Қоғам

Ел қауіпсіздігінің ертеңі

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті арнайы қызметте жұмыс істеуді армандайтын жастар үшін ашық есік күнін өткізді.

Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу және олардың бойында қазақстандық қоғамның негізгі құндылықтарын қалыптастыруды мақсат еткен шараға облыс орталығы мен жақын аудандардағы мектеп оқушылары және жоғары оқу орындарының студенттері шақырылды. Алдымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті орналасқан ғимараттың мәжіліс залында жастарға арнайы қызмет туралы жан-жақты ақпарат беріліп, бұл салаға қалай жұмысқа келуге болатыны айтылды.

– Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне ашық есік күнін ұйымдастырды. Жалпы, мұнда жиналғандардың көпшілігі негізінен болашақта өз өмірін Ұлттық қауіпсіздік қызметімен байланыстыруға ниетті жастар. Кездесу барысында оларды мазалаған сұрақтарға жауап бердік. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы туралы жалпы мәлімет бердік. Алдағы уақытта бұл жастар осы салаға келіп, еліне қызмет етеді деп сенеміз, – деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкері Дулат Сахариев.

Ашық есік күнінің бүгін ғана емес, тұрақты жүргізіліп келе жатқан шара екенін алға тартқан ол жастар тарапынан қауіпсіздік қызметіне деген қызығушылық күн санап артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар аталған шара барысында еліміздің арнайы қызметі қолданатын құрылғылар мен қару-жарақтар да жиналғандар назарына ұсынылып, жастар оларды қолдарына ұстап, көруге мүмкіндік алды.

– Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ашық есік күні барысында бізге осы салаға қалай жұмысқа келуге болатыны, ол үшін қажет білім деңгейі туралы айтылды. Өз басым оқуымды тәмамдаған соң мамандығым бойынша осы жерге жұмысқа кірсем деп ойлаймын. Қазіргі уақытта жоғары оқу орнында клиникалық психология мамандығы бойынша білім алып жатырмын, – дейді Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 3-ші курс студенті Анель Мұратбекова.

Тарихы терең саланың өткенінен сыр шертетін арнайы қызмет мұражайын аралап, әр кезеңдерден мағлұмат алған жастар Ұлттық қауіпсіздік органдарына деген қызығушылықтың арта түскенін жасырмады.

– Мектеп ұжымымен келіп, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің жұмысымен таныстым. Арнайы қызметтің жұмысын көзбен көріп, қолданатын техникалары мен қару-жарақтарын ұстап көру мен үшін ерекше сезім болды. Болашақта жоғары әскери академияны тәмамдап, басқарушы офицер мамандығын алып шыққым келеді, – дейді  Райымжан Мәрсеков атындағы орта мектептің жоғарғы сынып оқушысы Равиль Байғазин.

Елуге тарта жас шақырылған шара соңында қатысушыларға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Осы айдарда

Back to top button