Қоғам

Ел құрамасындағы ең жүлделі спортшы атанды

Ел құрамасындағы ең жүлделі спортшы атанды


«Галина! Галина! Галина!..» деп Салтатты шатқалын жаңғырықтырған жанкүйерлер үні көпке дейін басылмай тұрды. Әне, көк туды желбіретіп мәреге жеке дара Галина Вишневская келеді. Қандай керемет, қандай әсерлі!

Универсиада ойындарының жабылуына бір күн қалғанда, «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде кезекті жүлделер сарапқа салынды. Бірінші болып жарыс жолына биатлоншы қыздар шықты. 12,5 шақырымдық масс старт бәсекесіне еліміздің атынан алты спортшы қатысты. Басты үміт артқан өкіліміз – Галина Вишневская. Семейлік арудың бабында жүргенін өткен жолы айтқанбыз. Сөреден шыққан сәтте-ақ керекулік Дарья Усановамен бірге суырылып алға озған жерлесіміз аяғына дейін алдына жан салмады. Ату шебіне келгенде де асыққан жоқ бұл жолы. Өзін жинақы ұстады. Қателеспеді. Тек соңғы ату кезінде бір оғы мүлт кетті. Әйтсе де, талай дүбірлі доданы көрген тәжірибелі спортшы соңынан ілескен «қуғыншыларға» жеткізбеді. Керісінше, жылдамдықты үсті-үстіне үдетіп, екінші келе жатқан украиналық Яна Бондарьмен арақашықтықты бір минутқа дейін ұзартты. Ең ғажабы, Галинаның мәре сызығын дара кесіп өткен сәті еді ғой. Трибунадағы жұрттың аяқтарынан тік тұрып қошемет көрсетуі, «Галина чемпион!» деп алқара аспанды күркірете айқайлауы, чемпион қыздың көк байрақты көтеріп жүгіруі – бәрі-бәрі жарасып тұрды. Мына жақта қуаныштан бөріктерін аспанға атып, балаша секірген бапкерлердің, бүкіл команда өкілдерінің түрін көрсеңіз. Ал стадионда Ерболат Құдайбергеновтің «Мен қазақпын» әні әуелеп, жанкүйерлер рухын одан сайын аспандатып әкетті.

– Белгіленген қашықтықты бір демде жүгіріп өттім. Нысананы атуда да көрсеткішім жақсы болды. Алғашқы ату нәтижесінен кейін-ақ жеңіске жететінімді білдім. Жалпы, масс старт маған өте ұнайды. Көпппен бірге сөреден шығып, бір-біріңмен иық тірестіре жарысудан рахат аламын. Бұл – менің биатлондағы оң жамбасыма келетін түрі. Маған сенген, қолдаған баршаларыңызға алғыс айтамын, – деді биылғы Универсиаданың екі дүркін чемпионы Галина Вишневская.
Сонымен, белгіленген қашықтықты 36:15.4 минутта еңсерген Вишневскаядан бір минут қалып қойған украиналық Яна Бондарь күміс, ресейлік Лариса Куклина қола медальды иеленді. Отандастарымыз Лариса Бельченко мен ату кезінде алты рет мүлт кеткен Дарья Усанова сәйкесінше төртінші, бесінші орындарға табан тіреді.

Осы арада орыс қызының айтқаны еске түсіп отыр. Аралас эстафетадан кейін журналистердің: «Алдағы масс стартта алтын алуға мүмкіндіктеріңіз бар ма?» деген сауалына ресейлік биатлоншы қыз Лариса Куклина: «Егер Галина «сыйласа», алтын алуға дайынбыз», – деп әзіл-шынын араластырып жауап берген. Ондағы меңзегені мынау: із қуалап жүгіруде Вишневская өрескел қателік жіберіп, қолда тұрған алтын жүлдеден қағылуы себепті солтүстік көршілеріміз күміс пен қоланы, ал чемпион атағын украиналық атлет иеленген болатын. Бірақ семейлік биатлоншы масс стартта бәсекелестеріне «сыйлық» жасамады.

Айта кетейік, бұл – Галинаның биылғы студенттер сайысындағы соңғы жарысы. Сонымен, жерлесіміздің еншісінде екі алтын, екі күміс медаль болды. Биылғы Универсиадада ел құрамасындағы ең жүлделі спортшы атанған ол «Алатаудағы» аламан аяқталысымен ұшаққа мініп, Еуропа төрінде өтетін Әлем біріншілігіне аттанып кетті. Ендігі оған артылған міндет –жаһандық додада топ жарып, Қазақ елінің абыройын асқақтату.

