Қоғам

Ел сенімін ақтай білген азамат

Ел сенімін ақтай білген азамат


Біз бүгін тілге тиек еткелі отырған азамат көптің мақтанышы, ел ардақтысы. Ол – Бауыржан Торғайбекұлы Жанақов.

Бауыржан да бала болды. Өзге қатарластары секілді бұл да түрлі арман-қиялдарға берілетін. Әртүрлі мамандықты қалайтын. Алайда, солардың ішінде ұстаздық кәсіптің шоқтығы биіктен менмұндалайтын. Оған «Бұл қалай?» деп таңдануға да болмайды. Өйткені ауылда құрметті саналатын мамандық иелері – мұғалімдер мен дәрігерлер.

Сонымен, жүрек қалауымен Целиноград педагогикалық институтына құжаттарын тапсырды. Бәрі де ойдағыдай болды. Жақсы оқып, физика пәнінің мұғалімі болып шыға келді.

Жолдамамен келген Торғай жерінде алғашқыда қатардағы мұғалімдердің бірі болып еңбек етті. Келе-келе оқу жөніндегі меңгеруші, мектеп директоры дәрежесіне дейін көтерілді.

Дегенмен, ұстаздық қызмет көпке созылмады. Осы саладағы сегіз жылдық уақыттан кейін Торғай кеңшар-техникумының партком хатшылығына тағайындалды.

Бауыржанның іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеттерін байқаған аудан басшылығы оны шаруашылықты басқару ісіне пайдаланғанды жөн көрді. Сөйтіп, «Қайыңды» кеңшарының, Торғай кеңшар-техникумының директоры қызметтерін атқарды. Бұл қызметтер одан әрі Арқалық ААӨБ төрағасы, Семей облыстық әкімшілігінің қызметкері, Жаңасемей аудандық әкімшілігі басшысының орынбасары секілді лауазымдарға жалғасты.

Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданына басшылық жасаған бір жылға жетер-жетпес уақыта бірқатар игілікті істерді қолға алуға бекінген. Бұл жерде өндірісті өркендетуге негіз де бар. Мәселен, аудан аумағындағы ванадий титан қоры мамандардың есебі бойынша, 925 миллион тонна екендігі анықталған. Қазба байлықты ел игілігіне жаратып, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін кен байыту комбинатын салуға мүмкіндік бар. Ондай жағдайда жергілікті тұрғындардың едәуір бөлігін жұмысқа тартуға әбден болар еді.

Қазіргі жекешелендіру заманында жеке адамдардың мал өсіруі тиімді екені белгілі. Сондықтан аудан әкімі ауданның әрбір тұрғынында кем дегенде екі бас ірі қара, бес бас қой-ешкі болу керектігін міндеттеген еді. Білім беру, денсаулық сақтау салаларында, елді мекендерді көгалдандыруда атқарылар шаруаларды белгілеп, жүзеге асыруға білек сыбана кіріскен. Алайда қызметтің ауыстырылуы алға қойған жоспар-міндеттерді орындауға мүмкіндік бермеді.

Баукеңді білетін ел ағалары оның сырт жердегі қызметін туған өңірде жалғастыруға өтініш етті. Беделді азаматтар осындай ұйғарымға келген соң, пейілдерін қайтармай Семей топырағына қайта оралды. Зайсан ауданының әкімі болып қызметке кірісті.

Бұл ауданда да айшықты із қалдырды. Осы өңірде жиі болатын су тасқынына қарсы алдын ала, мұқият дайындық жүргізілгендіктен, адамдардың үрейін ұшыратын апаттың қайталануына жол берілмеді. Мұнай кен орны ашылып, жұмыс орындарының саны көбейді. Бес жыл қызметінде әр жыл сайын жаңадан мектеп ғимараты қатарға қосылып отырды. Тоғыз отбасылық емхана күрделі жөндеуден өтті. Үш жыл бойы жөнді төленбей келген балалардың жәрдемақысы реттелді. Оқушылардың Шығармашылық үйі салынды. Кәсіпкер А.Әбішеваға қолдау көрсетіліп, Зайсан қаласында мешіт бой көтерді. Алакөлдің жағасындағы жар күшті жел соқса құлап, қоршаған ортаға едәуір зиян келтіретін. Бөгеттер тұрғызылып, жұрттың көңілі орнықты.

Зайсандағы Шілікті алқабында үшінші Алтын адам табылғаны белгілі. Бұл жұмыс та аудан әкімінің қадағалауында болды. Тиісті көмек көрсетілді. Жұртшылық көңілінен шыққан игі істің бірі – аудан әкімінің ықпалымен сол жылдары мемлекеттік мекемелердегі іс қағаздары мемлекеттік тіл – қазақ тілінде жүргізілді.

Жалпы, бұған дейін ауданға басшы болып келгендер көп болғанда екі-үш жыл ғана шыдайтын. Ал Бауыржан Жанақов болса, елдің қолдауымен бес жыл қызмет атқарып, аудан халқының сенімінен шықты.

2007 жылы наурызда Үржар ауданының әкімі қызметіне кіріскенде, ел басқару ісінде мол тәжірибе жинақтаған кезі еді. Сол себепті жаңа қызметке бел шеше кірісті.

Жаңа жерге аяқ тірегеніне бір жыл толу қарсаңында Үржар ауданының құрылғанына 80 жыл толған. Бұл расын айтқанда, аудан үшін елеулі оқиға еді. Атап өтуге, мерекелеуге тұралық қуаныш болатын.

Барқытбел тауының күнгейінен орын тепкен Үржар ауданы – бұрынғы Мақаншы, Таскескен аудандарын біріктірген іргелі өңір. Халқының саны 90 мыңнан асады. Бірнеше ұлт пен ұлыстардың өкілдері тұратын бұл өлкеде 80 жылдың ішінде таңғажайып өзгерістер болғаны ақиқат.

Үржар шырайлы Шығыстың, қала берді күллі еліміздің асқар тауымен, айдынды Алакөлімен, шипалы Барлық-Арасанымен, сұлу да көркем табиғатымен республика халқын ғана емес, алыс-жақын шет елдерден келетін демалушыларды тамсандыруда.

Сонымен, 80 жылдыққа қызу дайындық жүргізілді. Өлкенің арғы-бергі тарихы жинақталды. Тойға ауданда халқы үшін қызмет еткен ардагер азаматтардың дені шақырылды. Бәйге жарыс, балуан күреске автокөлік тігіліп, жүлдегерлердің мерейі үстем болып жатты.

Мақаншы ауылында қазақтың әйгілі батыры Қаракерей Қабанбайдың көрнекті ескерткіші орнатылды. Бұл оқиға да жоғары деңгейде атап өтілді. Аламан бәйге, құнан жарыстардан басқа, ауыл-ауылда баскетбол, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ, дойбы, шахматтан спорттық шаралар өткізілді. Осының бәрі айтуға жеңіл болғанымен, зор ұйымдастырушылық жұмыстарды қажет ететіні белгілі.

Облыста «Туған жерге – тағзым», «Туған ел – алтын бесігім» акциялары ұйымдастырылғанда, Үржар ауданы да бұл маңызды іске белсене қатысты. Осы топырақтан шыққан, бүгінде кәсіпкер, бизнесмен ретінде танылған азаматтар шақырылып, оларға «Туған жер үшін не істей аласыздар?» деген ортақ сауал қойылды. Түлектер сауал мәнін түсінді. Осы басқосудан кейін елін, жерін сүйетін патриот жандар қолдан келген көмектерін көрсетті.

Ең басты байлық – адамның денсаулығы. Баукеңнің Үржарға басшы болып келгендегі ең алдымен аңғарғаны – емдеу орындары орналасқан ғимараттардың ескіріп, тозғандығы. Жөндемесе, жаңартпаса болмайтын еді. Нәтижесінде Келдімұрат, Елтай, Қарақол ауылдарындағы амбулаториялар, Қабанбай ауылындағы аурухана, Қарабұлақ, Шолпан ауылдарының емдеу мекемелері, Көктал ауылының медициналық пункті заман талабына сай жөнделген ғимараттарға көшірілді. Бақты ауылындағы екі қабатты медициналық мекеме күрделі жөндеуден өткізілді. Елтай, Некрасовка, Келдімұрат ауылдарындағы амбулаториялар санитарлық, Мақаншы, Үржар ауылдарындағы ауруханалар арнайы жабдықталған жедел жәрдем автокөліктерімен қамтамасыз етілді.

