Қоғам

Ел кубогы биыл да Өскеменде қалады

Ел кубогы биыл да Өскеменде қалады


«Алтайдың» арулары қатарынан екінші рет ел кубогының иегерлері атанды. Облыс орталығын апта бойы дүбірге бөлеген волейболдан қыздар командалары арасындағы Қазақстан кубогы үшін жарыста жерлестерімізге тең келер ешкім болмады. Жеңімпаздарды алғашқы болып облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтады.

Өскемендегі Жекпе-жек сарайында өткен финалдық ойынды трибунаға лық толған қалың жанкүйермен бірге аймақ басшысы да тамашалап отырғаннан кейін, жергілікті команда аянып қалмады, жеңіс үшін барын салып ойнады. Десек те, біздің қыздардың бұл жолғы қарсыластары талдықорғандық «Жетісу» волейболшылары да осал еместігін дәлелдеді. Төрт партияға созылған кездесу 3:1 есебімен алтайлықтардың пайдасына аяқталды.

Кездесуді ширақ бастаған жерлестеріміз алғашқы екі партияда сенімді жеңіске жетті. Есеп 25:19, 25:17. Алайда үшінші кезеңде талдықорғандық қыздар да қара жаяу еместігін байқатып, партияны өз пайдаларына аяқтай білді. 23:25. Қанаттанған «Жетісу» арулары төртінші кезеңді де қарқынды бастап, есепте едәуір ұзап кеткен-ді. Дәл осы кезде Жекпе-жек сарайының трибуналарына жиналған жанкүйерлер алаңдай бастағаны рас. Себебі «Алтай» қарсыластарының есептегі басымдығы жеті ұпайға дейін жеткен еді. Абырой болғанда, өскемендік волейболшылар кезекті рет жігер танытты, өздері үшін аса сәтсіз басталған партиядағы есепті теңестіріп қана қоймай, жеңісті жұлып әкетті. Әсіресе команда капитаны Сана Анарқұлова мен клубқа жаңадан келіп қосылған әзірбайжандық легионер Наталья Маммадованың еңбектерін атап өткен орынды. Сын сағатта салқынқандылық сақтап, абдырап қалған командаластарын алға сүйреген «Алтайдың» қос мықтысы алаң иелеріне ұмытылмас жеңіс сыйлады. Есеп – 25:22.

Осылайша, «Алтайдың» бұрымдылары былтырғы жетістігін қайталай алды. Естеріңізде болса, 2017 жылдың қараша айында Өскеменде өткен доданың финалында жерлестеріміз 3:0 есебімен Павлодардың «Ертіс-Қазхромын» талқандаған болатын.

Осы ретте, павлодарлық ұжым биыл да жүлдегерлер қатарынан табылғанын айта кеткен жөн. Керекуліктер қола жүлде үшін болған матчта тағы бір шығысқазақстандық ұжым – «Алтай-2» командасын 3:0 (партиялардағы нәтиже 25:21, 26:24, 25:15) есебімен тізе бүктірді.

Жарыс соңындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне қатысқан облыс әкімі Даниал Ахметов биылғы бәсеке жанкүйерлердің көңілінен шыққанын атап өтіп, ел кубогын жеңіп алған алтайлықтарды жарқын жеңісімен құттықтады.

– Бұл тек ойыншылардың емес, бүкіл облыс жұртшылығының жеңісі деп білемін. Болашақта «Алтай» командасы бұдан да биік белестерді бағындырады деп сенеміз. Біз ол үшін спортшыларға барлық жағдайды жасайтын боламыз. «Алтайдың» қыздарын, бапкерлер мен команданың барлық қызметкерін бүгінгі жеңістерімен құттықтаймын. Біз сіздерді мақтан тұтамыз, – деп жылы лебізін білдірді облыс әкімі жарыстың салтанатты жабылуында.

Өз кезегінде «Алтайдың» бас бапкері Юрий Панченко мырза бұл жеңіс айлап жүргізген тынымсыз жаттығулардың жемісі екенін айтты.

Тағы бір айта кетер жайт, жарыстың қорытындысы бойынша «Алтай» сапында команда капитаны Сана Анарқұлова «Үздік ойыншы» аталымына лайық деп танылған-ды.

Естеріңізге салайық, бір аптаға созылған биылғы додаға өскемендік екі ұжымнан бөлек, Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Петропавл мен Талдықорғаннан келген барлығы сегіз команда қатысқан болатын. Ал жаңа маусымды жеңіспен бастаған жерлестеріміз енді алдағы Ұлттық лига ойындары мен желтоқсан айында Қытайда өтетін клубтық Әлем біріншілігіне дайындықтарын пысықтамақ.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button