Осы күні «Алатау» кешенінде шаңғышы қыздар және биатлоншы жігіттер жүлдеге таласты. Бұрымдылар 15 шақырымдық жаппай жүгіруде классикалық әдіспен жарысты. Мұнда да біздің команда сапында алты бірдей аруымыз бақ сынаған. Негізі Универсиада ойындарының ережесіне сәйкес әр спорт түріне алты адамға дейін қатыстыруға рұқсат етілген. Олардың ішінде жалғыз Анна Шевченко ғана жүлдеге ілікті. Алғашқы екі орынды тағы да ресейліктер әкетті. Тағы да дейтінім, орыс шаңғышылары биылғы Универсиадада бесінші мәрте алтын жүлдені ешкімге ұстатпады. Ал Анна Шевченко осымен биылғы Универсиада ойындарындағы үшінші қоласын жеңіп алды.

Түстен кейін өткен биатлоннан 15 шақырымдық масс стартта өнер көрсеткен жігіттеріміз де намысты бермеді. Соңғы сәттерге дейін жүлдеден үміт үзбей, алға ұмтылды. Нысананы атуда да дөп тигізуге тырысты. Нәтижесінде Роман Еремин күміс, Антон Пантов қола жүлдегер атанды. Чемпиондық атақ француз Джоути Батистке бұйырды. Бір өкініштісі, сөреден шыққанда көш бастаған риддерлік Василий Подкорытов алғашқы жатып ату кезінде екі рет, екінші айналымда бір қателесіп, айып шеңберін үш мәрте айналуға тура келді. Дегенмен, жерлесіміз түрегеп тұрып атуда шебер екен. Соның арқасында біраз уақытты ұтып, мәре сызығын алтыншы болып кесті.

– Маған жатып атуды жақсылап меңгеру керек. Түрегеп тұрып атуда проблема жоқ. Өздеріңіз көргендей, мұның алдында да жатып атқанда мүлт кеттім. Осы жолы да сөйттім. Уақыттың көбін жоғалтқан себебім сол. Шамам келгенше жүгірдім. Бірақ алдыңғы спортшылармен арақашықтық тым ұзап кеткендіктен, оларға жету қиынға түсті, – деді Василий Подкорытов.

Үкілеген үміт ақталмады

Алтын алады-ау деп үміт артқан шорт-трекшілеріміздің жолы болмады. Бұл спорт түрінен бәйгеге тігілген медальдардың денін қидай сыпырып кәрістер мен қытайлар әкетті. Бізге бұйырғаны күміс пен қола ғана.

Ақпанның бесінен бастап қатарынан үш күн бойы Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы шорт-трекшілерді қабылдады. Мұз үстіндегі жарыстың қатысушылары 1500, 500 және 1000 метр қашықтықта жүйріктерді анықтап, командалық эстафетада күш сынады.

Негізі шорт-трек спорты сырттай тамашалағанда өте әдемі көрінгенмен, оның бір өзіне жетерлік қиындықтары көп. Жарыс жоғары жылдамдықта өтетіндіктен, спортшы сәл қателікке бой алдырса жетіп жатыр. Жүлдемен қош айтысады. Әсіресе, қатты жылдамдықпен зулап келіп, бұрылыстарда бір жағына жантая жүгіргенде, аяғы тайып, ұшып түсер ме екен деп қорқасыз. Бір ғана артық қимыл атлетке тым қымбатқа түсуі мүмкін. Ұзақ уақыт төккен тер мен жаттыққан еңбектің бір қателіктің салдарынан зая кеткенін көргенде, шорт-трек, анау айтқандай, оңай спорт еместігін ұғасыз.

Ел құрамасындағы ең жүлделі спортшы атанды

Балуан Шолақ сарайын дүбірге бөлеген жүйріктердің бәйгесінде алғашқы қола жүлдені қоржынға 1500 метрге жүгірген Нұрберген Жұмағазиев салған. Одан кейін 500 метрлік жарыста Абзал Әжғалиев күміс, Денис Никиша қола медальдерді иеленді. Шорт-тректен өткен жарыстың үшінші күнінде бір мың метрге қыздар мен ерлер жүгірді. Бұл екеуінде де кәріс спортшыларының алдын ешкім орай алмады. Тек біздің жігіттерден Денис Никишаның ғана үздік үштікке енуге шамасы келді.