Бұрын жекеге сатылып кеткен Мақаншы ауылының орталығындағы Мәдениет үйі қайтарылып, күрделі жөндеуден өткізілді. Жиһаздар сатып алынды. Ақырында осында орын тепкен ересектер мен балалар кітапханасына, саз мектебінің бөлімшесіне, спорт залына «жан» бітті. Көрермендер залы да көзтартарлық деңгейге жеткізілді. Тек бұл мәдениет ошағы ғана емес, Үржар, Науалы, Көкөзек, Елтай, Бақты ауылдық клубтары, аудандық орталық кітапхана сәні кіріп, тұрғындардың жиі бас сұғатын сүйікті орындарына айналды.

Ауданда жаңа мектеп ғимараттары көптеп пайдалануға берілді. Алдымен Қарақол, Келдімұрат, Бестерек ауылдарында мектептер бой көтерсе, кейін Жаңа тілек, Жанай, Егінсу, Қайыңды, Ер Қабанбай, Айтбай, Лайбұлақ, Қарабұйрат, Қарабұта, Көктал ауылдарында жалғасын тапты. Бір ауданда арасы бір-екі жылда 16 мектеп ғимаратының салынуы – сирек кездесер жағдай. Оқушыларды еңбекке тәрбиелеу, мектептердің қосалқы шаруашылығын дамыту бағытында игі істердің қолға алынғанын айта кеткен жөн. Аудан мектептеріне 505 гектар жер бөлініп берілді. Ә.Найманбаев, Қ.Төлеубеков, Б.Момышұлы атындағы мектептер жанынан көкөніс қоймалары салынды. Бестерек орта мектебі жанынан 100 орындық интернат үйі ашылды.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, олардың денсаулығын шыңдау жайы Бауыржан Торғайбекұлының межелеген жоспарларының бірі еді.
Соның сәті түсті. Алакөл жағасынан «Үржарайым» демалыс лагері балаларға ұсынылды. Мұнда екі қабатты сегіз және бір қабатты 3 демалыс үйі, асхана бар.

Ел сенімін ақтай білген азамат

Енді ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларындағы жағдайға тоқталып өтейік. Қол жеткен жетістіктер елеулі. Төрт жылдың ішінде ірі қара малы 18,1 пайызға өсіп, 777143 басқа жетті. Қой мен ешкі 265,199, жылқы 18697 басқа көбейді.

Аудан әкімінің ерекше көңіл бөлген мәселелерінің бірі – мал тұқымын асылдандыру. Бауыржан Торғайбекұлы мамандар бас қосқан кеңесте: «Бір мал ұстасақ та, сапалысын ұстайық, ол сүтті, ол етті болсын, сүті аз, өзі ет алмайтын ірі қарадан арылуға тиіспіз» деген сөзін жеткізді. Осы мақсатта барлық округтерде мал ұрықтандыру пунктттері ашылды.

Майлы дақылдар өнімін көбейтуде де ілгерілеушілік болды. Ол 2,9 есеге, картоп 12,7 , көкөніс, бақша өнімдерін өндіру тиісінше 14,7; 43,2 пайызға артты.

Үржар бір жағынан өнеркәсіпті өңір саналады. Мұнда тау-кен өнеркәсібі және қайта өңдеу кәсіпорындары орналасқан. Бір жылдың өзінде 2116,9 млн. теңгенің тауары өндірілді. Аудандағы Жалаңашкөл көмір карьері тұтынушыларға бір жылда 109,3 млн. теңгенің көміріп сатуды қамтамасыз етеді.

Республика бойынша қолға алынған «Таза су» бағдарламасын орындауда да аудан басшылығы жауапкершілік танытты. 2017-2010 жылдары Алтыншоқы, Жаңа тілек, Көлденең және Науалы ауылдарындағы су құбырларына қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар игілігіне берілді. Осы жұмыстарға республикалық және жергілікті бюджеттерден 410,0 млн. теңге жұмсалды. Кейін Таскескен, Қарабұлақ, Көктерек ауылдарының тұрғындары таза суға қол жеткізді.

