Ел мүддесі ескеріліп отыр
Сұлтан КАРТОЕВ,
халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының вице президенті, Семей:
– Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қаңтар айында билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі халыққа арнаған Үндеуі мен биылғы Жолдауында беделді Парламент пен қуатты Үкімет құратын кездің жеткенін, сондықтан өзінің бірқатар өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беру жөнінде шешім қабылдағанын айтқан болатын. «Мемлекеттің басқару жүйесін жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым», деген еді Президент өз Үндеуінде.
Бұл тереңнен ойластырылған, уақыт сүзгісінен өткен, дер кезінде қабылданған өте дұрыс шешім болды деп ойлаймыз. Өйткені, еліміз демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде қалыптасу кезеңінен өтті. Мемлекетіміз аяғынан қаз тұрды. Халықтың әл-ауқаты жақсарды. Тәуелсіздіктің 25 жылында бірлігі жарасқан Қазақстан халқы Ұлт Көшбасшысымен бірге қалыптасу мектебінен сәтті өтіп, барлық салада зор жетістіктерге қол жеткізіп, әлем санасатын әлеуетті мемлекетке айналды. Ширек ғасырда еліміз әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына енді. Қазіргі уақытта әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуді межелеп отырмыз. Елбасының бұл шешімі арқылы біз демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекет екенімізді төрткүл дүниеге дәлелдеп жатырмыз. Сөз жүзінде емес, із жүзінде. Мемлекет басшысы өз еркімен Президенттің бірқатар өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беру жөнінде шешім қабылдады. Біз ел қамын ойлаудан туған осындай батыл байламы үшін Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс айтуымыз керек. Елбасы мұндай шешімді осыдан 5 немесе 10 жыл бұрын қабылдаса да болар еді. Оған ешкім де қарсы болмас еді. Бірақ Мемлекет басшысы барлығын тереңнен, байыппен, байсалдылықпен сараптап, бұған біздің қоғамның, билік құрылымдарының қаншалықты дайын екендігін ескерген секілді. Қоғамның түбірлі өзгерістерге сақадай сай болуына мүмкіндік берген сияқты.
Біз бір нәрсені анық байыптауымыз керек. Елбасы өзінің өкілеттіктерінің бірқатарын Парламент пен Үкіметке беріп, олардың жауапкершілігін ғана арттырып отырған жоқ. Қоғамға, еліміздің барша азаматтарына мемлекет дамуына белсене атсалысуға, белсене қатысуға мүмкіндік ұсынып отыр. Өйткені, Парламент дегеніңіз – халық. Парламентті халық сайлайды. Парламент арқылы халық өз тілегін, мұң-мұқтажын жеткізеді. Сондықтан бұл іске бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай қоғам болып, ел болып, жұдырықтай жұмыла атсалысайық. Елбасының Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзі де бәріміздің көңілімізден шықты.
Амантай Саметов,
Облыс әкімінің Тарбағатай ауданы бойынша қоғамдық кеңесшісі:
– Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жайындағы бүкілхалықтық талқылауға саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ел азаматтары белсене атсалысып, тұщымды пікірлер ортаға салынды. Ауыл ақсақалы ретінде мен де өз ұсынысымды білдірдім. Қос палатаның басқосуы еліміз үшін тарихи маңызы зор оқиға болды.
Бәрімізге белгілі болып отырғандай, Ата Заңымызға өзгертулер, түзетулер енгізу жөнінде халықтан алты мыңнан астам ұсыныстар түскен. Жұрттың көпшілігі Конституцияның 26-ші бабын өзгеріссіз қалдыруды сұраған. Мұны Елбасы да қолдап, халықтың өрекпіп жүрген көңілін орнына түсірді. Аса қуаныштымыз.
Билік тармақтарын бөлу туралы орынды ұсыныстар да мақұлданды. Мұндай үрдіс өркениетті елдердің көбінде бар. Ендігі жерде заң шығару саласы парламенттің, экономика үкіметтің құзырында болмақ. Бұл еліміздің болашағы үшін жасалған үлкен қадам деп білемін. Қос палатаның бірлескен отырысында қабылданған құжаттар болашақ ұрпақ үшін жасалған тарихи шешім болып қалмақ.
Тарбиз Фараджев,
«Быструха Астана» ЖШС жетекшісі:
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Парламенттің қос палатасының біріккен отырысында Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылатын саяси реформалардың басты факторлары мен аспектілерін атап өтті.
Президенттің конституциялық реформалар жобасын халықтың талқылауына бір ай бойы салғанын, халықтан түскен 6 мыңдай ұсыныс-тілектерді ескере келіп, қоғамда көп пікір тудырған 26-шы бапты бұрынғы редакцияда қалдыруды жөн деп шешкенін өз басым дұрыс деп санаймын. Заң жобасының жалпыұлттық талқылаудан өткенін ескерсек, мұны Қазақстан халқының ортақ ұстанымы деп қабылдауға болады. Ал заманның өзі біздің басты құжатымызға өзгерістер енгізу қажеттілігін тудырып отыр.
Бұл жолы да Қазақстан халқы, Елбасының жүргізіп келе жатқан саясатының дұрыстығын тағы бір мәрте дәлелдеп, қолдау білдірді. Өз ұсыныстары арқылы мемлекеттік биліктің жаңғыруын қолдады. Парламент пен Үкіметтің өкілеттіктерін кеңейту ел экономикасының үшінші жаңғыруының мақсаттарына тиімдірек қол жеткізуге септігін тигізетінін, оның негізгі басымдықтарын Елбасы жиында атап, көрсетіп берді. Сондықтан бұл өзгерістер заман талабына сай уақытында жасалып отыр деп санаймын.