Сондай-ақ, жігіттеріміз бес мың метр, аруларымыз үш мың метр қашықтықтағы эстафетада үшінші орыннан көрінді. Алайда, жарыстан кейін журналистерге берген сұхбатта шорт-трекші Абзал Әжғалиев: – Бұл – біздің алтын еді. Әттең, кәрістер соңғы айналымда мені итеріп құлатпағанда, біздің жігіттер эстафетаның бас бәйгесін алар едік. Біз барымызды салдық, алтын алуға лайықты өнер көрсеттік. Өкінішке қарай, жолымызды кесіп кетті, – деді.

Расында да, бес мың метрлік эстафетада қазақстандық команда соңғы айналымға дейін көш басында келе жатқан, мәреге 50 метрдей қалғанда корей жігіті Абзалды қасақана итеріп жіберді. Бейнеқайталауды көрген төрешілер алқасы бұл әрекет үшін Оңтүстік Корея елінің командасын жарыстан алып тастады. Нәтижесінде Қытай бірінші, Ресей екінші орынды иеленді. Бізге бұйырғаны қола.

Сөйтіп, Универсиада ойындарында топ жарады-ау деп үкілеп қосқан шорт-трекшілеріміз үмітті ақтамады. Бар болғаны, бір күміс пен бес қолаға қол жеткізді.

Ел құрамасындағы ең жүлделі спортшы атанды

Есесіне хоккейшілеріміз қарсылас шақ келтірер емес. Топтық кездесуде біздің құрамадан өз қақпаларына жауапсыз сегіз шайба жіберген чехтар жартылай финалда жарыс қожайындарынан тағы да ұтылды. Бұл жолы бәсте ақтық сынның жолдамасы тұрған соң, Чехия құрамасы кездесуге аса құлшынып шықты. Алайда, олардың шамасы бір жарым кезеңге ғана жетті. Матчта есепті бірінші болып ашқанымен (биылғы Универсиадада Қазақстан құрамасының қақпасына соғылған бірінші шайба), Орталық Еуропадан келген қонақтар қарсыласына ешқандай қайрат көрсете алмады. Ойын тізгінін қолға алған Сергей Старыгин шәкірттері таразы басын теңестіріп қана қоймай, есепті 4:1-ге жеткізді. Соғылған голдардың авторлары: Константин Савенков, Дмитрий Гренц, Павел Акользин және Алексей Анциферов. Жартылай финалда мергендігімен көзге түскен төртеудің екеуі – Савенков пен Гренц – Өскемен хоккей мектебінің түлектері. Жалпы, Алматы Универсиадасында шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының сапына Шығыс Қазақстаннан 19 (11 жігіт, сегіз қыз) ойыншы алынған. Әзірге өз қақпасына бір ғана шайба жіберген тас қамал қақпашылар Сергей Кудрявцев пен Павел Полуектов екеуі де – Кенді Алтайдың тумалары.

Алатаудың баурайын он күннен астам дүбірге бөлеген XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың жабылатын күні шайбалы хоккейден финалда Қазақстан және Ресей құрамалары кездесті. Алтын жүлде үшін өткен матчтың алғашқы екі кезеңінде есеп ашылмады. Алайда қонақтар үшінші кезеңде ширақ қимылдап, мұз айдын иелерінің қақпасына бір шайба соқты. Осы есеп ойын соңына дейін сақталды. Нәтижесінде ресейліктер Универсиада чемпионы атанды. Күміс медаль жарыс иелерінің еншісіне бұйырса, қола жүлде Канада құрамасының қанжығасына байланды.

Ерлер арасындағы 30 шақырымдық масс стартта тағы да ресейліктердің мерейі үстем болып, Д.Ростовцев 1.19.37,5 уақытпен алтын алқаны алды. Екінші және үшінші орындарда ресейлік В.Гонтарь мен Өскемен спорт мектебінің түлегі, қазір Қарағанды облысы сапындағы Сергей Малышев. Сергей жеңімпазға небәрі 0,5 секунд ұтылды. Бұл жерде жерлесіміздің тактикалық қателік жіберіп алғанын айта кеткен жөн. Ал жарыстың соңына дейін көш бастаушылар қатарында болған қазақстандық В.Пухкало төртінші орында қалып қойды. Бұдан екі жыл бұрын Испанияның Гранада қаласында өткен Универсиада ойындарында Дәулет Рахымбаев небәрі 25-ші орынды қанағат тұтқан еді. Қазақтың шаңғышысы бұл жолы 13-ші болып мәреге жетті.

Сонымен, Алматыдағы аламанда біздің қыз-жігіттеріміз 2 алтын, 2 күміс, 5 қоланы қанжығаға байлады. Демек, 36 медальдің денін шаңғышылар мен биатлоншылар иеленді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button