Бауыржан Төрғайбекұлының басшылығымен жүзеге асырылған оң істерді бұдан әрі де тізе беруге болады. Сөйтіп, ол жауапты міндетті абыройлы атқаруының арқасында аудан халқының сый-құрметіне бөленді.

Қандай жақсылық болмасын, ол ең алдымен жан-жүректерін ақ-адал сезім баураған ақындар қауымына әсер ететіні анық. Жергілікті ақын Жабайыл Бейсен «Кел, Үржарға!» атты Баукеңе арнаған өлеңінде ауданның жетістік-табыстарын тізбелей келіп:

Шындықты айттым, жырлағам жоқ өсіре,
Ағайын-жұрт, сақта ұғып есіңе.
Батыл ойлы басшысы бар ел қашан да
Алға осылай ұмтылады көсіле.
Күндіз-түні тынбай шауып жүретін,
Барлық істің келтіретін ретін.
Әкімімді айтпауға енді бола ма,
Алыс-жақын елдің көбі білетін.
Небір қысты тосып алып қырқадан,
Боранға да қарсы шығып бұрқаған.
Сан апатты алыстады ауданнан,
Маңайына жақындатпай бір табан.
Түсіп қанша жүрсе де әуре-сарсаңға,
Қайыспайды ол қай қиынға салса да.
Мықты әкім болған десіп мақтасты,
Ақөтөбе жақ, мына көрші Зайсан да.
Үржар, рас, бұрын да егін өсірді,
Сонау жылдар малымен де көсілді.
Орталығы жүдеу тартып бірақ та,
Бір жаңаша күтіп жүрді шешімді.
Шешті Баукең мұның-дағы түйінін,
Ажарланды, ауыл-аймақ сілкінді,
Байлық тасып дөңгелентті бүйірін.
Жұмыс өрбіп бағытымен сан қырлы,
Балабақша , мектепке де жан кірді.
Түзетіліп ой-шұңқыры жолдардың,
Барқытбелдің баурайы жаңғырды.
Жаным құмар жақсылықты жақтауға,
Еңбек еткен ерді лайық мақтауға.
Шындықты айтып шырқыраған пендемін.
Көне алмаймын ақиқаттан аттауға , – дейді.

Баукең 2013 жылдың маусымында Үржар ауданының әкімі қызметінен босады. Өз өтінішімен. Сол жиында аудан активі алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Бауыржан Торғайбекұлының атына жылы лебізін білдірді.

– Өздеріңізге мәлім, осыған дейін өңірді білікті де тәжірибелі басшы Бауыржан Жанақов алты жылдан астам басқарып келді. Өте жақсы басқарды. Осы уақыт ішінде өңірде 17 мектеп ғимараты салынды. Құрылыс аса қарқынды жүрді. Тіпті, кейбір жылдары облыста да мұншама мектеп үйі салынбағандығын айта кеткен абзал. Баукең – өзінің құнды ұсыныстарымен облысқа да шыға білген азамат. Әркім дәл осы кісідей қызмет етсе деп ойлайсың. Дегенмен, Бауыржан Торғайбекұлының зейнет жасынан асып кеткендігіне байланысты және бірнеше рет қызметтен босату жайындағы өтінішін қарай келе, әкім қызметінен босатып отырмыз.

Жиында Баукеңнің өзі де сөз сөйлеп, қанаттаса, бірге еңбек еткен барша азаматтарға, өзіне сүйеніш бола білген жерлестеріне зор алығысын білдірді.
…Өмірде көптің сенімінен шыға білу – үлкен абырой. Бауыржан Торғайбекұлы осыған дейінгі атқарған елдік қызметтерінде жұртшылық сенімін ақтай білді. Ел алдындағы қажырлы еңбегінің арқасында «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Баукеңнің алдағы уақытта да өзінің білімділігі, біліктілігі, азаматтығы мен адамгершілігі арқасында көтерілген биіктен еш төмендемесіне төңірегіндегі үлкен-кіші кепіл бола алады.

Нұрперзент Домбай

Осы айдарда

Back to top button