Қоғам

Елі үшін ерлік көрсетіп, еңбек еткендер марапатталды

Елі үшін ерлік көрсетіп, еңбек еткендер марапатталды

Облысымыздағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері және қан майданда қаза болғандардың есімдерін мәңгілікке сақтауға айтарлықтай үлес қосқан азаматтар аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ қолынан мемлекеттік наградалар, атап айтсақ, «Құрмет» орденін, «Ерен еңбегі үшін» медалін және Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарын алды.
Облыс әкімі Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығына сәйкес соғыс ардагерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға, сонымен қатар, майданда мерт болғандар есімін ұлықтауға үлес қосқан және ардагерлер ұйымдарына қызмет еткен азаматтарға мемлекеттік наградаларды салтанатты жағдайда табыс етті.
– Құрметті ардагерлер, Сіздерді осынау тамаша мейрам – Жеңістің 70 жылдығымен құттықтау мен үшін үлкен мәртебе. Біздің ұлттық байлығымыз да, біздің шексіз мақтанышымыз да – Сіздерсіздер. Сіздерге ұлы ерліктеріңіз үшін мың да бір алғыс айтамыз. Мемлекетіміздің барлық жеткен жетістіктері сіздердің ерен еңбектеріңіздің нәтижесі екені айдан анық. Мен Сіздерге зор денсаулық пен мол бақыт тілеймін! Біздерді, кейінгі толқындарды қуанта беріңіздер, еліміздің өскелең ұрпағы Сіздерге қарап үлгі-өнеге ала берсін! Сіздердің бала-шағаларыңыз бақытты, өйткені, қастарыңызда өмір сүріп, Сіздердің шуақты шапағаттарыңызға бөленіп жүр, – деді өз құттықтау сөзінде Даниал АХМЕТОВ.
Наградаларды денсаулығының жағдайына қарай Өскеменге келе алғандар ғана алды. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ғалия Құсайынованың айтуынша, мемлекеттік наградалар осы мереке қарсаңында облыс қалалары мен аудандарында тұрып жатқан 32 ардагер мен тыл еңбеккеріне табысталмақ.
«Құрмет» орденін Даниал АХМЕТОВТІҢ қолынан алғашқы болып туған күн иесі, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Георгий Гудков алды. Мамырдың 6-сы күні Жапонияны азат ету шайқастарына қатысушы, «Отан соғысы» орденінің кавалері 90 жасқа толды.
– Біздің ұрпақта балалық, жастық шақ деген болмады. Оның бәрін де сұм соғыс жалмады ғой. Бүгінгі таңда Үкімет тарапынан біздерге, ардагерлерге жіті көңіл бөлінуде. Осы үшін үлкен рақметімді айтамын, – деді өз кезегінде Георгий Андреевич.
Сонымен қатар, осы салтанатты жиында «Құрмет» орденімен Курск доғасындағы ұрыстарға қатысушылар Константин Гуслев пен Григорий Северушенков, Ленинградты азат етуші Салих Сабилянов, Беларусь елін азат ету үшін соғысқан Тоқтағазы Тілеубаев, Украинаны, Румынияны, Мажарстанды, Аустрияны азат етуші Қожа Қасымжанов, Риддерден келген еңбек ардагері Анатолий Коротков марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалін әкімнің қолынан соғыс ардагері Елеусіз Қиынбаев, еңбек ардагерлері Клавдия Гаврилко мен Мария Колмакова алды. Ал Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталары еңбек ардагерлері Төлеухан Әбілқасымовқа, Майра Бағдатоваға және Төкен Бұлқановаға берілді.
– Жеңіс күні – бірнеше ұрпақтың басын біріктіретін ұлық мейрам, ерлік пен батылдықтың, тылда атқарылған тынымсыз еңбектің мерекесі. Барлықтарыңызға қажымас қайрат, мойымас рух, мықты денсаулық және жарқын болашаққа деген нық сенім тілеймін, – деді Клавдия Гаврилко.
Естеріңізге сала кетсек, Шығыс Қазақстан облысынан майданға 170 мыңнан астам адам аттанған болатын. Олардың жартысынан көбі, яғни 96 мыңы қаза тауып, хабар-ошарсыз кетті. Шығысқазақстандық 109 сарбаз Кеңес Одағының Батыры, 22 жауынгер жоғары жауынгерлік награда – «Даңқ» орденінің толық кавалерлері атанды. Облыстағы 9 мыңнан астам тыл еңбеккері «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Қазіргі кезде барлық көзі тірі соғыс және еңбек ардагерлеріне Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған естелік медальдар табысталуда.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button