
Қазақстан кубогы «Торпедоға» бұйырмады. Жарыстың шешуші ойынында өскемендік ұжым Қарағандының «Сарыарқасына» жол беруге мәжбүр болды.
Ремонт компьютеров Караганда eco-service.kz
Айта кетейік, аталмыш матчтағы есепті жерлестеріміз ашты. Бірінші кезеңнің 15-ші минутында Стас Петросянның пасын голға айналдырған қорғаушы Дмитрий Стулов болды. Бір өкініштісі, бұл ойында өскемендік хоккейшілер тым көп ереже бұзып, қайта-қайта айдыннан қуылды. Сондай сәттің бірін ұтымды пайдаланған қарағандылықтар кездесудің 38-ші минутында таразы басын теңестіріп кетті. Ал үшінші жиырмаминуттықта қарсыластар бір-бірінің қақпасына оқтын-оқтын шабуыл ұйымдастырғанымен, таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Ал қарағандылықтарға жеңіс пен Қазақстан кубогын сыйлаған шайба негізгі уақыттан кейінгі овертаймда соғылды. Нәтижелі соққы шабуылшы Сергей Голоднюктің еншісі жазылды. Қорытынды есеп 1:2, «Сарыарқаның» пайдасына.
«Торпедо» болса, былтыр жерлестері, «Алтай Торпедо» хоккейшілері жеткен жетістікті қайталай алмады. Естеріңізге салайық, 2020 жылғы ел кубогы үшін жарыста «Алтай Торпедо» командасы жеңіске жеткен болатын.
Осы ретте, Досжан Есіркенов жаттықтыратын ұжым биылғы додаға да қатысқанын айтқан жөн. Алайда, бұл жолы Өскеменнің екінші командасы ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады. Жерлестеріміз үздіктер қатарына кірмек түгелі, топтық кезеңнен өте алмай қалды. Өз тобында үш кездесу өткізген «Алтай Торпедо» хоккейшілері оның бірінде жеңіске жетсе, қалған екеуінде қарсыластарынан ірі есеппен жеңіліп қалды. Сөйтті де, биылғы ел кубогы үшін жарысты ерте аяқтады.
Тағы бір айта кетер жайт, биылғы жарыстың қорытындысы бойынша «Үздік қорғаушы» атағына «торпедолық» Дмитрий Стулов ие болды.
Нұржан Кенжеұлы