Ел мүддесі үшін жасалған қадам

«Азамат жетім болмайды – халықтан болса панасы, халық жетім болмайды – басшы болса данасы», – деп белгілі шешен Сырым Датұлы айтқандай, мемлекет басқарып отырған көшбасшымыз адал, халықты құрметтейтін елжанды адам болса, Отанымыздың көркейетіні сөзсіз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолға алған оң істері жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін істеліп жатқанына тағы бір мәрте көз жеткізіп отырмыз.
Елімізде биылғы 5 маусымда өтетін референдумның куәсі болып, өз үлесімді қосатыныма қуаныштымын. Себебі еліміз тәуелсіздік алғалы бері Конституциямызға қаншама өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенімен осы жолғы сияқты халықпен ақылдасып, таңдау құқығы беріліп, дауысқа салып қабылданған жоқ.
Референдумның қабылдау ережесі мемлекеттің негізгі атқарушы күші – халық, ал басшысы – халық таңдап алған сенімді тұлға екендігін нақтылап отыр. Президентіміз Конституцияға жаңадан енгізілетін баптардың халық мүддесін ескере отырып әзірленгенін айтты. Оның мақсаты – жұрт таңырқайтындай жаңалық енгізу емес, мемлекетіміздің іші мен сыртын күмәннен тазарту, елімізді алға жетелеу деп білемін және мұның дұрыс қабылданған шешім екендігіне сенемін. Осы орайда еліміздің барлық азаматы бір кісідей референдумға қатысып, өз мемлекетінің көркеюіне үлес қосса деймін!
Айжан Қамзанова,
Күршім гимназиясының орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі