге шығуы мен таратылуы жоспарда көрсетілмегендіктен іске аспай отыр. Сондай-ақ жиналған материалдар арасында еліміздің білім қорында жоқ «Бұқа батыр», «Қыпшақ сұлу», «Шакім-Шәкірт» т.б. жырлар мен қиссалар, мақал-мәтелдер мен шешендік сөздер де бар. Бағдат Оразбайқызы аталған шығармаларды сараптап, жанрларға бөліп, араб қарпінен аударып, халықтың игілігіне жарату қажет деп санайды. Жиналған материалдардың ішінде сыбызғы туралы аңыздар да бар. Ғалымдар сыбызғы аспабының отаны осы Алтай өңірі екенін дәлелдегенімен, Алтай сыбызғышылық дәстүрі әлі толық зерттеуді қажет етеді. Сонымен қатар Б.Есдәулетова Тарбағатай өңірі әндерінің өзіндік әуез ерекшеліктері бар екенін ерекше айтты. Ұлттық колоритке бай әндердің диапазоны да кең, оларды тек кәсіби деңгейі жоғары әншілер ғана орындай алады. Міне, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы әншілік мектепті қалпына келтіру қажет деп санайды.

Орыс фольклорын зерттеу бойынша экспедиция мүшелері Бородулиха, Катонқарағай, Зырян, Шемонайха аудандарын аралау барысында өте көп олжаға кенеліпті. Экспедиция жетекшісі Александр Яковлевтің айтуынша, экспедиция барысында жүзге таяу орыс және украин әндері мен ән үзінділері жазылып алынып, халықтық мерекелерді тойлау, жергілікті орыс тұрғындарының тұрмысы мен тарихы, үйлену тойы туралы жөн-жоралғылар жазылып алынған. Экспедиция қорытындысы болашақта арнайы жинақ болып шықпақ. Қазіргі күні жиналған материалдарды іріктеп, сұрыптау, аудиожазбаларды қағазға, нотаға түсіру, өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Дөңгелек үстел барысында татар фольклорын зерттеуге арналған экспедиция жетекшісі Роза Цис те жүргізілген жұмыстардың жайынан хабардар етті. Оның айтуынша, қазақ жеріне татарлар алғаш рет 1719-1745 жылдар аралығында қоныстана бастапты. Нәтижесінде, он тоғызыншы ғасырдың соңында қазақ жеріндегі татарлардың саны шамамен 41 мыңнан асып жығылған екен. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары да Қазақстанға қоныс аударушы татарлардың легі толастамаған. 1999 жылы Шығыс Қазақстанда 24 мың татар халқы бар болған болса, ал 2016 жылғы дерек бойынша 17 мың татар қалған екен.
Татарлардың біздің өңірде ең көп қоныстанған жері Семей (9074) мен Өскемен (2,5 мың). Сонымен қатар Зырян, Катонқарағай, Бородулиха, Бесқарағай, Зайсан аудандарының әрқайсында мыңға тарта татар бар.

– Экспедиция барысында татар халқының тілі, дәстүрі, мәдениеті жақсы сақталғанына көзіміз жетті. Жыл сайын татар халқының ұлттық мерекесі – сабантойдың тойлануы сөзімнің айқын айғағы бола алады, – дейді Роза Цис.

Сонымен қатар Бесқарағай, Бородулиха аудандарында сабантойдан басқа, татарлардың қарға ботқасы, каз өмәсе, сәламәтлек секілді ұлттық мерекелері де әлі күнге тойланады.

– Татарлар «Каз өмәсе» деген мерекені күзде тойлайды. «Балапанды күзде санайды» демекші, ауыл тұрғындары қаз өсіретін ауылдастарына көмектесіп, қол ұшын береді. Бірінші бәрі жабылып, бір үйдің қаздарын сойысып, жүнін жұлысып болған соң, келесі үйге қолғабыс етеді, – дейді Роза Цис.

Сондай-ақ дөңгелек үстелде С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Рухани жаңғыру және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Файина Қабдрахманова «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы жоғары оқу орындарының рөлі жайлы сөз қозғай келе, университет ғалымдары «Шығыс Қазақстан облысындағы Қазақстан халқының мәдени мұрасы» жобасы бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.

Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубековтің айтуынша, жоба алдағы жылы да жалғасады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button